Жаңа технология кәсіпорынды қайта түлетті
Семейде «Семей Инжиниринг» АҚ зауытын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Аталмыш кәсіпорын бронетанк техникасын толықтай күрделі жөндеуден өткізумен айналысады. Бұдан өзге басты жаңалық, зауыт толықтай жаңартылған соң бронетанк техникасының жаңа түрлерін де шығармақ. Яғни, жаңа жұмыс орындары ашылып, бәсекелестіктің артуына ықпал етеді.
«Семей инжиниринг» АҚ-ның бас директоры Бақытжан Сейітовтың айтуынша, 2011 жылдың басында кәсіпорын тоқыраудың аз-ақ алдында тұрған. Негізгі өндіріс цехында 45 жұмысшы ғана істеген, ал зауыттың қуаттылығы мың жұмысшыға негізделген болатын. Сол 45 адамның өзі ақысыз демалыста жатқан. Болашаққа сенім беретін келісімшарттар жоқ, бронетанк техникасын жөндейтін бөлшектер мен техникалар да жетіспеді. 30-40 мың теңге көлемінде ғана болатын жұмысшылардың жалақысы 5-6 ай бойы берілмей, бюджет алдында қарыз көбейіп, салық та төленбей қалғаны рас. Ал бұндай кездерде банктерден алынған несиені уақтылы төлеудің қиындығын айтпаса да түсінікті. Кәсіпорынның жұмысына наразылығын білдіргендер сотқа да беріп, заңды тұлғалар мен мекемелердің арызы көбейіп кеткен кез еді. Ал зауыттың өндірістік орындары, ғимараты тозып, пайдалануға мүлде мүмкін болмады. Осылайша ірі кәсіпорынның тарап кетуіне жол бермеу жағы ойластырылды.
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен қорғаныс өндірісі кәсіпорнын дамыту мақсатында Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбековтің жағдайды бірден түсініп, қолдау көрсетуіне орай қиын күндер біртіндеп артта қала бастады. Айта кету керек, зауыт тоқырап тұрған сол 2010 жылы елордада халықаралық «KADEX – 2010» қару-жарақ көрмесi өттi. Халықаралық көрмеге қатысуға ниет бiлдiргендердiң саны 200-ге жеттi. Астанаға 19 мемлекеттiң 50 компаниясы өздерiнiң қару-жарақ және әскери техника, IT-технологиялар, байланыс, құрылыс және инфрақұрылым саласындағы соңғы үлгiдегi өнiмдерiн, азаматтық және әскери медициналық мүлiктерiн әкеліп көрсеткен.
Көрмеге мемлекеттiк маңыз берiлдi. Оған Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Түркия Президентi Абулла Гүл, Қытай Қорғаныс министрi Лян Гуанле сияқты беделді басшылар қатысты. Шыны керек, осы көрмеде «Қазақстан инжиниринг» компаниясына қарасты кәсiпорындар өз өнiмдерiн кеңiнен таныстырды. Осы көрме-жиында Қарулы Күштерге өнiм шығаратын кәсiпорындарда көнерген, ескi үлгiдегi технология деген атымен болмауы қажеттігі айқындалып, қорғаныс техникасын жөндеп, жетiлдiрумен айналысатын қуатты зауыт Семейде тұрғанда, шетелден сатып алу орынсыз деген ойлар да ортаға салынады. Зеңбiрек бөлшектерiнiң тоқсан пайызын Алматыда, Петропавлда, Орал мен Семейдегi зауыттарда өздері жасап шығаратын кәсіпорындарды қолдау өмір талабы еді.
Сөйтіп, 2011 жылы кәсіпорынды жаңғыртудың басты қадамы басталды. «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорын «Семей инжиниринг» АҚ-ға 365 млн. теңге бөліп, бұл қаражат жөндеу жұмыстары мен инженерлік инфрақұрылымды реттеуге беріледі. Нәтижесінде су құбырлары, жылу қазандығы, кран шаруашылығы, теміржол қатынастары толықтай жөнделеді. «Т-72» деп аталатын танк түрін толықтай жөндеп беретін жаңа технологияны да сатып алуға мүмкіндік туған.
Жұмысшыларға да біршама жақсы жағдайлар жасалды. Олар жұмыс істейтін өндіріс орындарындағы шатыр төбесі жөнделіп, санитарлық тазалық қалыпқа келді. Асхана іске қосылып, жылу толық берілетін болды. Жұмысшылар, мемлекеттік бюджет, түрлі ұйымдар алдындағы қарыздар қайтарылады. Сөйтіп бронетанк техникасын жөндеуге мемлекеттік тапсырыс алып, кәсіпорынның екінші тынысы ашылды десек те артық болмас. Жұмыс көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 10 есе өсуі көңілге қуаныш ұялатты. 2012 жылы мемлекеттік тапсырыс 2011 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. Ал жаңғырту бағдарламасының екінші сатысында «Самұрық-Қазына» «Қазақстан инжиниринг» арқылы «Семей инжинирингке» 2 миллиард 800 миллион теңге көлемінде инвестиция құйды. Инвестиция негізгі өндірістің 20 нысанын қайтадан жөндеуден өткізуге жіберіледі. Сондай-ақ, қолда бар өндіріс алаңдарын қайта жөндеу мен қазіргі заманғы жабдықтарды орната отырып өндірісті жаңғырту жұмысы жалғаса бермек.
Бұл шаралар соңғы екі жылдың өзінде-ақ, импорттық жинақтама бұйымдарына деген тәуелділікті 50 пайызға дейін төмендетуге, зауыттан шығатын өнімдердің құнын айтарлықтай арзандатуға әрі қазақстандық үлесті қазіргі кезде 80 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді. «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ президенті Болат Смағұлов осы жаңғыртулар арқылы 200-ден астам жоғарғы білікті мамандарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғандығын айтуда. «Семей инжиниринг» АҚ – Орталық Азия өңірінде бронетанктік техникаларды жөндеу жөніндегі бірден-бір жалғыз кәсіпорын. Олар атқаратын жұмыстар мен қызмет көрсетулердің негізгі тұтынушылары Қазақстанның күш құрылымдары екендігін айта кету қажет» дейді Болат Смағұлов.
Сондай-ақ, алдағы уақытта бронетехниканың ауыр түрін жөндейтін жаңа цех ашылмақ. Осының бәрі еліміздің қорғаныс саласында маңызды рөл атқаратын болады. Жоспар бойынша өз бетімен қозғалатын артиллериялық құрылғыларды толық жөндеуді қолға алу да алға мақсат етіп қойылған. Жақын аралықта жалпы машина құрылғысына қатысты құралдар мен станоктар жиынтығы да әкелінетін болды.
Зауыт ұжымы бүгінде талап биігінен көрінуге барлық қажыр-қайраттарын салуда. Қорғаныс министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ың қолдауының нәтижесінде осыдан екі жыл бұрынғы қаржылық проблемалардың ауылы алыстады. Кәсіпорын алдағы уақытта Украина мен Ресейдің өндіруші-зауыттарымен қосалқы бөлшектерді, жинақтамаларды және жабдықтарды жеткізу бойынша жаңа келісімшарттар жасауда.