Қоғам

Жүзу бассейні жөнделіп жатыр

       Балалар мен жастар шығармашылығы сарайындағы жүзу бассейні ұзақ уақыт бойы жабық тұрды.  Қазір бассейн жөнделу үстінде.

Бассейнге күрделі жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын қалалық мәслихаттың комиссиясы да  тексеру барысында айтты.

– Екі-үш жыл бойы осы сарайда бассейн жұмыс істемеді. Қазір оң өзгерістер байқалады. Ақыры жөндеу жұмыстары басталды, сарай директоры оның барысын жеке өзі қадағалайды, – деп атап өтті мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов.

Балалар мен жастар сарайының директоры Қанат Шапатов мұндағы залдың  жағдайына байланысты бассейнді жабуға мәжбүр болған. Олар білім бөліміне ресми хат жіберіп, жөндеу туралы өтініш түсірген. Күрделі жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы»  бағдарламасы бойынша 2020 жылдың наурыз айында  басталды.

– Қазіргі уақытта жұмыстың 55% -ы орындалды, нысан осы жылдың 14 желтоқсанында тапсырылады. Плиткалар, шатырлар, хлорлау және сумен жабдықтау жүйелері өзгереді. Қабырғалар күшейтіледі. Сарай 1992 жылы пайдалануға берілді, содан бері бассейнде бірде-бір күрделі жөндеу болған жоқ.  Мұнда 600-700 бала жүзумен айналысады. Біздің мақсатымыз–балаларды суда жүзуге  үйрету. Сондықтан бассейн өте жақсы жағдайда болуы керек, – деді Балалар мен жастар шығармашылығы сарайының  КМҚК директоры Қанат Шапатов.

Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, Балалар мен жастардың шығармашылығы  сарайының өзі 1992 жылы пайдалануға берілді. Нәтижесінде ұзақ жыл жөндеусіз тұрып қалғандықтан, көптеген кемшіліктер анықталды. Бұлардың барлығы қазір жөндеу кезінде бақылауға алынбақ.

– Жабын плиталарына жөндеу жүргізілді. Мердігер оларды ауыстыру қажет деп тапты. Барлығы 50 плита ауыстырылды. Шатырды, сүзу жүйесін қайта жаңғырту керек. Қазір душ дайын. Іргетастың төменгі бөлігін мердігер күшейтеді, сонымен қатар терезелер алюминий-пластикпен ауыстырылып, арнайы  желдету жүйесі пайда болады. Күрделі  жөндеудің  жалпы сомасы – 237 млн. теңге. Шарт бойынша бассейн биылғы 14 желтоқсанда пайдалануға беріледі, – деді Қанат Шапатов.

Қазір нысанда 81 адам жұмыс істейді. Жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Раушан Нұғманбекова

     Семей.

Осы айдарда

Back to top button