Экономика

Жаңа технология өндірісті жаңғыртуға жол ашады

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы Бейбіт Атамқұлов кеше облысымызға жұмыс сапарымен келді. Елбасы Жолдауының мәні мен маңызын жұртқа тереңірек таныстыруды және облыс орталығындағы ірі өндіріс орындарының жай-күйін бағамдауды мақсат тұтқан жауапты хатшы Өскемендегі бірнеше нысандарды аралап көрді.

Жаңа технология өндірісті жаңғыртуға жол ашадыАлдымен облысымыздағы ірі өндіріс ошақтарының бірі болып саналатын «Қазцинкке» ат басын бұрған Бейбіт Атамқұлов зауыттың өндірістік басқару орталығында болып, ол жердегі заманауи үлгідегі орталықтандырылған автоматты басқару жүйелерінің жұмысымен танысты. Соңғы жылдары бұл кәсіпорын әлемнің озық технологияларын қолданысқа енгізіп, экономикалық және экологиялық бағытта үлкен жетістіктерге жетуде. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы осыны тілге тиек етті. Оның айтуынша, кеңестік кезеңде металл өндіру саласында Қазақстан мектебі үздіктер қатарында болатын. Сол қалыптасқан мектепті жаңа ғасырдың ноу-хау технологияларымен ұштастыра білген зауыт инженерлерінің алар биіктері әлі алда.

– Мен өзімнің еңбек жолымды дәл осындай балқыту цехының қарапайым жұмысшысынан бастағанмын, сондықтан маған сіздердің көрсетіп жатқан дүниелеріңіз таңсық емес. Металлургия саласының ыстығына күйіп, суығына тоңған адаммын. Қазір компьютер түймелерін басып басқарып отырған пештердің температурасы ол кезде журналдарға тіркеліп, қолмен жасалатын, бүгінгі технологиялар мүлдем басқа, біз оны игеріп қана қоймай, түрлендіріп дамытуымыз керек, – деді Бейбіт Атамқұлов.

Бір күнде 10 мыңға жуық жұмысшы бір кісідей жұмыла еңбек етіп жатқан зауыттың жұмыс нәтижелерімен танысқан жауапты хатшы кәсіпорынның өндіріс көлеміне таңданыс білдірді. Жылына 300 мың тоннадан астам қорғасын, мырыш өнімдерін шығаратын алпауыт зауыттың ел экономикасына қосар үлесі зор. Зауыт менеджменті бүгінде айза пештерін қолдана отырып, қоршаған орта тазалығына мән беріп келеді. Жаңа мыс зауыты мен висмут өндірісі кәсіпорынның жаңа көкжиектерді бағындырып жатқандығынан хабар береді. Осының бәрін негізге алған министрлік өкілі «Қазцинк» АҚ қызметкерлерінің жұмысына ризашылығын білдірді.

Бұдан соң Бейбіт Атамқұлов Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмаларын жүзеге асыру және қойылған жаңа міндеттерді бірге талқылап, оларды мезгілінде орындау жөнінде әңгімелеп өтті.

– Биылғы Жолдауда Елбасы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға үлкен көңіл бөліп отыр. Соның ішінде индустрияландыру саласы саясатпен тығыз байланыста болатынына тоқталып өтті. Елбасымыз өз Жолдауында халыққа қажет негізгі бағыттарды іске асыруды айтты, оның ішінде қазақстандықтарды жұмыспен қамту, баспана мәселесі, аймақтарды дамыту, техникалық инженерлік бағыттағы білікті мамандар даярлау, еліміздегі адам капиталының өсімі, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар, – деді Бейбіт Бәкірұлы.

Президент Жолдауының индустриялдық даму тұстарына тоқталған жауапты хатшы елімізде қолға алынып жатқан үдемелі индустриялдық-инновациялық бағдарламалардың негізгі аспектілерін баяндады. Бұл бағдарламалар елімізде биыл үшінші жыл жалғасын тауып келеді. Қазақстандағы шикізат емес, дайын өнімдер 2025 жылы екі есеге, 2040 жылға қарай үш есеге өсуі керек. Қазақ елінен шыққан өнім әлемдегі ең озық технологиялық стандарттарға сай келіп, біз өндірген тауарлар әлемдік бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Осыған байланысты елдегі кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары үлкен жолға қойылған. Аталған бағдарламалар аясында елімізде соңғы 3 жылда жаңа 500 өндіріс орындары іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылып отыр.

Бейбіт Атамқұлов «Азия Авто» АҚ кәсіпорнына да ат басын бұрды. Бұл кәсіпорынның соңғы жылдары өндіріс көлемі ұлғайып, зауыт құрастырған көліктерге сұраныс артып келеді. Осы желтоқсан айында 2200 жеңіл автокөлік шығаруды жоспарлап отырған мекеме соңғы айларда тәулігіне 100-ден артық автокөлік құрастыруды қолға алған. Былтыр осы мекемеден жеті мың көлік сатып алынса, биыл 16 мың темір тұлпар өз иесін тапқан. Зауыт келесі жылы 35 мың көлік құрастыруды жоспарлап отыр.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы кәсіпорынның өндіріс көлемін сұрап білген соң, конвейерлерде құрастырылып жатқан әртүрлі маркалы көліктердің жұмыс үдерісімен танысты. «Лада» автокөліктерінің 95 пайыз бөлшектері Ресейден, ал «КIA» маркалы көліктердің бөлшектері 100 пайыз Оңтүстік Кореядан жеткізіледі. Зауыт тек құрастырушы ғана. Зауыттың инженер-технологы Сергей Сикериннің айтуынша, алдағы жылдары осы ғимараттың ішінде көлікті сырлау, дәнекерлеу сияқты бөлімдер біртіндеп іске қосыла бастайды. Одан ары бұрандалар мен көліктің айна, шыны және тағы басқа керек-жарақтары өзімізде жасалуы мүмкін.

Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде зауыт жұмысына зор табыстар тілеп, келешекте көлікті тек құрастырып қана қоймай, бөлшектерді өз елімізде шығару мәселелеріне ден қою керектігін айтты. Ол үшін жаңа технологияларды меңгеріп, осы саладағы білім мен біліктілікті барынша арттыру қажет.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button