Қоғам

Жаңа саяси доктрина соны міндеттер жүктеп отыр

Жаңа саяси доктрина соны міндеттер жүктеп отыр
Өскеменде «Нұр Отан» халықтық – демократиялық партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХІV партиялық конференциясы болып өтті. Келелі жиында «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру аясындағы тың міндеттері мен «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» жаңа саяси доктринасы талқыға салынды. Сонымен қатар, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХV съезіне баратын делегаттардың тізімі бекітілді.

Шығыс жұрты алдыңғы шептен көрінеді

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» атты жаңа саяси доктрина бекітілетін алдағы ХV партия съезінің қарсаңында өткізіліп отырған бұл конференцияның мән-маңызын ерекше атап өтті.

– Бұл доктрина облыстың аудандары мен қалаларында жан-жақты талқыланып, біздің өңірден партияның Орталық комитетіне қадау-қадау ұсыныстар жөнелтілді. Партияның алға қойып отырған мақсат-міндеттерін іске асыру барысында Шығыс жұртшылығы алдыңғы шептен көрінеді деп сенемін. Бұған біздің барлық қажетті әлеуетіміз жеткілікті, – деді аймақ басшысы.

Шығыс Қазақстандағы нұротандықтардың саны 70 мыңнан асып жығылады. Облыста 540 бастауыш партия ұйымы және 412 партиялық бақылау бекеті белсенді қызмет атқарып келеді. Партия филиалдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы қалтқысыз орындалуда. Облыстық партия ұйымы құрамының сапасын жақсартуға да жіті көңіл бөлініп отыр. Семей қаласындағы аймақтық саяси менеджмент мектебінде партия мүшелері өз біліктіліктерін арттырады. Осы жылдың сегіз айы ішінде оны 145 адам оқып шықты.

Жалпы, жиында жасаған баяндамасында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Бердібек САПАРБАЕВ партияның негізгі құндылықтары мен басты бағыттары айқандалған жаңа саяси доктринаға кеңінен тоқталып өтті.

Жеті басымдыққа жіті назар аударылды

«Нұр Отан» партиясының басты мұраты – әрбір мақсатшыл, еңбекқор және заңға мойынсұнған азаматтың айтулы табыс таба алатын, өзіне де, қоғамға да пайда келтіре алатын бәсекеге қабілетті, әлеуметтік бағдарлы кемел мемлекетті құруға септесуін және еліміз таңдаған эволюциялық даму жолын қамтамасыз ету.

Осы міндеттердің үдесінен шығу үшін доктринаның негізіне партияның келешекке жасалған жоба-жоспарлары алынған. Партияның жалпыға бірдей табысқа жету жөніндегі қызметі осы бағдарламалық құжаттағы жеті басымдықта көрініс тапқан.

Бердібек САПАРБАЕВ өз сөзінде Бірлік пен келісім, Төл мәдениет пен руханият, Мықты экономика, Әділ әлеуметтік саясат, Зиялы ұлт, Тиімді мемлекеттік басқару, Әлемге ашық Қазақстан сынды доктринаның жеті іргелі бағытын терең зерделеудің маңызын атап өтті.

– Доктринаның алғашқы басым бағыты ретінде бірлік пен келісімнің таңдалып алынғаны кездейсоқ емес. Ішкі саяси тұрақтылықты, бірлікті және қоғамдық келісімді нығайту – партияның негізгі қызметі. Біздің облысымызда ұлтаралық достық пен келісімді күшейтуге жіті көңіл бөлініп келеді. Өздеріңіз білесіздер, Өскеменде өңірді мекендеген әрбір этностың тұрмысы мен мәдениетін көпшілікке паш ететін этноауыл салынды. Осы саладағы Шығыстың жинақтаған тәжірибесін үйрену үшін бізге өзге аймақтардан делегациялар келуде, – деді «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы.
Табысқа жету үшін жаңа қазақстандық патриотизмнің рухани құндылықтарын қалыптастыру аса маңызды. Бұл – доктринаның екінші басымдығы. Осыған орай өңірімізде жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу бойынша ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқаны аталып өтті. Жыл сайын партияның «Киелі мұрамызға – тағзым», «Өз тіліңді құрметте», «Абайды танып біл» сияқты түрлі деңгейдегі жобалары жүзеге асырылады.

Мықты экономика үшінші басымдық ретінде ұсынылып отыр. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа өндіріс орындары ашылып, инновациялық жобалар іске асырылып жатқан қазіргі кезде білікті мамандар мен кәсіби басқарушыларға, сондай-ақ, тың бастамаларға сұраныс арта түсуде.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде партияның барлық аумақтық филиалдарында жыл сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері, жеке мәселелер бойынша қабылдаулар, жұмыс берушілердің жиыны ұйымдастырылып тұрады. «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жүйесін экономикалық өсімді қамтамасыз етудің тиімді бір түрі ретінде қарастыра отырып, оны барынша дамытуды қолдайды. Осыған байланысты Шығыс Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің аймақтық орталығы құрылған. Өңірде шағын және орта бизнес қарқынды өсіп-өркендеп келеді.

Аймақ басшысы келтірген мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда облыстағы еңбекке жарамды тұрғындардың 30 пайызы кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Ал шағын және орта бизнес нысандарының саны 66 мыңнан асады екен.
Әділ әлеуметтік саясатты қамтамасыз ету партия доктринасының төртінші басымдығы болып табылады.
– Біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі – азаматтарды қабылдау және тұрғындармен кездесу. Мәселен, биылғы сегіз айда 3 мыңнан аса арыз-шағым түскен, олардың төрттен үші қазіргі кезде шешіліп отыр. Біз сайлауалды тұғырнаманың бүлдіршіндерді балбақшамен қамту сынды бағытын мерзімінен бұрын орындадық, бүгінгі таңда аталмыш көрсеткіш облыста 96,7 пайызды құрайды. Салынып жатқан мектептер бойынша да Шығыс Қазақстан көшбасшылар қатарында тұр. Соңғы төрт жылдың ішінде мектептердің саны 44-ке ұлғайды. Осы жылы аймақта 34 мектептің құрылысы жүріп жатыр, олардың 31-і апатты мектептердің орнына салынуда, – деді облыс Әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, биыл облыстағы 114 әлеуметтік нысанның құрылысына 34,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұдан халықтың әлеуметтік мүдделерін қорғау бағытында мемлекет нақты іс-әрекеттер жасап отырғанын байқауға болады.

Доктринаның бесінші басымдығы ел экономикасын жаңғыртуға белсенді атсалысатын бәсекеге қабілетті тұлғаны және зиялы ұлтты қалыптастыруды көздейді. Қазақстан «ақылды экономика» құруға ұмтылып отыр, ал ол үшін бізге жоғары технологияларды игеру қажет. Келесі басымдық ретінде тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру ісі таңдалынған. Осы ретте жуырда өткен ауыл әкімдері сайлауының маңызы өте зор, енді олардың құзыры кеңейтіліп отыр. Кадрлық резерв жасақталып, басқарушы «А» корпусы құрылды.

Доктринаның соңғы жетінші басымдығы еліміздің ұлттық мүддесін қорғау, Қазақстанның әлемге деген ашықтығын қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты тереңдету болып табылады. Бұл орайда облысымыз жағрафиялық тұрғыда оңтайлы орналасқан, біз шекаралас аймақ ретінде өзге елдермен өзара тиімді сауда-экономикалық, мәдени қарым-қатынастар орнатып келеміз.

Шығыс Қазақстан Ресей, Беларусь, Қытай, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Израиль секілді елдермен ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.
– Партия қызметінің негізі жаңа доктринада толықтай көрініс тапқан. Енді біз барлық күш-жігерімізді Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жүктеп отырған басымды міндеттерді іске асыруға бағыттауымыз қажет, – деп қорытындылады баяндамасын «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Бердібек САПАРБАЕВ.

Бұл құжат әрбір азаматтың мүддесін көздейді

Партияның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» саяси доктринасын талқылауға қатысқан Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Айгүл Соловьеваның айтуына қарағанда, бағдарламалық құжат партияның центристік ұстанымын анықтап қана қоймайды, сонымен қатар ол «Қазақстан-2050» Стратегиясын толыққанды жүзеге асыруға жағдай жасайды.

– Келешекке бағытталған «Нұр Отанның» жаңа саяси доктринасы еліміздегі әділ әлеуметтік саясатты жетілдіруге соны серпін бермек. Аталмыш құжат «Қазақстан-2050» Стратегиясының саяси іргетасы іспетті, – деп атап өтті депутат.

Жарыссөзге шыққандар жаңа доктрина – еліміздегі әрбір азаматтың мүддесін көздейтін мақсат-міндеттердің жиынтығы деген ортақ бір ұйғарымға келді. Олардың айтқаны Елбасы саясатын жан-жақты қолдап, ұлт тұтастығын сақтау арқылы ғана халықтың әл-ауқатын арттыруға және мемлекетті өркендетуге болады дегенге саяды.
Конференцияда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХV съезіне облыстық партия филиалынан аттанатын делегаттар тізімі, сонымен қатар саяси кеңестің жаңа құрамы бірауыздан бекітілді. Аймақ басшысы облыстық мәслихаттың жаңа депутаттарын сайлануларымен құттықтады.

Жиын соңында аймақтың қоғамдық өміріне қосқан үлестері үшін бір топ азаматқа «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ алғыс хаттары табыс етілді. Аталмыш марапатқа «Айгүл» сауда фирмасының директоры Рысбек Дүйсекеев (Аягөз ауданы), «СМУ-Шығыс» ЖШС директоры Қуатбек Әбжанов (Зайсан ауданы), «Жанель Холдинг» ЖШС-нің құрылтайшысы Айдос Байболатов (Зырян ауданы), аудандық коммуналдық шаруашылықтың директоры Ардақ Зарипов (Үржар ауданы) және «Жарма Құрылыс Газ» ЖШС директоры Виктор Исабаев (Жарма ауданы) ие болды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button