Қоғам

Жаңа үйдің құжаттары заңсыз қабылданған

Өскемен қаласы, «КШТ» ықшам ауданы, Увалиев көшесі, 9/3 мекенжайының тұрғындары жаңа үйлерінің сапасыздығын айтып, наразылыққа шықты. Олардың қолында плакат және «сапасыз құрылысты айғақтайтын» фотосуреттер бар. Плакатта «Қыс бойы қар күрелмеді», «КСК, бізден кет!», «Үй сапасыз салынған» деген жазулар бар.

Біздің көргеніміз, бұл үйдің қабырғалары бесіншіден  бірінші қабатқа дейін дымданған. Ауладағы үш құдықтың қақпағы ашық жатыр. Үй маңындағы жолға асфальт төселмеген.

Тұрғындар сөзінше, ауланың қары қыс бойы күрелмеген. Осы уақытқа дейін көктем мен күзгі батпақта балалар 500 метрдей жердегі мектепке жаяу жете алмайды. Биыл да солай болатын түрі бар. Шатырдың шұрық-тесігінен ішіне боранды күні қар үйіледі. Ауа райы сәл жылынса, мансарда, яғни бесінші қабаттағы пәтерлерге еріген қар суы тамшылайды.

– Бұл үйді сырттай қарап жаңа деп айта алмас едіңіз. Терезенің әйнегі аязда шытынап кетті. Әу бастағы жылыту батареясынан су тамшылап тоқтамаған соң, ауыстырдық. Жатын бөлменің іргесіне дейін сорғалаған судан сарғайып кетті. Қабырғаның жапсарлары ашылып барады, – дейді ол.

Бесінші қабаттағы дәл шам мен «электрощиттің» төбесінен де су аққан. Ал еденге ешқандай кафель төселмеген. Тұрғындар цемент еденнің жууға  келмейтінін айтады. «Еденді сыпырса, шаң бұрқырайды. Бұл бала-шағаға зиян», – дейді.

– Үйдің сол жақ қанаты, яғни төртінші подъезд отырып кетті. Сондықтан жертөлеге жаңбырлы маусымда су құйылады. Ол жаз бойы кеппейді, су тізеден толып жатады. Қыстың ортасында да батпақ болып жатыр, міне. Жазда бұл жерге шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа қаптайды, – деді тұрғын Ермұхаммед Мәнтешұлы. Оның айтуынша, үй құрылысы кезінде тастаған қоқсық 2015 жылдан бері жертөледе шығарылмай сол күйі жатыр.

Төрт жылдан бері осы үйдің мәселесімен жүрміз. Айта берсек, мұңымыз көп. Құрылыс бөліміне бірнеше хат жаздық. Олар кемшіліктерді 2018 жылдың 15 шілдесінде жөндеп беретіні жайында жазбаша жауап берді. Алайда аталған мерзім өткелі екі жыл болды. Біздің бекітілген «КСК-ға» да көңіліміз толмайды. Бастапқыда ақысын уақтылы төледік. Кейін жұмысын атқармаған соң төлеуді қойдық, – деді үй тұрғыны Айдын Жақсыбаев.

Тұрғындар шуы қала әкімдігінің құлағына да жетті. Мекенжайға шаһар басшысының орынбасары Тамара Рахимжанова келді.

– Бұл үйдің құрылысы талапқа сай келмесе де, құжаты 2015 жылы заңсыз қабылданып кеткен. Құрылыс бөлімі үйді салған «Стройэлитритэлити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кем-кетікті реттеуді ескертсе де, мердігер мекеме міндетін орындамаған. Тұрғындарға берілген үш жылдық кепіл мерзімі өтіп кетті. Енді бұл үйдің кемшілігін түзету үшін тек сотқа жүгіну керек. Бүгін құрылыс мекемесінің өкілі, «КСК» жетекшісі және тұрғындардың қатысуымен жиналыс өткіземіз, – деді Тамара Рахимжанова.

Оқиға орнында болған «КСК» жетекшісі Ринат Нысанов «тұрғындардың өзіне қарыз» екенін айтты. Ол «жұмысымды дұрыс орындамағанымды сотта дәлелдеңіздер» деді. Тұрғындар да «енді тек соттан үміт күтеміз», – десті.

Айта кетейік, Өскемендегі «КШТ» ықшам ауданында кейінгі бес жылда жаңа үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қала әкімдігінің баспасөз хатшысының мәліметінше, былтыр 26 көпқабатты үй пайдалануға берілген. Биыл 13 үйдің кілті табысталады деп жоспарлануда.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button