Қоғам

Жаңа 500 теңге айналымға шықты

Жаңа 500 теңге айналымға шықты


Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2017 жылғы 22 қарашадан бастап 2017 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген номиналдық құны 500 теңгелік банкноттарды айналысқа шығарды.

Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Айнагүл Жолдыбалина журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында жаңа банкноттың дизайны айналыстағы «Қазақ Елі» сериясының ақша белгілерімен бірыңғай стильде екендігін айтты. 500 теңгеліктің түсі көгілдір-көк. Банкноттың өлшемі – 130х62 мм.

– Жаңа банкноттардың дизайнын әзірлеу және дайындау – аса ұзақ процесс. Осыған байланысты 2017 жылғы үлгідегі номиналдық құны 500 (бес жүз) теңгелік банкноттардағы мемлекеттік тілдегі жазулар банкноттың дизайнын әзірлеу сәтінде қолданыстағы, кириллицаға негізделген әліпбиге сәйкес орындалған.

Ұлттық валюта – теңге банкноттары мен монеталарындағы жазуларды өзгерту жұмысын Ұлттық банк «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына сәйкес жүргізетін болады,-деді филиал директоры.

Жаңа 500 теңгенің беткі жағында: оң жағында – «Қазақ Елi» монументі және ортасындағы төменгі бөлікте ұшып бара жатқан көгершіндер бейнеленген. Жоғарғы бөлігінде: ортасында және сол жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері: Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Ту бейнеленген. Сол жақта төменде және жоғары жақта номиналдың сандық бейнесі, сол жақ ортасында номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік бейнеленуі орналасқан. Жоғары сол жақ бұрышында «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазба, оның астында қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертетін «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген мемлекеттік тілдегі жазба орналасқан.

Банкноттың сырт жағындағы негізгі бейне – Каспий теңізі, оның ар жағында Қазақстан картасының бейнесі бар.

2006 жылғы үлгідегі ескі 500 теңгелік 2020 жылғы 10 маусымға дейін жаңа 500 теңгелікпен қатар қолданыста болады.

Ұлттық Банктің облыстық филиалының директоры Айнагүл Жолдыбалинаның түсіндіргеніндей 2006 жылғы үлгідегі және 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттар қатар айналыста болу кезеңінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында заңды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар мен монеталарды қабылдаудан бас тарту, Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық болып табылатынын еске салады.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button