Қоғам

Жаңа амбулатория ашылды

Жаңа амбулатория ашылды

Өскемендегі «Прохладная» ықшамауданында күніне 350 науқасты қабылдайтын отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылды.
Аталмыш шараның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Темірбек Қасымжановтың айтуынша, осыдан екі апта бұрын «Прохладная» мен «Аэропорт» ықшамауданының тұрғындары тарапынан отбасылық дәрігерлерік амбулатория ашып беру жөнінде өтініш келіп түсіпті.
– Тұрғындардың денсаулығы – қоғамның байлығы. Себебі, дені сау адам көңіл күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болар жас ұрпақтың дені сау болса ғана биік шыңдарға қолы жетері, халқына қызмет етері даусыз, – дейді Темірбек Қасымжанов.
Айта кетейік, қаланың аталмыш ықшамауданында 9 757 адам тұрады. Соның ішінде 7896-сы ересектер болса, 1861-і балалар екен. Бұл амбулаторияда науқастарға окулист, дерматолог, нефролог, кардиолог, гинеколог, хирург, травматолог, уролог, балалар мен ересектерді қарайтын невролог пен отоларинголог, нейрохирург, тіс дәрігері сияқты мамандар қызмет көрсететін болады. Аталған амбулаторияның бас дәрігері Наталья Глуходедова педиатр мен терапевт мамандардың тапшы екенін айтты.
– Дәрігерлер бес жылда бір рет біліктілікті жоғарылату курсынан өтіп тұрады. Мәселен, осы күнге дейін медицина қызметкерлері бес ғылыми-практикалық конференцияға, 22 семинарға, төрт шеберлік сыныбына қатысты, – дейді бас дәрігер.
Айтпақшы, отбасылық дәрігерлерік амбулатория рентген, УЗИ, ЭКГ кабинеті, аудиометрия, спирометрия және клиникалық, биохимиялық лаборатория жасайтын барлық қажетті жабдықтармен қамтылыпты. Аталмыш ықшамауданның тұрғыны Иван Петров жергілікті тұрғындардың атынан ризашылығын білдірді.
– Біз сияқты қарт адамдар үшін қалалық №1 ауруханаға жетудің өзі мұң. Жасымыз болса, келіп қалды. Сондықтан халықтың өтінішін жерге тастамай, тілегімізді орындағаны үшін басшылыққа алғыс білдіреміз, – дейді Иван Петров.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button