Қоғам

Жұрт болып жұмыламыз

Кеше өңір басшысы Даниал Ахметовтің төрағалық етуімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған алғашқы Жолдауында айтылған міндеттер мен тапсырмаларды саралауға әрі насихаттауға арналған облыстық актив жиыны өтті.

Облыстық активке Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Байзатов қатысты. Қалалар мен аудандар бейнебайланыс арқылы қатысқан алқалы жиынға төрағалық еткен аймақ басшысы Президент жүктеген тапсырмаларды орындауға қысқа мерзім белгілегенін, мұндағы басты міндет – халықпен тұрақты диалог орнату арқылы азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру екендігіне тоқталды. Бұл ретте атқарушы билік органдары жұмысындағы негізгі басымдық – ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару екендігін атады.

Аталған  міндеттерді  шешу үшін облыс әкімінің қоғамдық қабылдау бөлмесі құрылған. Оған тұрғындардың: 1331 телефоны, интернет ресурстар, әлеуметтік желілер, «Бақылау» ақпараттық жүйесі және «Электронды қызметтер орталығы», жеке қабылдау арқылы өтініштер беру формалары біріктірілген.

Облыс әкімі мұнымен қатар өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге нақты қолдау жасалатынын, келер жылдан бастап негізгі қызметі бойынша олар үш жылға дейін салықтан босатылатынын, оларды тексеруге мораторий жарияланатынын, сонымен бірге жұмыс берушілердің қызметкерлер үшін зейнетақы жарнасын аударуы 2023 жылға дейін шегерілетінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, облысымызда кәсіпкерліктің дамуына, білім берудің сапасын жоғарылатуға, медицина мен туризм саласын түбегейлі дамытуға бұрынғыдан да ерекше көңіл бөлінеді. Сонғы үш жылда инфрақұрылымды дамытуға айтарлықтай қаржы бағытталды. Бірінші кезекте, Алакөлге. Оған дейінгі жолды жөндеуге, теміржол тасымалын, әуе рейісін субсидиялауға, арнаулы техникалар алуға облысық бюджеттен 6,2 млрд. теңге жұмсалды. Жағалау абаттандырылып, «Арбат» салынды. Қабанбай ауылындағы Мәдениет үйі мен мұражай қайта жаңғыртылды. Бұл жұмыстар алдағы төрт жылда тағы жалғасады, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің медицинасын түбегейлі жаңғыртып, облыс емханаларын орташа әлемдік стандартқа жеткізу үшін соңғы жылдарда 22,3 млрд. теңге қаржы бағытталғанын жеткізді.

Ал биыл Катонқарағай аудандық ауруханасы базасында «Алтай» курорты – емдеу-сауықтыру кешенін құру басталды. Онда келушілер мен туристерге халықтық медицина қызметін ұсынатын болады. Алтай ауданында тау шаңғысы туризмін дамытады.

– Облыстың білім саласын дамыту бойынша да үлкен шаруалар атқарылып, қомақты қаржы бөлінді. Оны ақпарат құралдарынан көріп отырсыздар, қайталап қажет емес. Тек айтарым, қала мен ауыл мектептерінің білім сапасы тең болуы керек. Ал біздің біраз ауданның білім сапасы Өскемен мен Семейдің мектептерінен озып кеткен. Сондықтан білім сапасын үнемі басты назарда ұстау қажет, – деді Даниал Ахметов.

Президент Жолдауында айтылған тағы бір жағымды жаңалық, мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің мәртебесін арттыру, өзге этностар тілін де ұлықтай отырып, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі дәрежесіне дейін жеткізу жайы болды. Біздің облыста бұған қажетті инфрақұрылымның бәрі бар. Қалалар мен аудандарда 12 тіл орталығы жұмыс істейді, оларда жеті мыңнан аса тыңдаушы оқып жатыр.

Келер жыл – тарихи мерекелік даталарға толы жыл. Алдымызда дана Абайдың 175 жылдық, ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойлары күтіп тұр. Республикалық ауқымдағы бұл тойларға Шығыста да үлкен дайындық басталып кеткен. Әсіресе маңызды шаралар ұлы ақынның туған жері – Шығыста өткізілетін болады. Сонымен бірге 2021 жылы тойланатын ел егемендігінің 30 жылдық мерейтойына да әзірлік қазірден басталған.

Бұдан бөлек Жолдауда ерекше маңыз берілгендей, өңірімізде «Шығыс – адалдық алаңы» жобасының аясында сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқын алады. Түрлі дауларды шешудің негізгі тетігі ретінде әкімшілік әділет жүйесі енгізіледі. Сот жүйесі, құқық қорғау органдарының қызметі күшейтілмек. Құқық қорғау саласының жұмысын жақсартуға жергілікті бюджеттен 10,7 млрд. теңге бөлініп отыр.

«Ақылды қала» жобасы аясында биыл облыс орталығында төрт мыңнан аса камера орнатылған. Фотобейне тіркеу мен бейне талдау жүйесі іске қосылған. Енді дәл осындай шаруаны тындыру Семей қаласы әкімі мен жауапты облыстық басқармаға тапсырылып отыр. Курчатов қаласы да бұдан шет қалмау тиіс. Ал 2021 жылға дейін Өскемен мен Семей қалаларында электронды билеттендіру жүйесін енгізу аяқталады.

 Өңір басшысының айтуынша, Жастар жылы аясында ауқымды шараларды қамтыған Жастар форумы ұйымдастырылып, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы қайта жанданады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына жан-жақты қолдау арта түседі.

Осыған орай тағы бір қуанышты жаңалық, облыста отбасылық табысы азайған тағы 144 көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көретін болады. Мәселен, активке қатысқан Өскемен қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Аида Абдрахманова көпбалалы аналарға беріліп отырған мүмкіндіктің арқасында жолдасымен бірге шағын шеберхана ашып, өз кәсібімді бастасам дейді. Ол үшін арнайы оқу оқып, бизнестің қыр-сырын да үйренген. Енді мемлекет бөлетін жарты миллион теңге грантты күтіп отырған жайы бар.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда атап көрсеткен бағыттардың барлығын өңірде тиімді әрі сапалы түрде жүзеге асыруға мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары, барша жұрт болып жұмыла кірісетін боламыз. Оған барлық мүмкіндік бар. Бұл ретте мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отыр. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «Жаңаруға ұмтылу – біздің дамуымыздың негізгі ұстанымы болуы тиіс», – деді облыстық активтің жұмысын қорытындылаған Даниал Ахметов.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button