Денсаулық сақтау

Жағдай толық бақылауда

Қытай елінен  шыққан жұқпалы коронавирустың таралуына жол бермеу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыстық жедел штаб құрылды. Бұл жайында облыс әкімі Даниал Ахметовтің әлеуметтік желілердегі аккаунтында хабарланған.

Қытаймен облыстың шығыс бөлігі шектесетіндіктен, бірінші кезекте  Қытаймен шекара жабылып, 2ақпанға  дейін «Бақты» мен «Майқапшағай»  кеден бекеттері арқылы өту тоқтатылды. Қазіргі таңда екі бағытта да азаматтар мен тауарлардың қозғалысын толық тоқтату мәселесі шешілуде. Облыс тұрғындарын қауіпті дерттен қорғау үшін шекаралық бекеттердегі санитарлық-бақылау пункттері тепловизорлармен жабдықталды. Бақты мен Майқапшағайда 6 тепловизор бар. Семей мен Өскемен әуежайларында жолаушыларды мониторингтен өткізу үшін үш тепловизор жұмыс істейді. Алдағы уақытта «Ақтоғай» теміржол станциясын тепловизормен қамтамасыз ету жоспарланған. Өңірдің барлық медициналық ұйымдары жоғары дайындық режимінде жұмыс істейді. Облыста вирусқа қарсы препараттардың жеткілікті қоры, 12400 қорғаныс костюмі, 670 000респиратор және 7 миллион бірреттік маска бар.  Сонымен қатар вирус жұқтырды деген күдікке іліккен науқастарды тасымалдайтын  екі жеке көлік капсуласы дайын. Денсаулық сақтау министрлігіне тағы  төрт жеке көлік капсуласына,  қосымша дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға, Л-1 типті 18 қорғаныс костюміне тапсырыс берілді. Облыста Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тұрғындарға жұқпалы ауруды таратуға жол бермеудің шаралары  бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Медицина қызметкерлеріне арнайы лекциялар оқылып, семинар сабақтары өткізілуде.

Дәрігерлерге дәріс оқыды

Сондай семинарлардың бірі Өскемен қаласы мен маңайдағы аудандардың дәрігерлері үшіноблыстық мамандандырылған медициналық орталығында өтті. Медицина қызметкерлеріне Семей мемлекеттік медициналық университеті жұқпалы аурулар және иммунология кафедрасының доценті Ербол Смайылов«Коронавирусты инфекция. Эпидемиология, клиникасы, диагностикасы мен алдын алу» тақырыбында дәріс оқыды.

-Бүгінгі таңда барлық алдын алу жұмыстары коронавирусты жұқпадан сақтану шараларына бағытталған. Әзірге біздің облыста, елімізде де аса қауіпті жұқпа тіркелмегенімен, барлық медицина ұйымдары, дәрігерлер күдікке ілінген науқастарды қабылдауға дайын. Олар үшін жеке бокстар әзірленген.  Қажетті препараттар мен қорғаныс киімдерінің қоры жеткілікті. Инфекция жұқтырды деген науқастар вирустың  инкубациялық кезеңінде (14 күн) толық бақылауға алынады.  Қан талдауларын біз санитарлық-медициналық сараптамаға жібереміз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс  бас инфекционист дәрігері Назигүл Сапарғалиева.

Доцент Ербол Смайылов  коронавируспен күресте жедел жәрдем қызметінің мамандары мен алғашқы санитарлық-медициналық ұйымдардың қызметкерлері алдыңғы шепте тұрғанын еске салды.

-Сол себепті дәрігерлер ең алдымен аурудың анамнезін анықтауға мән беруі тиіс. Бұл жұқпаның алғашқы белгілерінің кәдімгі суық тию мен тұмаудан айырмашылығы болмағандықтан, науқастан қай жерден келгенін міндетті түрде сұрау керек. Егер ол кісі Қытайдан келсе, не сол жақтан келгендермен қатынаста болса, шұғыл шаралар қолданылуы тиіс, – дейді доцент.

Коронавирус  алғаш 1965 жылы анықталғанымен, бүгінгі таңдағы түрінің қауіптілігі – оның адамнан адамға жұғуында екен.  Тек аң-құста, сүтқоректілер мен ірі қара малда,  тышқандар мен жарғанатта, кірпілерде кездеседі деп келген вирустың неге аяқ астынан өзгеріп, адамға жұға бастағанын ғалымдар зерттей жатар.  Әзірге инфекцияның ауа мен тамақ арқылы, үй тұрмысында қолданатын заттармен тарайтыны белгілі. Дегенмен кейбір ғалымдар тіркелген жағдайдың барлығы тек тамақ арқылы жұқты деген пікір білдіруде.

Спикер дәріс оқу кезінде 2019-nCoV атауына ие болған  коронавирус инфекциясының 2019 жылдың 31желтоқсанынан бастап  бүгінгі күнге дейінгі өршу хронологиясын  көрсетіп, клиникалық көріністеріне тоқталды.

Алғашқы белгілері:  аурудың кенеттен басталуы, жоғары температура, тамақтың қабынып, жұтынғанда ауыруы, түшкіру, жөтел, 28 пайызында ентігу мен демалудың қиындығы тіркелген, оларға жасалған рентгенограммалар екі өкпесінде де өзгерістер бар екенін көрсетіпті.Тіркелген жағдайлардың  90 пайызында  дене қызуының көтерілуі, 80 пайызында жөтел (құрғақ және аздап қақырықпен), 20 пайызында кеуде тұсының қысылуы мен 15 пайызында ентігу анықталған.  Вирустың көбінде созылмалы дертке шалдыққан, егде адамдарға жұққаны  анықталғанымен,  дәрігерлер он бес жастан асқан балалардан бастап ауыра беретінін айтады.

Ербол Смайылов сонымен қатар  дәрігерлер  Ухань университетінің ауруханасында емделген жұқпаны жұқтырғандардың бойынан бұрын-соңды кездеспеген симптомдарды анықтағанын айтады.  Науқастарда  асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуы, дәлірек айтқанда, диарея мен жүрек айну, буындарының қақсап-сырқырауы, жүрек-қан айналымы жүйесі қызметінің ауытқуы мен конъюнктивит белгілері тіркелген.

Қалай жұғады: вирус жұқтырған науқаспен қатынас кезінде, ауа арқылы, науқастың сілекейі мен көзінен аққан жастан жұғуы мүмкін. Вирус науқастың зәрі мен үлкен дәретінде де сақталады.

Инкубациялық кезең:  2-7 тәулік, 2-14 тәулік аралығы, нақты мәлімет жоқ.

Тәуекел тобына кіретіндер: егде адамдар, созылмалы ауруға ұшырағандар, иммуножетіспеушілігі бар аурумен ауыратындар.

Сақтану жолдары: қолды жиі жуу, тазалық шараларын сақтау, бетперде кию, ет тағамдарын ұзақ уақыт пісіру.

Соңғы деректер бойынша Қытайда төрт мыңнан астам науқас тіркелген, олардың 125і қайтыс болды.

Қазақстанға 2020 жылдың 6қаңтарынан бері Қытайдан  барлығы 25 мыңнан астам азамат кірген. Олар өзіміздің азаматтар мен шетелдіктер. Келгендердің 23-інде дене қызуының көтерілгені анықталған. Күдікті деген тұлғалардың барлығы дереу ауруханаға жатқызылды. Дәл қазіргі сәтте елімізде коронавирус жұқпасы тіркелген  жоқ.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button