Қоғам

Жаңа дәріхана қымбатшылыққа тосқауыл қоймақ

Жаңа дәріхана қымбатшылыққа тосқауыл қоймақ


Ауданымызда өз ісін өркендетіп, кәсіппен айналысып отырған тұрғындар баршылық. Солардың бірі – Черемшанка ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Артур Макоев. Ол осыдан бір жарым ай бұрын жекеменшік дәріхана ашып, ауылдастарына үлкен сый жасады.

Ауылда екі дәріхана болғанымен, орталықта тұратын тұрғындарға шалғайда орналасқан ол дәріханаларға бару ыңғайсыз болатын. Үшінші болып ашылып отырған дәріхана бәсекелестік орта тудырып, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына да біраз тосқауыл қоятын болды. Артур дәріхана орналасқан ғимаратты 20 жыл бұрын сатып алған. Сол себепті жас кәсіпкер тұрғындардың қажеттілігі бойынша орталықтан дәріхана ашуды жөн санаған.

Көп жылдар бойы жеке кәсіпкер ол жерді шаруашылық дүкені ретінде пайдаланған. Дәріхананың салтанатты ашылуына ауыл әкімі Петр Грохотов, ауылдың сыйлы әрі құрметті адамы Сақан Закириянова және жергілікті тұрғындар қатысты. Шараның құрметті қонағы ретінде Сақан Қалиасқарқызы ақ батасын беріп, кәсіпкердің ісіне сәттілік тіледі.

Артур Захарович үшін дәріхана ашу оңайға түспеген екен. Черемшанка ауданымыздағы шалғай ауылдардың бірі болғандықтан, жеке кәсіпкердің құжаттар мәселесімен аудан орталығына жиі баруына тура келген. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын ретке келтіруге де көп күш кеткен. Алайда, келушілердің аздығынан дәріхана әзірше өзін-өзі ақтамай отыр. Кәсіпкер дәріхананы өзінің жиған-тергенімен және Грузиядағы ағасы Александр Галустянның қаржылай көмегінің арқасында ашқанын айтады.

Екі адам жұмыспен қамтылды. Медициналық білімі бар Гульнара Чинчукова және Наталья Паньшина тұрғындарға қызмет көрсетіп қана қоймай, медициналық кеңестерін де айтып жатады екен.

– Дәріхананың ашылғанына тұрғындар дән риза болды. Ең бастысы – алысқа бармай, қажетті дәрі-дәрмектерді осы жерден-ақ сатып алуға болатынына қуанышты. Игі істі қолға алып, көпшіліктің талап-тілегін орындаған Артур Захаровичке ауылдастарының алғысы шексіз, – дейді Наталья Савельевна.

Мадина Тобыжыкова
Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button