Қоғам

Жаңа мектептің ашылуын ауыл болып күтіп жүр, ал мердігер мекеменің өгізаяңы өнер емес

Жаңа мектептің ашылуын ауыл болып күтіп жүр,  ал мердігер мекеменің өгізаяңы өнер емес

Кетеуі кеткен құрылыстар

Биылғы 1 қыркүйекте оқушыларға есігін айқара ашуы тиіс болған, алайда ашылмай қалған облысымыздағы мектептердің біреуі Аягөз ауданының Бидайық елді мекенінде орналасқан. Мердігер мекемелердің құрылысты межелі мерзімде тәмамдай алмауы себепті ауыл балалары әлі күнге қабырғасы қақырап тұрған ескі ғимаратта сабақ өтіп, жаңа білім ұясының босағасынан аттайтын күнді сарыла күтумен жүр.
Оқушылар ғана емес, Мұқатай Әбеулов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің отжағушысынан директорына дейінгі бүкіл ұжым, керек десеңіз, осы ауылда түтін түтетіп отырған әрбір шаңырақ жаңа нысанның қолданысқа берілуін тағатсыздана тосуда. Уәделі уақыт ұзаған сайын жұрттың да дегбірі кете бастады. Өйтпегенде ше, күз болса келді. Көп кешікпей қылышын қылшылдатып қыс та жетеді өңірге. Ал былтыр басталған 80 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары болса, бәз-баяғы мимырт қалпынан өзгеретін сиқы жоқ. Бидайықтағы құрылыс барысын көзбен көру үшін шалғайдағы ауылға аттың басын арнайы бұрған едік.
Таңертеңгі сағат 9-дан кете М.Әбеулов атындағы мектептің директоры Ерсін Түсіповпен бірге құрылыс басына келдік. Жұмыс енді ғана басталыпты. Мектеп ауласында КамАЗ, кран, трактор секілді «ауыр артиллерияның» жүргенін көріп, сырттағы шаруаның әлі түгесіле қоймағанын байқадық.
Ең алдымен көзімізге сырттағы терең қазылған шұңқыр шалынды. Бұл қалдық сулар жиналатын қазаншұңқыр екен. Беті әлі жабылмаған, ішінде бетонмен көмкерілмеген арматуралар арбиып шығып тұр. Мектептің айналасы төбе-төбе үйілген құрылыс материалдары. Ғимаратқа кіретін есіктердің қапталмаған темір қаңқасы мен қалқасы бірден көзге шалынды. Анау бір шетте жұмысшылардың бір парасы қоршау тұрғызумен айналысып жүр. Оны аяқтаған соң кіреберістегі шаңы шығып жатқан жерге бетон төсемек. Бұдан бөлек спорт алаңқайын, биологиялық алаңды реттеу де алдағы уақыттың еншісіне қалдырылған.
Құрылыстың жай-жапсарымен толығырақ танысу үшін мердігер мекеменің қызметкерлерін іздедік. Жұмысшылардың бәрі бір ауыздан бас мердігер семейлік «дакар групп» ЖШС екенін айтып, аталған компанияның өкілі һәм құрылыс учаскесінің бастығы Юрий Магайға жөн сілтеді. Бірақ Магай мырза осыған дейін серіктестік иелігіндегі басқа құрылыс нысанында жұмыс істегенін, Бидайыққа келгеніне екі күн ғана болғанын алға тартып, тілдесуден ат тонын ала қашты.
Сосын амалдың жоқтығынан мердігер компанияның қойма меңгерушісі Берік Шанашовты әңгімеге тарттық.
– Жоспарланған шаруаның шамамен 75 пайызын орындап қалдық, – деді ол. – Қазан айының соңына қарай толық бітіріп, қолданысқа беруді көздеп отырмыз. Қазір мұнда 30 адам еңбек етіп жүр. Жұмысшы күші жетіспеген соң ауылдан 15 азаматты қосымша алдық. Негізі бас мердігер «Дакар групп» ЖШС болғанымен, құрылыс жұмыстарын қосалқы мердігер атқаруда. Ал кестедегі уақыттың созылып кетуіне материалдардың дер кезінде жеткізілмеуі, судың болмай қалуы және жұмысшылардың жетіспеуі кері әсерін тигізді.
Қойма меңгерушісінің айтуынша, бұған дейін сылбыр жүргізілген, кейде тіпті тоқтап қалатын құрылыс жұмыстары учаске бастығы Юрий Магай келген екі күннің ішінде аздап қарқын алыпты. Мұны мектептің директоры да растап отыр.
– Жасыратын несі бар, құрылыс алғаш басталғанда басы-қасында Юрий Магайдың өзі болған. Сол кезде тәп-тәуір жүргізілген жұмыс кейін прораб басқа нысанға кеткенде тоқырап қалды. Ертеңгі күні бұл мектеп бізге қалатындықтан орындалатын жұмыстың сапасын ауыл ақсақалдарынан, басқа да белсенді адамдардан құрылған топ бәрін қадағалап отыр. Сапасыз жасалған жерлерді бұздырып, қайта қалпына келтірткен сәттер де болды, – дейді ауыл мектебінің директоры Ерсін Түсіпов.

Қадағалаушы өкілдер қайда?

Жаңа мектептің ашылуын ауыл болып күтіп жүр,  ал мердігер мекеменің өгізаяңы өнер емес

Сапа демекші, ауыл тұрғындарының айтуынша, спортзалының төбесін жапқанда сапасыз материалдар қолданылып, жаңбыр жауғанда жоғарыдан тамшы сорғалапты. Бұл кемшілікті жою үшін төбені қайта жабуға тура келген. Бәлкім осындай әурешіліктің салдары болса керек, мектептің спортзалы әлі толық бітпеген. Төбесі шатырмен жабылмаған, сыртқы қабырғасының жоғарғы жағы металл сайдингпен қапталмаған. Ішкі қабырғаларының әктелгені былай тұрсын, құм-топырақпен сыланбаған да. Едені төселмеген, есігі орнатылмаған. Жалғыз спортзалдың ғана емес, мектеп ішіндегі басқа есіктердің біршамасы өздерінің «құтты орындарына» қондырылмаған. Ұзын дәлізді бойлай айқыш-ұйқыш шырматылған электр желілерін, опырайған босағаларды көрген біз бұл ғимаратты жаңа мектепке ұқсата алмадық. Осылардың бәрін жөнге келтіруге аз уақыт кетпейтінін ескерсек, мердігер айтқан мерзімде мектептің қолданысқа беріле қоюы екіталай деген ойда қаласыз. Ал «қарашаға дейін қатырамыз» деп жанталасқан құрылысшылардың әрекеті сапаның жоғалуына әкеліп тіремесіне кім кепіл?! «Асыққан шайтанның ісі» дейтін қазақ асығыстықтың арты ағаттыққа апаратынын әлімсақтан білген ғой. Оның үстіне ауылдағы ақсақалдардан басқа құрылысты күнделікті қадағалап отыратын техникалық қадағалау, авторлық қадағалау секілді жауапты қызмет өкілдерін біз жұмыс басынан таппадық. Компания жұмысшыларының сөзіне сенсек, қадағалаушы мамандар белгілі бір себептерге байланысты аудан орталығына кетіпті-міс.
Бидайықтың мектебі туралы ресми ақпарат алу үшін аудандық сәулет және құрылыс бөліміне хабарластық. Бір қызығы, бөлім басшысы Медет Татеновтің қолындағы мәліметтерге сүйенсек, салынып жатқан әлеуметтік нысанның бас мердігері «сде» өндірістік кооперативі екенін, ал «дакар групп» серіктестігі қосалқы мердігерлік қызметті атқаратынын білдік.
Осы ретте естеріңізге сала кетейік, қосалқы мердігер «дакар групп» ЖШС биыл Ұлан ауданының Украинка ауылында 80 орындық мектеп салу кезінде біраз кемшіліктер жіберген-ді. Соған қарамастан нысан мемлекеттік қабылдаудан өтіп, құрылысшы компания кемшіліктерді тез арада қалпына келтіруге уәде берген. Ұлан аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің хабарлауынша, мердігер мекеме бұл шаруамен әлі айналысып жатқанға ұқсайды.
– Бидайықтағы 80 орындық мектептің құрылысын қадағалап отырмыз. Тапсырыс беруші – біздің бөлім. Құрылыстың жобалық құны 355 млн. теңгені құрайды. Бүгінге дейін бұл қаражаттың 192,7 млн. теңгесі игерілген. Қазан айының 30-ына дейін мемлекеттік қабылдауға тапсыру жоспарланған, – дейді аудандық сәулет және құрылыс бөлімнің басшысы Медет Татенов.
Сонда деймін-ау, осыған дейінгі бір жылда мектеп құрылысына бөлінген 355 млн теңге қаражаттың бар-жоғы екі жүз миллион теңгеге жуығы ғана ұқсатылған болса, енді бір айда қалған 155 миллион теңгені қайтіп игермек?
Айтпақшы, әу баста қалай есептелгенін білмедік, негізі бұл ауылға 80 орындық ғимарат тарлық етеді. Өйткені, қазіргі күннің өзінде М.Әбеулов атындағы білім ұясында 136 оқушы оқиды. Оған екі мектепалды даярлық тобының балақайларын қоссақ жалпы саны 165-ке жетіп жығылады. Сондай-ақ, «Балапан» шағын орталығында тәрбиеленіп жүрген 25 бүлдіршін тағы бар.
– Кейінгі жылдары ауылда бала туу көрсеткіші жақсара түскен, өсім бар. Айталық, биылғы бір жылда 15 сәби дүниеге келді. Келешекте бұл қарқын арта түспесе кемімейді деп ойлаймыз. Осыны ескерсек, Бидайыққа жүздің үстінде баланы сыйғыза алатын білім ошағын салса да артықтық етпес еді. Себебі, қазірдің өзінде біздегі бала саны жүз елуге жетеқабыл, – дейді мектеп директоры Ерсін Түсіпов.
P.S. Облыстық құрылыс басқармасының ресми сайтындағы құжаттарға сүйенсек, Бидайықтағы 80 орындық мектептің құрылысы 2013 жылдың тамыз айында басталып, 2014 жылдың маусымында аяқталуы тиіс деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Бірақ мердігер мекеме құрылыс барысында туындаған белгілі себептерге байланысты кестедегі уақытты ұзартуды өтініп, тиісті орындарға хат жолдапты. Демек, уақыты шегерілді деген күннің өзінде мектептің қолданысқа берілуі қыркүйектен кешікпеуі керек еді. Ең бастысы, облыс әкімінің «1 қыркүйекке дейін білім ұясы балаларды қабылдауға дайын болсын» деген нақты тапсырмасы бар. Бірақ тапсырма жүктелгенмен орындалуында олқылық кетті, құрылыс әлі біткен жоқ.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button