Қоғам

Жаңа бағдарламаның тиімді тұстары көп

Жаңа бағдарламаның тиімді тұстары көп


Биылдан бастап елімізде ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы жүзеге асырылады. «Агробизнес-2020» бағдарламасына өзгеріс енгізіп, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын мақұлдады. Таяуда қабылдануы тиіс жаңа бағдарламаның тиімді тұстарын облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин тарқатып берді.

Көкпекті ауданында өткен жиында облыс әкімінің орынбасары аграрлық саладағы түбегейлі өзгерістерге кеңінен тоқталып, аудан басшылығы мен аграрлық сала мамандарының алдына ауқымды міндеттер қойды.

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты міндеттері мен жоспарлы шаралар атап көрсетілді. Жиынға ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, сала мамандары қатысты. Сондай-ақ, аудандық ауыл шаруашылық саласын дамытуға тікелей жауапты бөлім қызметкерлерімен кездесу өткізіліп, міндеттер нақтылайды.

– Биылдан бастап ауыл шаруашылығы саласының мамандары жаңа бағдарламамен жұмыс істейді. Жоспар бойынша аграрлық саланы қолдау бағытындағы мемлекеттік механизмдерге бірқатар өзгерістер енгізілуі мүмкін. Осы орайда облыс әкімінің қойып отырған міндеттері мен талабы да ауқымды.

Агроөнеркәсіп саласындағы өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау деңгейі бірнеше есеге ұлғаяды. Басты мақсат – отандық өнімдерді барынша көбейтіп, ішкі нарықты толтыру. Осы орайда отандық кәсіпорындардың өнім өңдеу көрсеткішін барынша арттыру жоспарланған. Ол үшін жергілікті жерде кооперативтер көптеп құрылады. Облыс басшысы жүктеп отырған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыра алсақ, мұның өзі облыстағы ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін беретіндігі анық, – деді Дүйсенғазы Мусин.

Сонымен қатар, суармалы жерлерді айналымға енгізу, ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізу, субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидияларды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару қажеттігі айтылды. Соған орай бірқатар шаралар қабылдап, басты мақсаттарды айқындау тапсырылды.

Дархан Бердібек
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button