Руханият

Жаңа маусым «Қанды азумен» ашылады

Шығыс Қазақстан облыстық  Қазақ драма театрының  21-ші маусымы 10 қазан күні М.Әуезовтің «Көксерек» повесінің желісі бойынша сахналанған «Қанды азу»  поэтикалық трагедиясымен ашылмақ. Аталған қойылым, өткен жылы Әмина апамыздың 100 жылдығына арналған  республикалық фестивальдың жүлдегері атанған болатын. Қойылымның режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,  режиссер  Болат Ұзақов.

Бұл спектакльдің тұсауы өткен жылдың наурыз айында кесілген болатын. Қойылымның премьерасы туралы газетке «Ақ азу неге Қанды азуға айналды?» деп мақала да жаздық. Кішкентай кезінен адамдардың арасында өскенімен, Ақ азудың неге оларға өкпесі қара қазандай?  Өйткені адамдар оны анасынан, азаттығынан айырды. Сол жолы кейбір көрермендер бұл қойылымды М.Әуезовтің «Көксерек» повесімен шатастырып, оқиғаны бұрмалағаны, кейіпкердің атын өзгерткені қалай деп те жатты. Нақтырақ айтсақ, бұл шығарма «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, актер Байғали Есенәлиевтің М.Әуезовтің «Көксерегінің» ізімен жазған туындысы. Ол бұл дүниесі үшін «Алтын қалам» әдеби байқауында «Драматургия» саласы бойынша жүлдеге де ие болған. Мұндағы кейіпкерлердің аттары да бөлек. М.Әуезовтің «Көксерегіндегі» баланың есімі Құрмаш болса, «Қанды азудағы» баланың аты Бораш. Сол жолы спектакльдің тұсаукесерінде біз қойылымның режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовпен де әңгімелескен болатынбыз.

-Жалпы, мұндағы оқиға адамдар мен қасқырлар туралы болғанымен, шын мәнінде, әлемдегі мынау үйлесімділіктің бұзылуы жайлы. Бәріне кінәлі – адам. Өйткені, о баста Алла тағала бәрін тепе-теңдікте жаратты ғой. Келе-келе өркениет шарықтап, техника, технология дамыған заман туды. Адамның да сана-сезімі толысып, мүмкіндіктері көбейді. Дейтұрғанмен, соның бәрі адамның өзінің болашағына кері әсерін тигізуде. Қазір қарасаңыз, адамзат баласы табиғи апаттардан көз ашпайды. Техногендік апаттар көбейді, жануарлар дүниесі жұтаң тартты. Табиғат байлығын да қомағайлана қазып алып жатырмыз. Осының бәрі адамның өзінің болашағына қауіп туғызып жатыр. Адам өзіне-өзі ор қазуда. Қазір рухани жұтаңдық белең алуда. Біз рухани экологияға, адам жанының экологиясына тап болдық. Қазір қатыгездік көбейіп кетті. Бұрын болмаған сұмдықтардың бәрі болып жатыр. Өмір – бумеранг. Жақсылық жасасаң – жақсылық, жамандық жасасаң, жамандық алдыңнан шығады. Осы спектакль арқылы біз «Не істесек те ойланайық. Іс-әрекетімізге есеп берейік. Ертең ұрпағымызға не қалдырамыз? Қандай табиғатты мұра етеміз?» дегенді айтқым, жеткізгім келді, – деген болатын сол жолы қойылымның режиссері Болат Ұзақов.

Иә, бүгінде режиссердің айтқаны айдай келді демеске амал жоқ. Әлемді жайлаған коронавирус індеті апат емей немене? Адамзат баласы қандай қылығы, қандай әрекеті үшін осындай індетке тап болды? Жақында газет бетінен ақын Әлібек Шегебайдың «Дәуір дерті» атты өлеңін оқыдым.

«Дабыра мен дақпыртқа құмар ек тым,

Қауқылдаған кешегі құлады екпін.

Тынышталып бір сәтке,

Тыңдайықшы,

Не дегісі келіп тұр мына дерттің?!» – дейді ақын. Одан әрі:

«Жақсылықты жамандық жуып бітті,

Жүректер де кеткендей суып тіпті,

Оңашада отырып ойлансын деп,

Адамзатты үйіне қуып тықты» – деп толғайды.

Қалай десек, «Дәуір дерті» адамзат баласына біраз нәрсені түсіндіргені, сезіндіргені ақиқат.

Шыны керек қазір әлемді дерт дендеп тұр. Күн сайын небір жақсылар мен жайсаңдарымыз, асылдарымыз осы дерттің құрбанына айналуда. Коронавирус індеті кино, театр өнеріне еңбегі сіңген жарық жұлдыздардың да өмірін жалмауда.  Голливуд актері, киносүйер қауымға «Крокодил Данди»,  «Соқыр кездесу» атты фильмдердегі рөлімен жақсы таныс Марк Блум, әйгілі италияндық актриса Лючия Бозе осы дерттен көз жұмды.   «Терісқақпай» театрының актері Дархан Дайырбектің небары 51 жасында осы дерттің құрығына ілініп, өмірден озғаны талай жанның қабырғасын қақыратып жіберді. «Nomad Stunds» командасының танымал актері және каскадері Мұрат Мұқашевтың да мезгілсіз қазасы өнерсүйер қауымға өте ауыр тигені шындық. Бірақ адамзат баласы бәрібір жақсылықтан, жақсы күннен күдерін ешқашан үзбек емес. Әлемдік пандемияға байланысты театрлардың есігі наурыздан бері көрерменге тарс жабылғанымен, жұмыс жүріп жатты.  Облыстық Қазақ драма театрының қойылымдары да наурыз айынан бастап негізінен онлайн режимінде өтті.  Сонымен қатар  театр ісіне қатысты өзге де іс-шаралар онлайн режимінде ұйымдастырылды.  Театрдың көркемдік жетекшісі С.Акелеевтің,  Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Т.Жаманқұловтың ұйымдастыруымен өткен «Театрдың бүгіні және қойылымдардың сапасы мен режиссерлер» жөніндегі онлайн сұхбатқа театр актерлері белсенді түрде қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. Театр сыншысы Анар Еркебайдың жетекшілігімен өткен «Театртанушылар мен Қазақстан театрларының байланысын нығайту, бүгінгі қазақ театрларының тенденцияларын анықтап, оның дамуы мен жұмыс істеуі» және М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты А.Мұқанның ұйымдастыруымен болған «Бүгінгі қазақ театры және драматургиясы» атты онлайн сұхбатта да театр актерлері балаларға арналған қойылымдардың аздығы жөнінде пікір білдіріп, ойларымен бөлісті.

Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына және Отбасы күніне арналған «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Тәрбие отбасынан басталады» атты, сондай-ақ Абайдың 175 жылдығына орай түсірілген бейнетаспалар көрермен көңілінен шықты.  Театр актерлері Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Абайдың 175 жылдығына орай «Жүректе қайрат болмаса…»  жобасы бойынша театр актерлері ақынның қара сөздері мен өлеңдерінен бейнетаспа түсірді. Қойылымдар көрсетілімі онлайн форматта әлі де жалғасын табуда.

–Ағымдағы жыл Абай мұраларын насихаттайтын жыл болғандықтан, онлайн форматтағы іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасын табады. Абай мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жарқырап, жасарып жете беруі тиіс, – дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаева.

Шығыс Қазақстан облыстық драма театры ұжымы биылғы жаңа маусымда көрермендерін тағы бір жаңа қойылыммен қуантпақ.  Ғ.Мүсреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» шығармасын сахналауды театрдың жас режиссері Асыл Қозықанов қолға алды. Пандемияға байланысты барлық сақтық шараларын сақтай отырып, дайындық жұмыстары жалғасуда.

–Биыл Шығыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театры үшін мерейтойлық жыл. Алғаш 2000 жылы аталған қойылыммен сахна шымылдығы түрілген болатын. 20 жылдан кейін қойылым жаңа леппен, жастардың заманауи көзқарасымен қайтадан көрерменге жол тартпақшы. Біздің мақсатымыз, театр сахнасында  халықтың өмірін, тарихын, ертеңін, ақ пен қараны бүгінгі ұрпаққа өнердің тілімен жеткізу, – дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаева.

Иә, «Театр – үлкен өмір, халықтың шынайы тағдырын көрсетер айнасы» деп  Мұхтар Әузеов айтқандай, 7 қазаннан бастап театр жұмысы қайтадан жанданбақ. Әрине, қойылым кезінде санитарлық талаптар толық сақталады.  500 кісілік  көрермен залына 50 көрермен ғана жайғаспақ. Бұған театрға келушілер де түсіністікпен қарайтыны сөзсіз. «Қанды азу»  2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХҮІІ республикалық фестивалінде үздік деп танылған он екі қойылымның бірі. Сол фестивальде қойылымда Бораш  рөлін сомдаған актер Елдос Мәсәлім «Екінші пландағы ең үздік ер адам бейнесі» номинациясына ие болған болатын. Қойылымды көруге асығыңдар, қымбатты көрермен!

«Қанды азу» қойылымы

9 қазан күні сағ.18.00 – де

10 қазан күні сағ 17.00- де басталады

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button