Руханият

Жаңа қазақ әліпбиін үйренгіңіз келсе…

Жаңа қазақ әліпбиін үйренгіңіз келсе...


Өскеменде латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін үйрететін мектеп бар. Алайда көпшілігі ол мектептің қызметінен бейхабар. Сондықтан біз оқырманды аталмыш мекеменің жұмысымен таныстыруды жөн көрдік.

Жаңа қазақ әліпбиін үйренгіңіз келсе...

Шығыс Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін түлету мектебінің оқытушылары ниет білдірген адамдарға жаңа қазақ әліпбиін оқытуды қолға алғалы бірнеше айдың жүзі болды.

– Желтоқсан айында «Нұр Отан» партиясымен біріге үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Қаладағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдарын шақырдық. Олар біздің бастамаға оң бағасын берді. Одан бөлек тағы бір жиын өткізіп, қаладағы кадр жұмысындағы басшылар қатысқан еді. Онда жаңа қазақ әліпбиін іс жүзінде тез меңгеруге болатындығы жан-жақты сөз болды, – деді аталған мектеп директорының орынбасары Айзада Кантаева.

Қыркүйек айынан бері бұл жердегі оқытушылар бірқатар мекемелерге барып, латын қарпін үйренудің оңтайлы жолын насихаттап, арнайы уақыт кестесімен жұмыс атқара бастаған. Қызметіне кіріскен жеті маман – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары. Олар латын қарпін оқытуға байланысты ғалымдармен, филолог мамандармен кеңесіп, әлі де болса тәжірибелерін жетілдіруде. Түлету мектебінің мамандары орыс тілділерге де латын қарпін өздерінің әдісімен үйретуде. Айзада Қантаеваның айтуынша, оларға әуелде латын қарпін таратады. Артынша транслитерация заңын түсіндіріп, шағын диктант жаздырады. Оны оқытып, әріптерді жаттатады. Осыдан кейін әркімнің деңгейіне қарай арнайы тапсырмалар беріледі. Оқытушылар қазірдің өзінде жұмыстың нәтиже бере бастағанын алға тартты.

– Атқарып жатқан жұмысымызды балабақшадан бастап, мектеп, колледж, университет, сонымен қатар әкімдіктің барлық бөлімдері жақсы қабылдауда. Бұлардың ішінде әкімдік тарап алдағы уақытта құжат айналымын латын қарпінде жүргізуді ойлап отыр. Қазір облыстық прокуратура қызметкерлері осы істі біртіндеп бастады. Мұның өзі – біз үшін қуаныш, – деді Айзада Кантаева.

Мамандардың айтуынша, оқытушылар аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері жиналыс өткізеді. Алдағы уақытта өзара көмекші құрал ретінде әдістемелік кітапшалар шығару да жоспарда бар екен. Мұнда латын қарпін үйренуге келген жандар жас ерекшелігі бойынша оқытылады. Себебі алтыншы сынып оқушысы мен қырық жастағы адамды салыстыруға келмейді ғой. Әр жастағы адамдар арасында қысылу, ұялу жағдайлары орын алуы мүмкін. Бұл тұрғыда барлығы ескерілген. Оқытушылардың сөзіне қарағанда, жаңа қазақ әліпбиін үйренушілер арасында ашуға ерік беріп, байыбына бармай жатып наразылық білдіретін жандар да бар көрінеді. Алайда ұстаздар алған беттен қайтпақ емес.

– Барлығы бірдей жақсы қабылдады дей алмаймыз. Латын қарпімен жазылған мәтіндерді оқуда қиналып қалатындар бар. Бірақ көп нәрсе уақыт өте келе тәжірибе жүзінде қалыпқа келеді ғой. Бүгінде жұмыс барысын бір бағытқа қоя алдық. Дегенмен алдағы уақытта жаңа әліпбиімізге қатысты тағы да өзгерістер болып қала ма деп те ойлап қоямыз, – дейді мектеп директоры Гүлжазира Габдуллина.

Әділхан Есімханов

Осы айдарда

Back to top button