Жаңа технологиялармен ғана бәсекеге қабілетті боламыз
Кеше «Алтай» технопаркінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен инновация және жаңа технологиялар жөніндегі кеңестің кезекті кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Оның жұмысына республика көлемінде инновациялық жаңа технологиялар бойынша жұмыс істеп жатқан акционерлік қоғамдардың жетекшілері, даму институттарының, өңірдегі жоғары оқу орындарының басшылары, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, ірі өндірістік кәсіпорындардың жетекшілері, шағын және орта бизнес өкілдері, инновациялық жобалардың авторлары қатысты.
Облыс басшысы әуелі технопарктің бірінші қабатында облыстың инновациялық кәсіпорындары ұйымдастырған көрмені аралап көрді. Мәселен, көрмеге Зайсан ауданынан келіп қатысқан «СМУ-Шығыс» ЖШС темір-бетон бұйымдарын шығарумен айналысады. Көрмеге құрылысқа жиі қолданылатын бетон жабындыларды әкелген екен. Ондағы зауыт инновациялық технологиялар бойынша былтырдан бері жұмыс істейді. Қолданылған жаңа технология шығарылатын өнімді төрт есеге дейін арттырып отыр. Жетпістен астам жұмысшы тұрақты жұмыспен қамтылған, мемлекеттен толықтай қолдау көрсетілген. Облыс Әкімі зауыт басшысы Қуатбек Әбжановтан дайын өнімдерге сұраныстың қаншалықты екендігін сұрады. Зауыт бүгінде Зайсанмен қатар, көршілес Күршім, Тарбағатай аудандарының да сұранысын қамтуда.
Мәжілісті ашқан аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өңірдің инновациялық дамуында қолға алынып, атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Біріншіден, облыс бұл бағытта оңды дамудың жолында. Шығыс Қазақстанда 2011 жылы инновациялық өнімдер көлемі 33,6 млрд. теңгені құраған. Аталған көрсеткіш 2010 жылғыдан 2,4 есеге жоғары. Айта кетерлігі, инновациялық дамудың деңгейі облыста жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2004 жылы инновациялық белсенділік деңгейі 2,8 пайызды құраса, 2011 жылдың қорытындысы бойынша 8,1 пайыз болып отыр (республика бойынша 5,7 пайыз). Инновациялық кәсіпорындардың қатары да толыға түсіп, жетпіске жеткен, бұл 2010 жылғыдан он кәсіпорынға артық. Технологиялық инновацияларға жұмсалған қаржы көлемі 32,9 млрд. теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бойынша облыс Батыс Қазақстан облысынан кейінгі екінші орынға тұрақтайды.
Дегенмен 2011 жылы жалпы аймақтық ішкі өнімнің жиынтығында инновациялық өнімнің үлесі 2,2 пайызды ғана құраған. Облыстан барған жобаларды даму институттарының қаржылай қолдауы да көңілден шықпайды.
– «Инновациялық Қазақстан – 2020» форумында сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ инновация мемлекеттің стратегиялық мақсаты ретінде айқындалғанын атады. Біздің облыстағы экономиканың нақты секторындағы техникалық жаңғырту мәселелерін шешуге өңірдің ғылыми-техникалық әлеуеті молынан жетеді. Соны неге тиімді пайдалана білмейміз? Университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары өндірістің нақты сұраныстарын зерделеуі тиіс. Бұл ретте «Алтай» технопаркі ғылым мен бизнестің өзара әрекеттестігінде шешуші рөлді атқаруға бейімделуі қажет. Өндірістік кәсіпорындарда айқындалып отырған мәселелерді шешуге университеттер мен ғылыми ұйымдардың назарын аудара білуі тиіс. Әзірге технопарк инновациялық құрылымнан гөрі, көрмелер өткізетін кешенге көбірек ұқсайды. Бұл мәселені оның құрылтайшыларымен тездетіп шешу керек. Біз жаңа технологияларды енгізу арқылы ғана бәсекеге қабілетті бола аламыз. Сондай-ақ, даму институттары да өңірлерден түсетін жобаларға және жоба бастамашыларына бейжай қарамай, дұрыс көзқараста болғандары, аймақтардан келіп түскен жобалық құжаттарды көп уақыт ұстамауы, ұстаған жағдайда, жарамады деп құр жалтара салмай, нақты негіздемеге сүйенген жауаптарды алға тартқаны абзал, – деді облыс Әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, уақытында кемшілігі көрсетіліп жіберілген жобаларды түзетіп, қайтадан өткізуге үлгеруге болады. Ал өңірден даму институттарына жолданған кейбір жобаларға жарты жыл өткеннен кейін ғана жарамай қалды деген жауаптар келген.
Кеңес барысында «Шығыс Қазақстандағы ғылым мен бизнестің өзара әрекеттестігі: қорытындысы, проблемалары және болашағы» тақырыбында негізгі баяндаманы облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жасады. Баяндамашы негізінен инновациялық технологияларды енгізудегі негізгі проблемаларға кеңінен тоқталды. Соның бірі – ғылыми қызметкерлердің технологиялық кәсіпкерлікте тәжірибелерінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ бизнес-құрылымдар өнеркәсібін ғылыми тұрғыдан дамытуға әлі толықтай ден қоя алмауда. Сонымен бірге бастамаларды жүзеге асыру үшін қаржылай қолдау да жеткіліксіз.
Өткен жылы Шығыс Қазақстаннан Ұлттық инновациялық қорға инновациялық гранттарды алуға 27 тапсырыс бағытталса, соның жетеуі ғана лайықты деп танылып, 118,6 млн. теңге алынған. Технологиялық бизнес-инкубаторлау бағдарламасы бойынша да былтыр ұсынылған 35 тапсырыстың бесеуі ғана мақұлданған. Облыстың үлесі 12,5 пайыз ғана. Биыл екі жоба ұсынылған. Енді олардың аяғынан тұрып кетуі үшін даму институттарының қаржылай қолдаулары қажет. Бұл жерде де баяндамашы жіберілген жобаларға қатысты нақты бір түзетулер мен толықтырулардың әлі күнге дейін болмай отырғандығын атады. Агенттіктен жауап әлі жоқ. Ермек Көшербаев жетекшілері кеңеске қатысып отырған республикалық даму институттарымен облыстың қанша жобасы қабылданып, қаншасы қабылданбай қалғандығы туралы жеке-жеке тоқталып, толыққанды мәлімет беріп өтті.
Мәжілісте сөз алған «Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік» АҚ-ның басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов облыстан жіберілетін инновациялық жобалардың бірінші кезекте экономикалық маңызы жоғары болуы керектігін атады. Екінші кезекте жасалатын жобалардың дұрыс құрылуын алға тартты. Сол жағынан жобалар ақсауда. Мәселен, соның салдарынан 27 жобаның жетеуі ғана лайықты деп танылған. Ал облыстың мұнан да жоғары көрсеткіштерге мүмкіндігі мол. Технологиялық бизнес-инкубаторлау бағдарламасы бойынша биыл республикада 152 жоба тапсырылса, соның екеуі ғана облысқа тән. Бұл жағынан нақты шаруалар атқару қажет.
Өзінің баяндамасында Айдын Жеңісұлы жобалардың көпшілігі нақты мамандардың болмауынан, технологиялық біліктіліктің кемшін соғып жататындығынан жобалардың қабылданбай қалатындығын атап, осыған орай агенттік тарапынан қандай да бір көмектер көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді. Тіпті, арнайы мамандармен өңірге келіп, кеңес беру жиындарын өткізуге болатындығын ескертті. Бір айта кетерлігі, биыл жобалар белгілі бір мерзімдік шектеусіз жыл бойы қабылданбақ.
Мәжіліс барысында «Парасат» ұлттық ғылыми-техникалық холдингі» АҚ-ның басқарма бастығының орынбасары Әбдікәрім Зейнуллин, «Ғылым қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуатжан Уәлиев, «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ-ның тау-кен металлургия кешенін дамыту орталығының бас сарапшысы Тілеуберген Ғабдулин өздерінің баяндамаларында Шығыстан қабылданған бағдарламаларға тоқталып, облыс пен даму институттарының арасындағы байланыстарға тоқталды.
Өз кезегінде аймақ басшысы жиынға қатысып отырған ірі кәсіпорындардың жетекшілеріне, жоғары оқу орнының басшыларына дайын жобаларды қаржыландыруға даяр тұрған осындай институттармен тығыз жұмыс істеу керектігін тапсырды. Ал даму институттарының жетекшілеріне облыспен үнемі жұмыс істейтін өкілдерін тұрақты түрде Өскемен қаласындағы технопарктің базасына жіберу жайын қарастыруды ұсынды.
Сонымен бірге облыстағы инновация және жаңа технологиялар бойынша өтіп жатқан кеңестің жұмысына арнайы қатысқан Оңтүстік Кореядағы Джионсанг Ұлттық университетінің президенті, профессор, РһD докторы Сунн-Ки Квон инновациялық технологияларды өндіріске ендіру үшін дарынды жастардан білікті мамандар даярлап алу керектігін алға тартты. Ондай бастамалар болып жатса, көмектесуге әзір екендіктерін айтты. Облыс Әкімі оған ризашылығын білдіріп, ұсынысының қабылданатынын жеткізді.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ректоры Нұрлан Темірбеков инновациялық технологияларды енгізудегі білім ордасының рөліне тоқталып, «Алтай» технопаркінің материалдық базасының нығаюына, ондағы қолға алынған жобалардың іске асырылуына үнемі қолдау білдіріп отырған облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге алдағы уақытта технопарк базалық қаржыландырылу мүмкіндігіне ие болса деген өтінішін де жеткізді.
– Бізде қағаз жүзінде бәрі жақсы, слайдтардан қарағанда жобаларымыз қатып тұрады. Алайда соны соңына дейін жеткізе алмай қаламыз. Бәрі де сол күйінде қалып қояды. Осыны ретке келтіру керек. Өндірістік ірі кәсіпорындар жаңа инновациялық технологияларды енгізбесе, сол жолда белгілі бір мөлшерде қаржыларын шығындамаса, бәсекеге қабілетті бола алмайтындықтарын түсінетін кез жетті. Облыста инновациялық дамудың нәтижесін көру үшін ғалымдар, бастамашылар, кәсіпкерлер мен өндірісшілер бірлесіп жұмыс істеу керек. Ғылым мен жаңа технологиялар өнеркәсіптің өркендеуіне қызмет етуі керек. Сонда ғана нақты нәтижені көре алатын боламыз, – деді кеңестің жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.