Жаңа әліпбиде жаппай диктант жазды

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа әліпбимен – жаңа белеске» атты жаппай диктант жазу акциясы болып өтті. Онлайн режімінде өткен жаппай диктантқа төрт жүзге жуық мемлекеттік қызмет көрсететін мекеменің қызметкерлері қатысты.

– Бүгінгі іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отыр. Облыс көлеміндегі тіл оқыту орталықтарының басын қосып, қала, аудан бойынша өтіп жатқан шараның мақсаты – жаңа әліпбиде жазылым дағдысын қалыптастыру. Рас, әлі емле ережелері шыққан жоқ, сонда да адамдар жаңа әліпбиде жазуға асығады, сұраныс бар. Сондықтан да осы шараны өткізудеміз. Бүгінгі шараға мемлекеттік қызмет көрсетіп отырған мекемелердің қызметкерлері, медицина саласы мен жоғары оқу орындарының тіл мамандары, облыстық кітапхана қызметкерлері қатысып отыр. Бұған дейін біздің орталық жаңа әліпбиді таныстыру, насихаттау жұмыстарымен айналысқан болса, бүгін бірінші рет жазба жұмысына көңіл аударып отырмыз. Диктант жазуға 40 минуттай уақыт берілді. Қатысушылардың қолына жаңа әліпбидің үлгісі қоса берілді. Бұрынғыдай емес, бәрі жаңа әліпбимен жазуға дағдыланып қалыпты, кейбіреулері тіпті кібіртіктемей еркін жазады, – дейді Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Бақыт Шөкеева.
– Менің мамандығым музыкант әнші. Бірақ «Жаңа әліпбимен – жаңа белеске» атты диктантқа қатысып, өзімді-өзім сынағым келді. Жаңа әліпбидегі диктантты қатесіз жазуға барынша тырыстық. Өйткені жаңа әліпбиді меңгеру – заман талабы болып отыр ғой. Ойдағыдай жаздым деп ойлаймын. Дегенмен де ш, ю секілді кейбір әріптерге келгенде кішкене қиналғаным рас. Ағылшын тілін аздап білгендіктен, бұл әліпбиді меңгеріп кету бізге соншалықты қиын емес деп ойлаймын, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың педагогика және психология факультеті музыкалық білім беру кафедрасының аға оқытушысы Р.Жұмаханова.
Диктант мәтінін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Сейілхан оқып, кейін жаппай диктантқа қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Мейрам Екпін
Мақала облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен әзірленді