Қоғам

Жаңа экономикалық жағдайға бейімделуіміз қажет

Жаңа экономикалық жағдайға бейімделуіміз қажет

20 тамыздан бастап елімізде теңге еркін айырбас бағамына көшірілді. Бұл туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен брифингінде еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлімдеді. Ұлттық валютаны еркін айырбас бағамына көшіру туралы шешім Үкіметтің селекторлық отырысында Ұлттық банк басшылығымен бірлесе отырып қабылданыпты.
Атамыш брифингке сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев және Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қатысты.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өз сөзінде әлемдік экономикадағы іргелі теріс өзгерістер жағдайында жаңа экономикалық саясат орнықты өсім мен баға тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету үшін жаңа ақша-несие саясатын талап ететіндігін атап өтті.
– Осыған орай Қазақстанның Ұлттық банкі мен Үкіметі 2015 жылдың 20 тамызынан бастап инфляциялық таргеттеу тәртібіне, валюталық дәлізді алып тастауға және айырбас бағамын еркіндікке жіберуге көшуге негізделген жаңа ақша-несие саясатын жүзеге асыруға кірісу шешімін қабылдады, – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, теңгенің айырбас бағамы нарық сұранысы негізінде және іргелі ішкі, сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып қалыптастырылатын болады.
Брифингте белгілі болғандай, бұдан былай Ұлттық банк нарықтағы теңге бағамының сұранысына араласпайды.
– Алдағы 5-7 жылда елімізде өндірілетін шикізат өнімдері арзандайды. Біз осыған дайын болуымыз керек. Қазақстандықтар жаңа экономикалық жағдайға бейімделуі тиіс. Сондай-ақ, бүгінде алдымызда тұрған ең негізгі мақсат бес институционалдық реформаны жүзеге асыру екенін естен шығармағанымыз жөн. Осы реформалар ел экономикасының тұрақты болуына жол ашады. Бүгін құбылмалы валюта бағамының дәлізі алынып тасталынды. Алдағы уақытта біз Канада мен Аустралия елдерінің экономикалық моделін назарға алып, әрі қарай жылжитын боламыз, – деген Үкімет басшысы «Біз тек қана әлеуметтік жағдайы төмен халықты қорғауымыз керек. Ал қалған тұрғындарымыз нарықтық ортаға бейімделіп, әрекет етуі тиіс. Валюта бағамының негізсіз өсуін және әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің қымбаттауын болдырмау үшін біз арнайы штабтар құрып отырмыз» деп қосты.
Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар назардан тыс қалмайды
Премьер-Министрдің айтуынша, жер-жердегі штабтарды облыс, қала әкімдері басқарып, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қорғауға күш жұмсауы қажет.
Брифингте еліміздің қаржы министрі Бақыт Сұлтанов теңгенің еркін жүзетін бағамына көшу әлеуметтік міндеттемелерге еш әсерін тигізбейтінін және олардың барлығы толық көлемде орындалатынын назарға алды.
– Жылдың соңына дейін барлық бюджеттік міндеттемелер қаржыландырылады деп сеніммен айта аламыз. Қазіргі кезде біз алған міндеттемелеріміздің 65-70 пайызын орындап қойдық. Жылдың соңына дейін 2,8 триллион теңге қалып отыр және қазірде айтарлықтай күрмеуі қиын мәселелерді көріп отырған жоқпыз. Бюджет теңгенің кез келген нарықтық өзгерісіне дайын, – деді министр.
Алайда, Бақыт Сұлтановтың айтуынша, келесі үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасында барлық шығындар оңтайландырылмақ.
Сонымен қатар, министр «Нұрлы жол» бағдарламасын қаржыландыру ерекше бақылауға алынғанын атап өтті.
Брифинг барысында Үкіметтің елімізде жеңілдікпен автонесиелендіруге қосымша 10 миллиард теңге бөлетіні белгілі болды. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
– Сонымен қатар, біз автоөндірушілерімізді де қолдауға ерекше мән береміз. Осыдан біраз бұрын автокөлік сатып алу мақсатына айтарлықтай көлемде несие бергеніміз белгілі. Атап айтқанда, жеңіл автокөлік сатып алуға 15 миллиард теңге бөлінсе, тағы бес миллиард жүк және жолаушылар көлігін сатып алуға жұмсалды. Алайда, біз бұнымен шектелмек емеспіз. Алдағы уақытта автонесиелендіруге қосымша 10 миллиард теңге бөлінбек, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Оның айтуынша, осы бағдарламамен елде шығарылған автокөліктің шамамен 40 пайызы қамтылатынын атап өтті.
Үкімет мүшелерінің пайымдауынша, әлемдегі мұнай бағасы бұдан былай да құлдырай түсіп, бір баррельдің құны шамамен 30 долларға дейін төмендеуі ықтимал.
Осыған қарамастан Үкімет мұнай шығару көлемін төмендетуге еш жол бермейді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Үкімет Kazenergy қауымдастығымен бірлесе отырып, мұнай-газ өндіретін 57 компанияға терең талдау жүргізді, оның қорытындылары бойынша тиімділігі төмен 39 компания іріктелді.
Теңге бағамын нарық қалыптастырады
Бұған қоса, Бақытжан Сағынтаев сол 39 компания үшін 1 қазанға дейін пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықты төмендету жоспарланып отырғанын атап өтті.
– Сонымен қатар, мұнай компаниялары Үкіметтен ілеспе мұнай газын қосымша жағу жөнінде рұқсат сұраған болатын. Қазір біз осыған қатысты тиісті шешім әзірлеудеміз. Жалпы, бұл қос нәтиже береді деп күтілуде. Бір жағынан, бұл компаниялардың өндіріс көлемін 480 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, бюджет қосымша 19 миллиард теңгемен толығады, – деді Бақытжан Сағынтаев.
– Бұл аталмыш компаниялар бойынша жалпы салық жүктемесін сегіз пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Ақшаға шаққанда 146 миллиард теңгені құрайды, – деп нақтылады Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Енді теңге бағамы нарықтағы ұсыныс пен сұраныс негізінде қалыптасады. Ұлттық банк теңгенің нарықтық бағамын қалыптастыруға бұдан ары араласпайды. Бірақ елдің қаржылық жүйесі тұрақсыздана бастаған жағдайда ішкі валюта нарығына валюталық интервенция арқылы араласу құқығын сақтайды. Бұл туралы брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдеді.
Ал Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің айтуынша, валюта айырбастау бағамының нарықтық сұраныс және ұсыныс негізінде қалыптасуына мемлекеттің араласпауы экономикалық өсімді қалпына келтіруге, инфляция мен жұмыссыздықтың көбеюін тежеуге, халықтың әл-ауқатының жақсаруына алғышарттар жасайды.
– Қалай болғанда да, бұл қадамның барлығы ел экономикалық саясатының стратегиялық міндеттерін орындауға, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталуы тиіс, – деп түйіндеді Кәрім Мәсімов.
Брифинг соңында Үкімет пен Ұлттық банк өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button