Руханият

Жүз жыл болған астау

Ежелден малсақ  халқымыз төрт түліктің өнімдерін кәдеге жаратып, тұрмыс-тіршілікке кеңінен пайдалана білген ғой. Өкінішке қарай,  бүгінгі таңда тері, жүн сияқты шикізаттың қадірі кетіп, қотанда  шіріп  жатыр. Қазір  қай  ауылға барсаңыз, тері тұздап, өңдейтін ер-азамат, жүн түтіп, жіп иіретін  әйел  жоқтың  қасы. Осылай  жалғаса берсе, болашақ ұрпақ ұлттың қолөнерінен мүлдем мақұрым  болатынына кәміл сеніңіз.  

Ел іші болған соң қолөнердің   ұмыт болып  бара жатқан   түрлерін  кәсіпке айналдырып отырған ағайындар ауыл ішінде арагідік  болса да кездеседі. Осы жаздың  шіліңгір ыстығында  жайлауда  болып, ата дәстүрді  жалғастырып келе жатқан    қандас  бауырлардан  ұмыт бола бастаған ұлттық өнердің не- бір жауһарларына куә болдым.  Тіпті осындай  асыл  дүниелерді  көремін деген ой үш ұйықтасам  түсіме  кірмеген еді.

Өздерін «Орта жүзге аты шыққан Сәмеке бидің ұрпағымыз» деп  таныстырды тарихи отанына оралғанына  төрт-бес жылдың жүзі болған  ерлі-зайыпты Бақытгүл Өкен мен Кемпірбай Серік. Екеуінің де қолынан келмейтіні жоқ.  Өздерінде сирек кездесетін ғасырдан асқан жәдігерлер де бар. Олар бала күннен  қолөнермен  айналысып,  ата дәстүрді бүгінге жалғастырып келе жатқан жандар. Шәуешек жеріндегі қандастарымыздың негізгі кәсібі –  мал  шаруашылығы.   Отағасы Серік негізінен тері илеу кәсібін жете меңгерген екен.  Теріден  түрлі ұлттық қолөнер бұйымдарын   жасайды.  Біздің өңірде қамшының төрт түрі  болса, Серік Кемпірбай кәдімгі тобылғы сапты қамшының сегіз түрін  өретін болып шықты.  Серік өз қолымен өндірген тері өнімдерінен  жасалған қолөнер бұйымдарының барлық түрі сапалы болып шығатынын айтады. «Қазіргі тері өңдеу технологиясына түрлі химикаттар қосылады, ол сапалы болмайды  әрі экологиялық жағынан таза емес, сапасы өте төмен болады» дейді ол.  Мәселен, өзінің киіз үйінде тұрған қымыз пісетін және айран құйылған торсыққа 50 жылдың жүзі болыпты.  Әкесінен қалған мұра екен.  Сыйымдылығына байланысты осындай өнімнің бірнеше түрін өзі де жасайды. Біз білмейтін қайыстан жасалған заттардың түр-түрі  бар. Соның бірі – қайыс арқан. Ол негізінен түйе терісінен өріледі екен. Қыл  арқаннан кем емес. Біз Серіктің қолынан 15-20 метрлік  қайыс арқанды  көрдік. Бұл қолөнердің сирек кездесетін  түрі.  Серік тері өнімдерінен  кәдімгі торсықтың төрт түрін жасайды.  Соның ішінде көшпенді жұрт үшін ең қолайлысы жан торсық деп аталады.  Сусын құятын бұл торсық өте ыңғайлы. Айтуынша, Шәуешектің Тарбағатай ауданының малшы қауымы  мұны әлі күнге дейін  пайдаланады.

Секең өз  өнерін үйретуге аянбайтын жан екен.  Ол қолданбалы өнердің осы  түрін жандандыруға  дайын.  Бірақ  шағын бизнесті  өрістетуге мүмкіншілік таба алмай отыр.  Түрлі бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп,  талай табалдырықты  тоздырған, нәтиже жоқ.

Жалпы, бұл отбасында қолөнермен айналыспайтын жан жоқ. Отанасы  Бақытгүл Өкеннің де өнері бір басына жетіп артылады. Ол маржан тоқу өнерін  шебер меңгерген. Түрлі- түсті асыл  тастардан  үй  тұрмысына  қажетті  заттардың  барлығын  жасайды. Аруларымыз қымбатқа шетелдік тауар өндірушілерден сатып  алатын небір асыл  заттарды    Бақытгүл де  жасай алады. Тағы бір ерекше  назар  аударатын нәрсе,  қолөнердің әлемде айрықша бағаланатын түрі  –  тоқылған алаша. Сол сияқты шиге орап  тоқылған туындылары да керемет. Барлығы көздің  жауын  алады.   Бақытгүл  бұл өңірде  гобелен өнеріне  қызығушылық төмен екенін айтады,  ал Қытайда  қолөнердің  бұл түрін  ерекше  бағалайды, тіпті мемлекеттік  тұрғыда  ерекше  қолдайды  екен.

– Бұл туынды  жүннен жасалған қолөнердің ең  бағалысы болады.  Мәселен, Шәуешекте тұрғанда менің кейбір  туындыларыма  шетелден келген туристер  аса қызығушылық танытатын, тіпті  тапсырыс  бергендер де  болған.  Ал  мен тарихи  Отаныма  оралғалы тек бір ғана туристік фирманың өкілі қызығушылық танытты. Ендігі мақсат  – қолөнердің осы   түрін дамытуды түптеп  қолға  алу  болып  отыр,- дейді ол.  Бақытгүлдің негізгі мамандығы медбике. «Шебердің қолы ортақ» демекші, оның ағаштан да түйін түйетін  шебер екенін  байқадық.  Үйдегі қымыз құятын үлкен тостақ,  зерлі тостағандар көзге бірден түсті. «Осындай  өнерім де бар» дейді ол күліп. Бір кезде керегенің басында  ілулі тұрған  көне  астауды  қолыма ұстатты. Бұл астаудың  тарихы  тіптен терең екен, астаудың  жасалғанына  102 жыл болыпты, ғасырдан асқан көне жәдігер. Осы жерде  әңгімеге отағасы Серік  араласты.

-Бұл үлкен әжемнен қалған  мұра  еді.  Атам Бибосын өзінің  қызы Зақанның  жасауына жасаған астау болатын. Атам осыны Шәуешектің Тарбағатай  ауданында өсетін қара ағаштан жасаған,- дедіСекең.

Атадан келе жатқан үлкен мұра  қолынан іс келетін  келіндеріне табысталады екен. Бүгінде астау әулеттегі ең кенже шөбере келіні Бақытгүлдің қолында.

Ерлі-зайыпты шеберлердің өнері тасада қалып қалғандай көрінді маған.  Соңғы жылдары өңірімізге туристердің  келуі жиілегенімен,  біздің Шығыста ұлттық  өнерге өріс ашылмай тұр. Шіркін, шалғайдағы осындай  таланттардың  туындыларын нарыққа шығаруға жол ашылса, нұр үстіне нұр  болар еді ғой.   Ұлттық өнердің де айы оңынан туар еді.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.  

Осы айдарда

Back to top button