Жұрт коньки теуіп жүр
Аягөз қаласының өзінде үлкен-кішісін есептегенде 7-8 мұз айдыны бар. Осылардың бәрінен таңертеңнен қас қарайып, қараңғы түскенше коньки тепкен балаларды көресіз.
Шыңылтыр аяз бен ақ түтек боранды күндері де аяқтарынан коньки түспейтін олар таза ауада серуен құрғанды жандары сүйеді. Дегенмен, жуырда ғана жас жұбайлар Аян мен Ақмаралдың қала орталығынан ашқан мұз айдынына келушілердің саны күн сайын артып келеді. Солай болуы заңды да, өйткені мұнда шаршасаңыз, жайлы бөлме ішінде бой жылытып, шай, кофе ішіп, бір сәт бой сергітіп алуыңызға да болады. Сосын сізді тосып жатқан жалтыраған мұз айдынында сырғанаңыз. Мұз айдынының ені 15 метр де, ұзындығы 40 метр. Күн сайын бірнеше рет арнайы құрылғымен тазартып, жалтыратып тұрады.
– Осы мұз айдынын салу көптен бергі арманымыз болатын. Өйткені 40 мың тұрғыны бар қала халқына қанша мұз айдынын салса да көптік етпейді. Неге десеңіз, салауатты өмір салтын ұстану – баршамыздың міндетіміз ғой, – дейді жасы отызға да ілінбеген Аян Әлімбаев. – Өткен жылы мамыр айында осы өзіңіз отырған шағын ғимараттың құрылысын бастағанбыз. Жаз бойы іргетасынан бастап қалап, қара күзде бітірдік. Мына алаңқайдың астын тегістеп, су құйып едік, жалтыраған мұз айдыны болып шықты. Сосын 200 жұп конькиді 1,5 миллион теңгеге алдық. Жалпы, жиыны 8 миллион теңге қаржымыз шықты. Алайда оны өтеп алатынымыз анық. Өйткені күніне 100-ден астам адам коньки тебуге келеді. Осыларды қабылдап, реттеп отыратын мына жігіттің аты – Қанат деген азамат. Қазір алты жұмысшымыз бар. Билет құны – балалар үшін 500, үлкендерге 800 теңге. Ең қуаныштысы, қала халқы ризашылықтарын білдіруде.
– Қала орталығынан ашылып отырған Аян мен Ақмаралдың мұз айдынына келушілер өте көп. Әсіресе сенбі, жексенбі күндері ығы-жығы халықтан бас айналады деуге болады. Төрт қабырғаның ішінде телефонға телмірмей, бір сәт бетіңді аязға сорғызып, мұз бетінде сырғанағанға не жетсін! Сондықтан да мен мына тоғыз жастағы ұлымды осы жерге әкеліп, коньки тебуге үйретіп жүрмін, – дейді өзін Қайсар деп таныстырған жігіт.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.