Жаңа форматтағы мұғалім қандай болуы тиіс?

Қазіргі заманда мектеп ұстаздары жаңартылған білім мазмұнын, үш тілде білім беруді, инклюзивті білім беруді және цифрлық білімді қатар меңгерген сан қырлы маман болуы тиіс. Өңір мектептерінің ұстаздары осы заман талабына сай ма? Осы мәселелер «XXI ғасыр мектебі: басқарудың инновациялық әдістері мен дәстүрлі тәсілдері» атты аймақтық конференцияда кеңінен талқыланды.
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен жиынға өңіріміздің қала, аудандарынан келген мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының басшылары, ғалымдар және жоғары оқу орындарындағы кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшылары мен мамандары қатысты.
С.Аманжолов университеті 67 жылдан бері педагогикалық мамандар даярлап кела жатқан өңірдегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Мамандар даярлаудың сапалық көрсеткіші ұлттық рейтингтер мен түлектердің жұмысқа орналасу деңгейімен анықталатындығы белгілі. Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, аталмыш жоғары оқу орнынан ұстаз мамандығын алып шыққан түлектердің жұмысқа орналасуы 98 пайызды құрайды екен. Бұл еліміз бойынша биік көрсеткіш. Бүгінде университет Инновация және академиялық басымдылық ұлттық рейтингінде 6-шы орын, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындары ұлттық рейтингінде 7-ші орында, әйгілі халықаралық рейтинг бойынша Еуропаның 101 жоғары оқу орындарының арасында 21 орында тұр.
Өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және шетелге оқуға кететін мектеп түлектерінің санын азайтуға бағытталған «Білікті маман» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында педагог мамандар даярлау үшін университетке жергілікті бюджет есебінен 162 грант бөлінген. Қазір жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің талабы бойынша педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті балл – 60.
Дарынды түлектерді тарту үшін университет тұңғыш рет Абай Құнанбаев (50 мың теңге) және Сәрсен Аманжолов (25 мың теңге) атындағы екі стипендия тағайындайтын болыпты. Әлеуметтік қолдау мақсатында университет өткізген пән олимпиадаларының жеңімпаздарына гранттар беріледі. Көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын оқытуда жеңілдіктер қарастырылған. Былтыр осы мақсатқа 40 миллион теңге бөлінген, мұндай қолдау биыл да жалғасын таппақ.
Сонымен қатар химия, биология, математика, информатика ағылшын тілінде және цифрлық гуманитаристика, компьютерлік мехатроника, емдік дене шынықтыру сияқты инновациялық білім бағдарламалары енгізілген.
-Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Менің мектебім» әлеуметтік жобасының арқасында өңір мектептерінің материалдық-техникалық базасы біршама жақсарып қалды. С.Аманжолов атындағы университет те бұл жобаны қызу қолдай отырып, роботтық техника кабинеттерінің, оқу зертханалары мен ғылыми орталықтардың құрал-жабдықтарын жаңартты. Үш тілде білім беруді дамыту жол картасын жүзеге асыру аясында университетте «Тіл әлемі» көптілді білім беру орталығы ашылды. Оның базасында соңғы екі жылда 200 оқытушы мен 680 болашақ ұстаздар тіл үйрену курстарынан өтті. Лекцияларға АҚШ, Польша, Украина, Түркия, Германия, тағы да басқа шет елдердің ғалымдары тартылды. Қазіргі уақытта университет оқытушылары Ұлыбританияда тәжірибеден өтіп жүр,-дейді стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Ирина Ровнякова.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Qazproftec» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А.Жакупов жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар берудің бірегей ақпараттық жүйесі және еңбек нарығына қажетті мамандықтарды болжаудың маңыздылығына тоқталды.
Конференция қорытындысында өңір ұстаздарының кәсіби біліктілігін үздіксіз дамыту, мектепті басқарудағы заманауи мобильді мессенджерлерді пайдалануға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып, жаңартылған білім беруге негізделген шеберлік сағаттары өтті. Қатысушылар «Облыстың білім беру саласының тарихы» мұражайын аралап, «Зияткер» ғылыми-білім беру орталығының және «Altay jastary» теле-радиокешенінің жұмысымен танысты.
Айжанат Бақытқызы