Экономика

Жаңғызтөбедегі күн стансасы

Жарма ауданында облыстағы алғашқы күн электр станциясы табысты жұмыс істеуде.

Облыста жасыл экономиканың көптеген өте өзекті әрі бірегей инновациялық жобалары іске асырылуда. Олардың барлығы жаңартылатын қуат көздерін дамытуға, сондай-ақ экологиялық тәуекелдер мен энергетикалық тапшылықты азайтуға бағытталған. Соның бірі – Жарма ауданы,  Жаңғызтөбе кентіндегі күн электр станциясы. Оның қуаттылығы–30 мегаватт, ал жалпы ауданы – 66,6 гектар. Жобаның құны– 17,5 миллиард теңге.

Естеріңізге сала кетейік, ел аумағында бірнеше күн электр станциясы жұмыс істейді, ал Шығыста осындай тұңғыш станция өткен жылдың қазан айында іске қосылды. Жоба іске асырылғанға дейін-ақ оның еліміздегі жасыл энергетиканы дамыту аясындағы ірі нысандардың бірі болатыны айтылды.

Бұл оқиға шын мәнінде, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жолындағы кезекті және өте маңызды қадам болды. Бұл нысан іске қосылғаннан бері станцияның тиімділігін бағалау үшін жеткілікті уақыт өтті.

Біз оның қазіргі қызметі туралы мамандардың өзінен білуді ұйғардық. «Жаңғыз Солар» ЖШС күн электр станциясының басшысы Аян Мысаев өңірдегі алғашқы осындай нысанды пайдаланудың қыр-сыры туралы айтып берді.

–Күн электр станциясы–экологиялық таза, шусыз, қауіпсіз және пайдалануға ыңғайлы, өз құнын жүз пайыз ақтайтын қондырғы. Ол шамамен, бір жыл бұрын іске қосылды. Жұмыс сәтті жүріп жатыр деп айта аламыз. Энергия өндіру жоспар бойынша жүруде, – деді Аян Мысаев.

Мұндай электр станциясының қызмет ету мерзімі – шамамен 30 жыл. Осы ұзақ уақыт бойы күн электр станциясының құрылысына жұмсалған күн кремнийінің бір ғана келісі жылу электр станциясының 100 тонна мұнайдан өндірген немесе атом электр станциясының байытылған уранның бір килограмынан өндірген энергиясын бере алады.

Қазір «ЖанғызСолар» ЖШС электр станциясында алты адам еңбек етуде. Олар апта аралатып, ауысыммен жұмыс істейді. Ауысым басшысы және екі кезекші электрик барлық жабдықтардың жұмысын бақылап, мониторинг жүргізеді.

Айтпақшы, мұнда негізгі жұмысты күн панельдері орындайды, олар күн энергиясын электр энергиясына айналдырады. Станцияда осындай 94 мыңға жуық панель бар. Алайда, инвертор, трансформатор сияқты техникалар да маңызды.

Аян Мысаевтың айтуынша, жалпы алғанда жұмыс қалыпты жүруде, дегенмен қиындықсыз да болмайды. Солардың бірі– қолайсыз ауа райы жағдайы. Қыста ұйтқи соққан боран панельдерді қармен жауып тастайды.

– Осы қыста қардың салдарынан 68-ге жуық панельбұзылды. Оларды қалпына келтіруге тура келді. Енді қар бөгеу әдісін қолданатын боламыз. Аумақтың оңтүстік бөлігіне қоршау орнатамыз, өйткені жел сол жақтан соғады, –дедіАян Мысаев.

Айта кету керек, күн энергиясын пайдалану – өте тиімді іс. Бастапқыда ол белгілі бір инвестицияларды қажет етеді, бірақ үш-төрт жыл ішінде шығындар ақталуы тиіс. Бұл– электр энергиясын үнемдеудің және электр қуатына төленетін қаржыны қысқартудың нақты және тиімді жолы.

«Didar» ақпарат

Жарма ауданы

Осы айдарда

Back to top button