Өзекті

Жаңғыртылған асханалар қаншалықты қауіпсіз?

Оны мониторинг көрсетеді.  Бұл мәселе «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің дискуссиялық клубында талқыланды.

Облыста тұңғыш рет мектеп асханаларын жаңғырту жобасы қолға алынып,  нәтижесінде Өскемен қаласындағы 35 мектептің асханалары жөндеуден өтіп, тамақ пісіретін блокторы жаңа құрал-жабдықтармен  жабдықталғаны белгілі.Алайда талқылау кезінде  бұл жұмыстардың тек «Мемлекеттік-жекеменшік  серіктестік» аймақтық орталығының  конкурстық құжаттарының негізінде, ешқандай техникалық сараптамасыз, тіпті жобалық-сметалық құжаттамасыз  жүргізілгені белгілі болды.

Жиында жобаның тапсырыс берушісі қалалық әкімдік екені айтылды. О баста 44 мектептің асханасын жаңғырту туралы  сөз болғанымен, іс жүзінде модернизациялау35 мектепте жүрген.

Өскемен қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Абзал  Мәулетхановтың берген мәліметі бойынша,  жобаға қатысты мемлекеттік әріптестер мен жекелеген  мемлекеттік органдармамандарының қатысуымен комиссия құрылған. Кейбір жалға алушы кәсіпкерлер аяқталмай қалған жұмыстарын күзгі каникул кезінде бітіруге тиіс екен.

-Қалған тоғыз мектеп бойынша  конкурсты қазан айында өткіземіз, оған қаражат қарастырылған. Енді жеке кәсіпкерлермен  келісімшарттың мерзімін он жылға дейін ұзартуды  жоспарлап отырмыз. Өйткені көптеген кәсіпкерлер бұрынғы шартты экономикалық жағынан тиімсіз деп бағалап, жобаға қатысудан бас тартқан-ды. Конкурсты ұтып алғандар 2020 жылдың қаңтарынан бастап «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік» аймақтық орталығымен жұмыс істей бастайды, алайда жөндеу жұмыстарына жазда кіріседі, – деді  Абзал Асқарұлы.

Басшының орынбасары жиналғандарды жобаның жүзеге асу тәртібі туралы да хабардар етті. Алдымен мектептерден қандай жөндеу жұмыстарын қажет ететіндері, ас блогына қажетті құрал-жабдықтардың тізімдері алынған, солардың негізінде ақаулар актісі толтырылып,  «МЖК» аймақтық орталығына жіберіліпті.

Жөндеу жұмыстары кезінде конкурстық құжаттамада көрсетілгеннен басқа да жұмыстар  шығып қалған жағдайлар кездесіпті. Абырой болғанда, кәсіпкерлердің ешқайсысы да қосымша қаржы құюдан жалтармапты. Олардың қосымша инвестициялары болашақта келісімшартты ұзарту кезінде ескерілмек.

Талқылау кезінде құрал-жабдықтарды таңдауда және жиһаздардың сапасына да ешқандай  талап қойылмағаны сөз болды.

-Қазір біз қуырылған тағамдардан бас тартып, дұрыс тамақтануға көшу туралы айтып жатырмыз. Енді міне, асханаларды жабдықтау  үшін түскен тапсырыстарға қарасам, кейбір мектептер бумен пісіретін  пароконвектомат, духовка сияқты пештерге мүлде тапсырыс бермеген. Құрал-жабдықтарды, жиһаздарды таңдауда кімдердің эксперт болғаны белгісіз.  Бізді эксперт ретінде ешкім шақырған жоқ, – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті  балалар мен жасөспірімдер арасындағы аурушаңдықты қадағалау бөлімінің басшысы  Раушан Сәтекова.

Ұлттық сараптама және сертификация орталығының директоры Майра Садықова   да жаңа жиһаздардың сапасына алаңдаушылық білдірді.

-Қазір бұрынғыдай жиһаз шығаратын фабрикалар жоқ. Қолынан келген адамдар жасай береді. Сатып алынған үстел, орындықтардың қандай материалдан жасалғанын тексерген кісі бар ма?  Сапасыз шикізаттар зиянды заттар бөлетінін білеміз. Қалай дегенде де бұл жерде балалардың денсаулығы алаңдатпай қоймайды, – деп қостады Майра Ниязбекқызы.

Сонымен қатар ас блогындағы құрал-жабдықтарды, олардың қалай жұмыс істейтінін де ешкім тексермеген.

–Алдымен санитарлық нормалардың талаптарына, өрт қауіпсіздігі мен экологиялық нормалардың сақталуына бақылау жасалмаған. Қуаттылығы жоғары құрал-жабдықты қосудың өзі желдеткіштің де қуаттылығының жоғары болуын талап етеді. Яғни, бір ғана пешті ауыстырудың өзінен бірнеше проблема туындайды. Сол себепті де алдымен техникалық тексеру жүргізіліп, атқарылатын жұмыстардың тізімі жасалуы тиіс еді. Бүгін белгілі болғандай, сараптама жасайтын органдар ешқандай техникалық сараптама жасамаған. Жобалық-сметалық құжаттама жоқ, – деген сын-ескертпесін айтты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Димитрий Гариков.

Басқосуға жиналғандар бірінші кезекте  жаңғырту жүргізілген асханаларға техникалық сараптама жасап, оларды пайдаланудың қаншалықты қауіпсіз екендігін анықтау қажет деген байламға келді.

-Бүгін біз жобалық басқарудың әлі де әлсіз екенін көрдік. Жобаны жүзеге асыру кезінде жауапты тұлғалардың анықталмағанына, қатерлердің ескерілмегеніне куә болдық. Балалардың қауіпсіздігі үшін таяу мерзімде жаңғырту жүрген бірнеше асханада мониторинг жүргіземіз, – деп қорытындылады жобалық кеңсенің басшысы Елена Березинская-Абилова.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button