Облыстық әкімдікте онлайн режимде селекторлық кеңес өтіп, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Семей қаласына қатысты шығарылған қаулы жобасы таныстырылды.
Аталған қаулы аясында қалаға бірқатар шектеу шаралары қолданылатын болады. Онлайн кеңеске қатысушылар қаулыны талқылап, өз ұсыныстарын айтты.
– Соңғы жарты айда Семейдегі COVID-19 жағдайларының өткен екі жарым айдағы көрсеткіштен екі есе асып, көрсеткіштің күрт өсуі қаланы осыған дейін қолданылған шектеу шараларына қайта көшіруге мәжбүрлеп отыр, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері Марат Исмаилов. Жалпы 15 наурыздан 1 маусымға дейінгі екі жарым айда Семейдегі КВИ көрсеткіші 103 жағдайды көрсетсе, соңғы жарты айда ғана, яғни 1-18 маусым аралығында ол 109 жаңа жағдайды құрады.
– Бүгінгі таңда біздің облыста коронавирустық инфекцияның 333 жағдайы тіркелсе, оның 212-сі, яғни 68 пайызы Семей қаласына тиесілі, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. – Бұл көңілді алаңдататын көрсеткіш. Сол себепті бізге осыған дейін қолданған бұрынғы тәжірибеге қайтып оралуға тура келеді деп ойлаймын. Егер біз дәл қазір қатал шешім қабылдамасақ, жағдай одан әрі ушығып кетуі ықтимал. Облыстық полиция департаментінің бастығына бір орынбасарын Семейге аттандырып, барлық көпшілік іс-шараларды бақылауды тапсырдым. Өйткені көпшілік жиналатын түрлі іс-шаралар қалада коронавирустық инфекцияның одан әрі өршуіне себеп болғанын өздеріңіз білесіздер. Ескертулерге қарамастан қала тұрғындары үйлену тойларын, салттық басқосуларды өткізуді жалғастыра берді.
Барлық шаралар коронавирустық инфекцияның кезекті толқынын азайту бағытында атқарылып жатыр. Бұл құжатта еш нәрсеге тыйым салмай, тек шектеу шараларын қолдану қарастырылып отыр. Сонымен қатар қаулы жобасында қоғамдық тамақтану, кинотеатрлар бизнесінің жұмысы жалғасатыны айтылған. Тек ол үшін мұндай нысандарда әлеуметтік арақашықтық сақталып, жұмыс уақыттары біраз қысқарулары қажет.
– Өткенде Өскемен қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірінде болып, ондағы сақтық шараларын көріп, көңілім толды. Кіреберістен бастап, санитарлық талаптарды қатаң сақтайтын осындай нысандар инфекцияның одан әрі өршуіне жол бермейтіні белгілі. Өңір тұрғындарының шектеу шараларына түсіністікпен қарауларын сұраймын, – деді Даниал Ахметов.
Семейдегі кәсіпкерлермен, қоғам белсенділерімен қаулы жобасы талқыланғанын алға тартқан Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов бизнес саласы тарапы қаулыға толық түсіністікпен қарап отырғанын атап өтті.
Азамат Темірбеков
Суретті түсірген Тілеубек Шаяхмет