Қоғам

Жаңа технологиялар шаһар шаруашылығында пайдаланылады

Жаңа технологиялар шаһар шаруашылығында пайдаланылады


Облыс әкімі Даниал Ахметов «Microsoft Кazakhstan» ЖШС-нің өкілдерімен кездесті. Онда алдағы уақытта енгізілетін «smart city» жобасында пайдаланылатын инновациялық технологиялардың мүмкіндігі жайында кеңінен сөз болды.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасарлары Ринат Омаров пен Әсем Нүсіпова, сондай-ақ, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Улакова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қаербекова аталмыш салаларда жаңа технологияларды пайдаланудың өзекті мәселелерін қозғап, оны шешудің жолдарын қарастырды.

Айта кетейік, соңғы жылдары облыста халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында әртүрлі компаниялармен жұмыстар жүргізілуде. Егер озық технологияға арқа сүйейтін «smart city» жобасы іске қосылса, қала өмірін бақылауда ұстауға мүмкіндік туады. Тіпті, қала көшелеріндегі кептелістер де азайып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек көрінеді.

Қазір өңірдегі денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тәртіп сақтау, көлік қатынасы сияқты басқа да салаларға ақпараттық технологияларды енгізу жүйесі қарастырылуда. Ерекше атап айтарлығы, бұл жоба барлық саланың басын біріктіретін болады. Бүгінде жоғары технологиялар үлкен шаһарлардағы өмірді тұрғындар үшін барынша қолайлы етуге мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеге қарағанда, соңғы технологиялар коммуналдық инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және басқа да қажетті шараларды ойдағыдай атқаруға қомақты үлес қосуда.

Microsoft компаниясының ТМД елдеріндегі мемлекеттік сектормен жұмыс бөлімінің басшысы Рүстем Исенов әріптестері Эдуард Турдалиев пен Дархан Қашқынбаевты таныстырды. Бұдан соң аталмыш компания ұсынып отырған жоба жайында кеңінен әңгіме өрбітті. Өз кезегінде облыс әкімі Даниал Ахметов «Microsoft» компаниясы жобасының тиімді тұстарын сұрастыра келе, олар ұсынып отырған «smart city» жобасының кейбір элементтері бізде қолданыста бар екенін жеткізді.

– Бұл жобаға қызығушылық танытып отырған қала әкімі мен облыстық басқармалардың басшыларымен бірлесіп, мәселені жан-жақты пысықтаңыздар. Сіздер ұсынып отырған жобаны әр саланың мамандарымен жеке кездесіп, талқылаудан өткізу керек, – деді Даниал Ахметов.

Іскерлік кездесудің қорытындысы бойынша қос тарап жобаны одан әрі пысықтап, тиісті шешімдер шығаратын болады.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button