Жаңа бастамалардың қайнар көзі

Өскеменде коворкинг-орталық ашылды. Яғни жастардың жұмыс және демалыс кеңістігі болады деген сөз. А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана қабырғасынан орын тепкен ерекше орталықтың ашылу салтанатына аймақ басшысы Даниал Ахметов қатысты.
Кітапхана ұжымы көп уақыттан бері қара шаңырақты оқырмандардың мәдени және демалыс, білім және коммуникация орталығына айналдыруды ойға алған көрінеді. Осы орайда коворкинг жобасы жөн сілтеген. Орталықтың ерекшелігі – оқырмандар тек кітап оқу үшін келмей, түрлі оқыту-үйрету семинарларына қатыса алады. Өзара пікір алмасып, тұлғалармен кездесулер өткізу арқылы жаңа бастамаларға жол ашпақ. Ол жөнінде облыс әкімі құттықтау сөзінде ашып айтты.
– Коворкинг дегеннің өзі бірлесе жұмыс жістеу дегенді білдіреді. Бүгін жастарға сондай жағдай жасап отырмыз. Дәл осы жер жаңа бастамалар мен мүмкіндіктердің қайнар көзіне айналмақ. Себебі пікір алмасу болған жерде, тың идеялар туады. Оған біздің жастар әбден қабілетті. Осылайша еліміздің гүлденуіне жаңа леп әкелеміз, – деді Даниал Ахметов.
Орталықтың ішін аралап көрген облыс әкімі бастау алған жұмыстарға оң бағасын берді.
Көпшілікке енді есігін ашқан орталықтың бағыт-бағдары айқын екені көрінді. Бір шетте балақайлар кітп оқыса, бір топ жас шахмат төңірегінде топтасқан. Зияткерлік ойындар өткізетін және робот құрастыратын бөлімдердің жұмысы да жолға қойылыпты. Дәл осындай әр салаға бейім жастардың бірге бас қосып, өзара тәжірибе алмасуынан жаңа жобалар күтетін боламыз. Коворкингтің басты мақсаты осында.
– Коворкинг-орталық негізінен жастарға арналып ашылды. Оның ішінде мектеп оқушысы мен студент те, жас кәсіпкер де болуы мүмкін. Табиғатынан шығармашылық қабілетке ие ұл-қыздарымыз бар. Олар осы жерге келу арқылы жобаларын ұсына алады. Кітапхана өз кезегінде сол бастамалардың іске асуына барынша көмектеседі. Бұдан бөлек келушілерді техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз еттік, – дейді кітапхана қызметкері Бахтылы Рахымбаева.
Қазақта «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Ақыл жастан екені де аксиомаға айналғалы қашан. Коворкинг-орталық ашылды, келешегі кемел болсын дедік.
Оразай Жеңісұлы