Экономика

Жаңа құрылғы жұмысты жеңілдетті

«Семей машина құрастыру зауыты» АҚ-да қол еңбегін біршама жеңілдетіп, қалыңдығы 320 миллиметрлік қалың металды түрлі пішінде кесіп шығуға негізделген жаңа құрылғы іске қосылды. Бұрындары бұл жұмыс дәнекерлеушілердің қолымен атқарылған.

Жаңа құрылғы жұмысты жеңілдетті– Өндіріс көлемін арттыру үшін бізге осындай жаңғырту жұмыстарын жүргізу аса қажет, – дейді «Семей машина құрастыру зауыты» АҚ директоры Нұрлан Омаров, – осы мақсатқа 600 млн. теңге қаражат бөлдік, 30 млн. теңгеге жаңа құрылғы сатып алынды. Құрылғылар еңбек өнімділігін 20 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Біздің әлі жартылай дәнекерлейтін автоматтар және өзге де станоктар сатып алуымыз қажет. Бұл өндіріс көлемін ұлғайту үшін керек. Осыдан екі жыл бұрын біздің өнім өндіру көлеміміз 200 млн. теңгені құраса, өткен жылы бұл цифрлар екі есеге ұлғайды. Ал биыл көрсеткішіміз 1 млрд. 800 млн. теңгеге жетті. Алдағы бес жыл ішінде біз 10 млрд. теңгені жоспарлап отырмыз. Тапсырыстар да көптеп түсуде.

Машина құрастыру – Семейдегі қарқынды дамып келе жатқан сала. Осыған орай өндіріс орны мен Шәкерім университетінің өзара байланысы маман кадрлар даярлап, отандық өндірісті қолдау үшін аса маңызды. Өнім өндірушілер үшін басты нәрсе – бәсекеге қабілетті болу. Бұл нарық заңдылығы. Техникалық жаңғырту – бүгін өзіміз куә болған өндіріс орнының табысқа жету шарттарының бірі. Бүгінгі күнде зауытта бірқатар жаңа өнімдер шығарылуда. Олардың қатарында «КамАЗ» автокөлігіне қажетті платформалар, көтергіш техникалар, металл қоршаулар және тағы басқалары бар.

Таяу уақытта құрылғыларды жасауға Шәкерім атындағы СМУ студенттері мен оқытушылары да қатыстырылады. Осыған орай кәсіпорын мен университет арасында арнайы меморандумға қол қойылды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button