Жаңа әліпби әлемге жол ашады

Қазақ елі жаңа әліпбимен жаңа әлемге бет түземек. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – бүгінде жалпыхалықтық мәселеге айналып отыр. Осы орайда Риддер қаласында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Шығыс Қазақстан лингивистикалық орталығының ұйытқы болуымен «Жаңа әліпбиге көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық мәселелері» атты облыстық көшпелі семинар-кеңес болып өтті.

Семинар-кеңеске Риддер қаласындағы бірқатар білім беру ұйымының басшылары, Риддер қаласы әкімдігінің бөлім жетекшілері, лингвистикалық орталығының мамандары мен аудандардағы тілді оқыту орталықтарының директорлары қатысты. Семинар-кеңесті Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы директорының орынбасары Бақыт Шүкеева құттықтау сөзбен ашты.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жарық көріп, қалың қауым тарапынан қызу қолдауға ие болғанына да бір жылдан астам уақыт өтті. Мұндағы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бүгінде үлкен маңызға ие болып отыр. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы бұл бағытта 13 757 іс-шара өткізіп, оған 25 100 адам қатысты, – деген Бақыт Шүкеева мамыр айынан бері лингвистикалық орталық аудандардағы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлеріне арналған көшпелі семинар-кеңестер өткізіп, латын әліпбиіне көшудің маңызын кеңінен насихаттау жұмысына кіріскенін айтты.
– Бүгінгі семинар¬-кеңеске жоғары оқу орындарының ғалымдарын шақырып отырмыз. Өздеріңіздің көкейлеріңіздегі сауалдардың жауабын осы ғалымдардан сұрап алуға болады, – деген Бақыт Шүкеева семинар-кеңеске қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін сөз тізгінін осы мәселенің жілігін шағып, майын ішкен ғалымдарымыз алды. Алғашқы баяндаманы Қазақстан-Америка еркін университетінің «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Әсем Нұрланова жасады. Өзінің «Қазақ жазуын латын графикасына көшірудің лингвистикалық аспектілері» тақырыбындағы баяндамасында ғалым жазудың тарихына кеңінен тоқталды.
– Жалпы, тіл деген түсінік бар және жазу деген түсінік бар. Қарапайым халық арасында осы екі ұғымды шатастырып алу көп кездеседі. Жазу дегеніміз – адамның ойлап тапқан ең ұлы жетістігі. Оның тарихы өте ежелден басталады, – деп баяндамасын бастаған ғалым ең ежелгі шумер, мысыр, қытай және финикиялықтардың жазулары туралы тыңдаушыларға жан-жақты мәлімет берді. Мысыр жазуында әрбір таңбаның өзінің мағынасы болған екен.
Таңбалардың саны бес мыңға жуықтағанымен, қолданыста 700-800-ден астам ғана таңба болыпты. Жазу тарихы осылайша біртіндеп жетілдіріліп отырған. Қытай жазуының тарихы да ертеден бастау алады. Кейбіреулердің айтуынша, император құмдағы құстардың ізін көріп, шабыттанып, иероглифтерді ойлап тауыпты-мыс. Жазудың тағы бір ежелгі түрі – финикиялықтардың жазуы. Бұл жазу барлық жазудың атасы деп саналады. Грек жазуы мен арамей жазуы осы финикиялықтардың жазуынан бастау алады. Грек жазуының өзі батыс грек, шығыс грек деп бөлінсе, батыс грек жазуынан латын жазуы, шығыс грек жазуынан кириллица өзінің бастауын алады екен.
Осыдан соң ғалым қазақ жазуының тарихы жайында әңгімеледі. Біздің ата-бабаларымыз көне түркі жазуы мен көне ұйғыр жазуын пайдаланғанын, ал ХІ ғасырдан бастап 1929 жылға дейін араб жазуы қолданыста болғанын айтқан ғалым жазуға салғырттық – ол халықтың тарихына деген салғырттық екенін атап айтты. Себебі көне ұйғыр жазуымен жазылған дүниелерді бүгінде түркі мәдениетінің тарихи ескерткіші деп айта алмаймыз. Мысалы, Жүсіп Баласағұн өзінің мұраларын ұйғыр жазуында қалдырса, әл-Фараби өзінің еңбектерін араб жазуымен қалдырған. Ал 1929-1940 жылдары қазақ қоғамы латын жазуын қолданса, 1940 жылдан бері қарай кирилл жазуына көшкен.
Латын әліпбиіне көшу біздің қоғамға не береді? Бұл сауалға «Жаңа әліпби – рухани жаңғыруымыздың жарқын көрінісі» атты баяндамасында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша ПҚ БАИ Білім беру сапасы мен басқару кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Сейілхан жауап берді.
– Рухани жаңғыру, бұл – қазақтың ой-санасы мен өмірге деген көзқарасының жаңаруы. Бұл жай жаңару емес, ата-бабамыздан қалған, ұлттық болмысымыздан сақталған құндылықтың барлығын бүгінгі зайырлы қоғаммен байланыстыра отырып жаңару, – деп әңгімесін бастаған ғалым семинар-кеңеске жиналғандарға латын әліпбиінің ұлт болашағы үшін маңызын санамалап берді. Латын әліпбиі ең алдымен әлемдік ақпараттық кеңістікке шығуға ықпал етеді. Түркі әлемімен рухани жақындасуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, бұл әліпбидің қазақ тілінің табиғи қалпын сақтауға да тигізер пайдасы зор. Біз латын әліпбиіне көшпейміз, қайта ораламыз дейді ғалым.
Семинар-кеңесте «Латын графикасына ауысудың маңызы мен қажеттілігі» туралы сөз қозғаған С.Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Әлімхан да әріптестерінің айтқан пікірін қуаттай түсті. Жалпы, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бүгін ғана шығып отырған мәселе емес. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бастап қозғалып келе жатқан мәселе. Сол кезден бастап тілші-ғалымдар қаншама докторлық диссертация қорғап, біршама зерттеу жұмысын жүргізген. Енді, міне, сол мәселенің түйіні шешіліп, шешім де қабылданып отыр. Латын графикасы – әлемде уақыт тезінен өтіп, әбден ықшамдалған ең мықты графикалардың бірі. Бұл дегеніңіз – жаһандық ақпарат кеңістігіне өту мүмкіндігі немесе прагматикалық қажеттілік. Қазіргі таңда әлем елдерінің осы 70-80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Ал кирилл графикасын қолданатын мемлекеттердің саны небәрі 12 ғана. Ғалымның айтуынша, латын графикасына өту мәселесі кеңестік кезеңде де көтеріліпті. 1923 жылдан бастап 1939 жылға дейін Кеңес Одағындағы 72 ұлттың 50-і латын графикасына көшірілген екен. Кеңес Одағы халық ағарту комиссары А.Луначарскийдің өзі Кеңес Одағындағы барлық мемлекетті латын әліпбиіне көшіруді қолдапты. Бұл мәселе 1919 жылдары «Искра» газетінде де қызу талқыланыпты. Бірақ 1939 жылы Сталин бұл мәселені біржақты шешіп, дау-дамайға нүкте қояды.
Айгүл Әсетқызы өз баяндамасында жаңа латын әліпбиін насихаттау мақсатында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде үстіміздегі жылы 4 қаңтарда «Қазақ жазуы және латын графикасы» орталығы құрылғанын айтып, осы орталықтың атқарған жұмыстарына тоқталып өтті.
Бұдан кейін «Заман талабынан қалмайық» тақырыбында Бородулиха ауданындағы мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Гүлмира Ильяшева жиналғандарға шеберлік-сыныбын өткізді. Қатысушылардың әрқайсысына «Жұмыс дәптері» таратылды. Онда семинар-кеңес барысында орындалатын тапсырмалар мен жаттығулар бар. Мысалы, қатысушылар визит картасын толтырып, өздерінің аты-жөнін, мекенжайын, жұмыс орнының атауын латын әліпбиімен жазды. Сонымен қатар топтық жұмыстарды да орындап, латын әліпбиімен жазылған мәтінді мүдірмей оқудан жарысты. Сондай-ақ «Пликкерс» бағдарламасы арқылы жүргізілген сауалнамаға қатысып, латын әліпбиіне қатысты көзқарастарын білдірді.
– Бүгінгі семинар-кеңес мен үшін өте пайдалы болды. Латын әліпбиіне көшу – заман талабы екенін бүгін айқын сезіндім. Ғалымдарымыз да нақты дәлелдер арқылы оны айтып берді. Енді тек іске кірісу керек, – дейді Семей қаласындағы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Асхат Дәркембай.
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы мамандарының айтуынша, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Мейрамтай Иманғали
Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша әзірленді.