Ауыл шаруашылығы

Жаңа трактор арманға айналып барады

Ауыл шаруашылығының алға басуына басты кедергілердің бірі техниканың жеткіліксіздігі мен жаңа технологиялардың баяу енгізілуі екендігі белгілі. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын алыстағы аудандардағы шағын шаруа қожалықтары тозған тракторларын әлі жамап-жасқап қана пайдаланып жүр. Шаруашылықтарын дамыту үшін аяққа тұсау, қолға бұғау болып отырған техника тапшылығын олар әлі талай жыл тартатын сияқты.

Жаңа трактор арманға айналып барады

Төрт пайыздық өсіммен берілетін
несие тоқтапты

Ауыл шаруашылығының техникаларын жаңалауда «Казагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке төрт пайыздық өсіммен жеті жылға берілетін техникалардың тиімділігі жоғары болатын. Алайда республикалық бюджеттен берілетін сол қаржы биылдан бастап тек асыл тұқымды мал сатып алуға ғана жұмсалатын болыпты. Ал осы мекеменің облыстық филиалының өз қаржысына берілетін несие қаржының жылдық өсімі сегіз пайыз болып отыр.

– Өткен жылдары ол 10-12 пайызға дейін жеткен, оны біз биыл сегіз пайызға дейін азайтып отырмыз. Бұл аса тиімсіз емес, – дейді осы орайда «Казагроқаржы» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Тимур Сапарғалиев. Ал асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту туралы Елбасының тапсырмасына орай бұрын техникаға бөлінетін қаржы мал сатып алуға жұмсалатын болды.

Алайда «Казагрофинанс» арқылы арзан болмаса да несиелік өсімі төмен қаржыға аздап болсын техника алып жүрген мүмкіндіктері төмен, шамалары аз шаруа қожалықтары енді ол қаржының тек мал сатып алуға ғана берілетінін білген соң тракторларын жаңалаудан үміттерін мүлде үзіп отыр.

– Асыл тұқымды мал сатып алған да жөн шығар, алайда оның жемшөбін дайындауға қолыңда техника болмаса не пайда? Ертең ол малды шаруалар қалай өсіреді, – дейді осы орайда Зайсан аудандық әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Сабыр Әндірбаев.

Ал шаруа қожалықтарына төрт пайыздық несие тиімді болатын. Соны пайдаланып, өткен жылы шаруашылықтар екі трактор алып еді. Оны көрген басқа жеті шаруашылық та биыл тапсырыс бергенімен, өсім сегіз пайыз болған соң төртеуі одан бас тартып отыр. Себебі, ол тым қымбатқа түспек.

Төрт пайыздық өсіммен берілетін несие тоқтаған соң «Казагроқаржыдан» техника алуға түскен тапсырыстар биыл біршама азайып отыр деуге болады. Мәселен, Зырян ауданының шаруашылықтары өткен жылы осы мекеме арқылы 39 техника алса, биыл осы уақытқа дейін 10, Бородулиха былтырғы 26-ның орнына 10, Көкпекті 48-дің орнына 11 техникаға тапсырыс беріпті. Басқа аудандардағы жағдай да осыған ұқсас. Ал Аягөз, Абай, Бесқарағай, Күршім, Тарбағатай аудандары бірде-бір трактор алмайтын сияқты. Әлі жыл ортасы дегенімізбен, осы қарқынға қарағанда «Казагроқаржыдан» техника алуға тілек білдірушілердің белсенділігі былтырғыдай бола қоймайтынын осыдан-ақ көруге болатындай.

Жалпы алғанда өткен жылы облыс шаруашылықтары «Казагроқаржы» АҚ арқылы әртүрлі 225 техника алса, биыл жыл басынан бері 100-ге жуық, оның ішінде 60 доңғалақты трактор мен екі астық комбайнын алыпты. Ал облысымызға ауыл шаруашылығы техникаларын жеткізумен айналысатын басқа да фирмалар оны тек қолма-қол қаржыға босататынын ескерсек, қолында шытырлаған ақшасы жоқ шағын шаруашылықтар техника тапшылығын тарта бермек.

Бірде-бір техника алмаған
аудандар да бар

Дегенмен, техниканы жаңалау біртіндеп жалғасып жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне қарағанда өткен жылы облыс шаруашылықтары барлығы 3 миллиард 291 миллион теңгеге 700-ге жуық жаңа техникаға қол жеткізіпті. Оның ішінде Бородулиха – 124, Үржар – 126, Көкпекті – 100, Шемонайха ауданы – 88, Зырян – 79, Глубокое ауданының шаруашылықтары 58 техника алған. Оның ішінде қымбат тұратын шетелдік астық комбайндарынан бастап, тұқым себетін, топырақ қопсытатын, шөп шабатын, жинайтын жабдықтарға дейін бар. Бұл – негізінен егіншілікпен айналысатын, мүмкіндіктері мол, болашақтары одан да зор іргелі шаруашылықтардың алғандары.

Ал аздаған малы, шағын шабындығы ғана бар отбасылық шаруашылықтар мен орташа деңгейдегі қожалықтар болса бірер трактормен ғана шектеліп отыр. Тіпті, талай жылдан бері бір тракторға қолы жетпей жүргендері қаншама? Мәселен, Абай, Аягөз, Тарбағатай, Бесқарағай аудандарының шаруашылықтары өткен жылы бірде-бір трактор алмапты. Ал Жарма ауданы бір, Зайсан, Күршім аудандары үштен, Катонқарағай ауданы бар-жоғы бес тракторға қол жеткізген. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, осы уақытта Зырян ауданының шаруашылықтары 29, Көкпекті – 39, Глубокое – 13, Үржар ауданының шаруашылықтары 54 трактор алған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының деректері осындай. Ал биылғы жылдың болжамдары да көңіл көншітерлік емес. Айталық, маусым айының басына дейін облыстың барлық аудандары дерлік бірде-бір доңғалақты трактор сатып алған жоқ екен. Ауыл шаруашылық өнімдері күзде саудаланып, қаржы сол уақытта болады дегеннің өзінде техниканы жаңалау қарқынының жылдағыдан азайғанын байқауға болады.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button