Жаңа атау беруде тәртіп қатаң сақталады

Заң талаптарына сәйкес облыста ономастика мәселері бойынша бір ғана комиссия бар. Қала, аудандарда ономастика бойынша жұмыс топтары құрылған. Ономастика комиссиясының жұмысы туралы Үкіметтің Қаулысымен бекітілген Ережеге сәйкес елді мекендердің, көшелердің, нысандардың атауын өзгерту және қайта атау бойынша тәртіп қатаң сақталады.
Ономастика комиссиясының құрамында областық мәслихаттың депутаты, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері бар. Жергілікті қоғамдастық жиналыстың өтетін мерзімі мен уақыты, орны және күн тәртібі көрсетілген хабарландыру өткізілетін күніне дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Дауыс беру қорытындысы жиналыс өткен жерде жарияланып, хаттамамен ресімделеді. Қоғамдастық жиналысының хаттамасы өткізілгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таралатын бұқаралық ақпарат құралында жарияланады. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар қауымдастық жиналысының қорытындысы бойынша бірлескен шешіммен облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныс енгізеді.
Облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде елді мекеннің атауын өзгерту бойынша облыстық мәслихаттың шешімімен облыстық әкімдіктің бірлескен қаулысы шығарылады.
Облыстық маңызы бар қалаларда (Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары) көше атауын өзгерту бойынша халықтың пікірін ескеру мәслихаттың тұрақты комиссиясының өткізген көпшілік тыңдауының негізінде ескеріліп, хаттамамен ресімделеді. Сонан соң республикалық ономастика комиссиясының қарауына жіберіледі. Оң шешім алған жағдайда көшенің атауын өзгерту бойынша облыстық мәслихаттың шешімімен облыстық әкімдіктің бірлескен қаулысы шығарылады.
2017 жылдың 7 қарашасында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың төрағалығымен облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтті. Басқосуға комиссия мүшелері мен аудандық әкімдіктің өкілдері қатысты.
Мәдениет және спорт министрлігі мен Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұсынысы бойынша еліміздегі ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көкпекті ауданының үш әкімшілік-аумақтық бірлігі, Шемонайха, Күршім, Көкпекті аудандарынан 25 көшені қайта атау бойынша түскен құжаттар қаралды. Комиссия мүшелері ұсыныстың 23-ін оң қорытындылап, заң аясында тиісті жұмыстарды жалғастыру жөнінде шешім қабылдады. Енді бұл шешімдер жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Азаматтардан түскен өтініш бойынша Шемонайха ауданының Советская, Чапаев, Калинин көшелерін комиссия тарапынан қосымша қайта зерделенуге қалдырылды. Көкпекті ауданынан ұсынған Октябрьская көшесіне Астана атауын беру бойынша көлемі қысқа көше деп кейін қайтарылса, Мирный көшесін Бейбітшілік деп аударудың қажеті жоқ деп шешті. Атауы өзгертілген көшелердің ішінде тарихи ескірген Советская, Фурманов, Комсомольская, Пионерская, Октябрьская, Совхозная, Красноармейская көшелері ұлттық танымға жақын атаулармен қайта аталатын болды.
Тағы бір айта кететін мәселе облыс орталығында көшелердің атаулары екі рет, немесе 6 ретке дейін қайталанады. Мысалы, Паровоз атауымен 6 көше аталынады. 4 көшенің атауы – Автогараж, үш Арық көшесі, үш Мельничная көшесі, Богдан Хмельницкий атында 4 көше,
4 көше Кривонос атауымен аталынады.
Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов атында және Высоковольтная, Высоковольтная 57 деген атаулары 2 рет аталатын көшелер бар. Бұл атаулар төтенше жағдай туындаған кезде өрт, жедел жәрдемнің, полиция, пошта қызметтерінің жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін. Атауында бір дыбыстан ғана айырмашылығы бар көшелердің бар екендігін де айта кету жөн (Карбышева, Карбушев көшелері). Алдағы уақытта бұл көшелердің атауын ретке келтіру қажет.
Елді мекендердің және оның құрамдас бөліктерінің атауы өзгертілген кезде тұрғындар тарапынан қаржы шығыны қажет етілмейді. Қазақстан Республикасы аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктерінің атаулары бірыңғай «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесі электрондық базасына енгізілген. Сондықтан заңды түрде өзгертілген атаулар осы электрондық базада жаңартылып отырылады. Тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталығынан мекенжай жөнінде анықтама алған кезде жаңа атаумен автоматты түрде тегін қамтамасыз етіледі.
Айдын Шаймарданов,
Облыстық тілдерді дамыту жөннідегі басқармасының басшысы