Қоғам

Жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады

Егер жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталуға таяу болса, оны egov.kz электронды порталы арқылы онлайн түрде ауыстыруға болады дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының мамандары.

– Ол үшін egov.kz порталынан көлік және коммуникациялар бөліміне өтіп, жүргізуші кәулігін алу қызметін таңдау керек, сосын порталда авторланып, «Қызметті онлайн алу» батырмасын басу қажет. Бұдан әрі азамат өтінішті толтырып, электронды цифрлық қолтаңбамен қол қояды. Өтінімге jpeg форматындағы фотосурет пен қолтаңбаның үлгісі бар парақтың скан көшірмесін қоса тіркеуі тиіс, – деп түсіндіреді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мөлдір Зәруетқызы.

Ал баж төлеу барысында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан ауданға қарасты салық басқармасын таңдау керек. Жүргізуші куәлігі үшін мемлекеттік баж 1,25 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Тиісті баж салығын төлеген азамат электронды чекті басып шығаруы тиіс.

Құжаты дайын болған сәтте тұрғын ХҚКО-ға келіп мына құжаттарды ұсынады – жеке куәлік, басып шығарылған электронды өтініш, ескі жүргізуші куәлігі және мемлекеттік баж төлеу туралы басып шығарылған электронды чек.

Естеріңізге салар болсақ, Өскемен бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету секторы осы жылдың 1 шілдесінде Сәтпаев даңғылындағы 34/2 ғимаратта ашылған-ды.

– ХҚКО тұрғындарға әр алуан элек­тронды қызмет түрлерін ұсынады. Ескере­тін жағдай, алғаш рет жүргізуші куәлігін алу үшін де мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару міндет­ті, – дейді Мөлдір Зәруетқызы.

Айта кетейік, Өскемен тұрғындарына соңғы екі айда көлік құралын тіркеуге қою және тіркеуден шығару бойынша 12298 қызмет, ал жүргізуші куәлігін ауыстыру бойынша 3922 қызмет көрсетіліпті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button