Қоғам

Жаңа тұрғын  үйден жағымсыз иіс шығады

Өскемендік Сержан Құсайынов пен Әйгерім Мұхамадиева ERTIS CITY тұрғын үй кешеніндегі элиталық көпқабатты үйден пәтер сатып алғандарына қатты өкінеді. Себебі үй ішінен шығатын күлімсі иіс әбден мазаны кетіріп болды.

– Мұрын жарардай ащы, сасық. Құтылмай-ақ қойдық. Көзіміз де ашып бітті. Әсіресе лифтіге отырсаң төмен жақтан мүңкіп тұрады, – дейді олар.

Сержан мен Әйгерімнің көршілері де жағымсыз иіс жоғарғы 9-10-қабаттарға дейін жетіп, жайлап алғанын айтады. «Балаларымыз сыртқа шығарда мұрындарын жауып алады, демалмайды. Есіктен атып шығады да төменге жүгірген күйі кетеді. Үйдің іргесі көгеріп, қабырғасы зақымдана ма деп алаңдаймыз», – дейді олар.

Айтуларынша, бәрі үйдің жертөлесіне салынған бассейннің кесірі.

– Біз бұл жерден үй аларда жертөленің сатылатыны, оған бассейн салынатыны ескертілген жоқ. Бұл қаншалықты заңды? Бассейн иесінің өзі болса әңгімелесуден қашады, – дейді Гүлмира Күзембаева есімді тұрғын.

Бассейн иесі жертөлені жалға алып отыр. Ал жертөледегі орын үйдің бірінші қабатындағы дүкеннің иесіне тиесілі. Олардың орнына өкіл Алмас Нұрғалиев тұрғындар алдына келді. Айтуынша, жағымсыз иіс бассейннен шықпайды. Оның таралуына тұрғындардың өзі кінәлі.

– Бассейн қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Осы аптада үйдегі кәріз құбыры жарылған болатын. Сонда іші толған қоқыс екенін көрдік. Тұрғындардың өзі памперс, пакет сынды әртүрлі заттарды тастаған екен. Видеоға да түсіріп алдық. Ал құжат мәселесіне келсек, барлығы заң шеңберінде жасалған, – деді кәсіпкерлердің өкілі болып келіп тұрған Алмас Нұрғалиев.

ПИК жетекшісі Наталья Макоедова да Алмас Нұрғалиевтің сөзін қуаттады.

– Ірге ылғалданып, қабырға көгеруі мүмкін деген қорқыныш жоқ. Егер, шынымен, тұрғындар айтқандай, ылғалданған болса, жертөледегі электр қалқаны тұйықталып қалар еді ғой. Жоқ, бүкіл үйге беріліп тұрған ток желісінің бойы құп-құрғақ. Еден де ешқандай дымданбаған, – деді Наталья Макоедова.

Тұрғындар мәселенің ақ-қарасын білмек болып облыс әкімдігіне шағымданған. Үйдің ауласына жиналған оларға қала әкімдігінің өкілдері келді. «Бассейнге тексеріс жүргізіледі. Оның басы-қасында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары да болады. Расымен, бассейн талапқа сай келе ме, жоқ па  қорытынды жасайды» деп түсіндірді олар.

Тұрғындар бұл мәселе уақыт ұзатпай тез арада шешілгенін қалайды. Жүзден астам шаңырақ тұрып жатқан үй жағымсыз иістен тазарады деп үміттенеді.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button