Руханият

Жаңа маусымды «Чарлея тәтей» ашты

Жаңа маусымды «Чарлея тәтей» ашты


Облыстық драма театрының орыс труппасы жаңа маусымының шымылдығын ағылшын жазушысының пьесасымен ашты.

Жаңа маусымды «Чарлея тәтей» ашты

«Чарлея тәтей». Брэндон Томастың классикалық туындысы осылай аталады. Орыс труппасының 83-ші маусымашарына барған көпшілік небір сезімді бастан кешті.

Жалпы «Чарлея тәтей» көпшілікке таңсық болмауы тиіс. Әйтпесе, «Здравствуйте, я ваша тетя!» атты фильмді есіңізге түсіріп көріңіз. Режиссер Виктор Титовтың туындысы дәл осы Брэндон Томас пьесасының желісімен түсірілген. Әлбетте, киноның аты – кино. Өзгешелік бар екі арада. Қалай болғанда да, әрбір автор көркемдік шындықты негізге ала отырып, соңғы шешімді өзі қабылдауға бек құқылы емес пе? Бұл туралы көрермен Маринаның да айтары бар.

– Мен Брэндон Томас туындысының желісімен түсірілген фильмді көргенмін. Осы кешке түпнұсқаны тамашалау үшін арнайы келдім. Иә, кино мен қойылымның айтарлықтай айырмашылығы бар екен. Бірақ маған ұнады. Әртістердің көп еңбектенгені көрініп тұр, – дейді ол.

Біздің бұл кештегі Чарлея тәтейіміз Роман Степенский болды. Иә, бас кейіпкер – ер адам. Тек ол өзін әйел адам етіп көрсететін еркек. Пьеса желісі сондай. Сөз жоқ, оңай-оспақ рөл емес. Сондықтан болар труппаның көркемдік жетекшісі бас кейіпкердің рөлін өзі сомдауға бел буыпты.

– Театр сахнасында талай мәрте әйел бейнесін сомдадым. Бірақ осындай кең ауқымда емес. Сол себепті мен үшін әрі қызықты, әрі жаңа тәжірибе болды, – дейді Роман Степенский.

Спектакльдің режиссері Андрей Воронин театр маусымын классикалық туындымен ашу бұрыннан қалыптасқан қағидат екенін айтады.

– «Чарлея тәтей» пьесасы ойнақы шығарма. Аталмыш комедия күлкілі жанрлардың ішіндегі шоқтығы биік туынды деуге болады. Әртістеріміз шебер, кәсіпқой. Алайда бұның өзі аздық етеді. Адам театрға шабыттанып, жаңаша қуат алып қайту үшін келеді. Ол үшін режиссер мен актерлер шығарманың шындығына көрерменді сендіре алуы керек, – дейді Андрей Воронин.

Біз театрдан қайтқан көпшіліктің шат-шадыман көңіліне қарап, режиссердің өз мақсатына жеткенін түсіндік.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button