Руханият

ЖҰМБАҚ АДАМ ЖҰМБАҚ БОП ҚАЛА БЕРМЕК…

     Шәкәрім атындағы  Семей мемлекеттік университетінің  көркем-графика  факультетінің профессоры  Нұрбұлан Өтепбаевпен  сәті түскен сұхбат.

      – Нұрбұлан аға,  сіз  соңғы  он  жылдың  көлемінде  Абайдың  суретін  қайта  салуды, ақынның  шынайы  образын  шығаруды  ғылыми  түрде  қолға  алыпсыз.

     – Ол рас. Бірақ мен Абай атамның суретін салуды одан да ертеректе бастағам. Тарихи мұрағаттарда Кузнецов деген фотографтың 1896 жылы  түсірген  ақынның  ұлдарымен  отырған  суреті  бар. Осыны әлі күнге пайдаланып келеміз. Алайда бұл сурет  мыңдаған  қолдан,  қанша  өңдеулерден  өтті. Көшірмелері  қанша. Атамның  суреті  алғашқы нұсқасынан  мүлде алшақтап кетті. Абайдың шынайы образынан айрылып қалдық. Әр суретші өзінше салады.  Сондықтан  қолдағы  бар  мұрағаттарды  пайдалана  отырып  атамның  суретін талдап, зерделеп-зерттедім. Сурет Абай атамның  50-ді еңсерген   шағы  болса керек. Фотограф та асқан шеберлік танытқан (алғашқы бейнесінде сақалының  селдір  болғаны  анықталды).

     Абай суретін салуға ондаған жыл уақытым кетті, ғылыми  мақалалар жаздым. Бала күнімдегі көнекөз ақсақалдармен  ақылдастым. Абайдың  қара сөздерін, өлеңдерін өте көп  оқыдым. Көбін  жатқа  білем.

Ал негізінен, Абай атамның кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ менің де ата-бабамның туған жері ғой. Сондағы   біздің өңірдің ақсақалдары «Тобықтының шалдарының  сақалдары  селдір болып  келеді» деуші еді. Осыған ерекше назар аудардым. Тобықты  ақсақалдарының бәрі  солай селдір сақалды  деп айта алмаймын. Зерттеулерімнің нәтижесінде  Абай  атамның  сақалы  селдір. Мен осыны  нақтыладым. Суретті бірнеше  вариантымен шығардым. Кезінде Ж.Аймауытов  негізін  қалаған  «Абай» журналы  1992 жылы  қайта  жарық  көрді. Сол журналдың  бетіндегі  Абай  атамның суреті  қаба  сақалды  болып салынған және бірнеше жыл солай болды. Абайға мүлде ұқсамайды. Тарихи  қолдағы  бар суреттен алшақтап  кеткен журнал мұқабасындағы суретті қайта салдық. Еліміздегі  көптеген  суретші  солай  салып  жүр. Бұл мүлде  дұрыс  емес.  Мен негізінде графикалық суретшімін. Абай  суреттерін иконографика арқылы салдым. Абай атамның  суреттері  менің  қаламұшымнан  селдір сақалды болып  шықты. Суретші көзімен ғұламаның  бейнесін нақтыладым деп  ойлаймын.

– Құнанбай атамыздың да  бейнесін  жасап  шығарыпсыз. Көргендер де, мамандар да,   «Сәтті шыққан  туынды!» деп баға  беріп  жүр екен.

Абай  атамның бейнесі  баршамызға қанық  болғанмен,  Құнанбай  бабамыздың  бейнесін  шығару  аса  күрделі  болды.  Әдебиетте сөзбен сомдалған Құнанбай  бейнесіне  қарасаңыз, бірыңғай қатыгездікті көресіз. Шын  мәнісінде  солай ма? Суреттер бейне  арқылы сөйлейді. Құнанбай бейнесін жасау үшін көп  еңбектенуге тура келді. Бағымызға қарай жас кезімізде  Құнанбайдың көзі тірі ұрпақтарын көрдік. Ол кезде  Құнанбайдың  шөбересі  Ахат  Құдайбердіұлы, Әрхам Ысқақұлы,  тағы басқа аға-апаларымыз болды. Айталық, Ахат ата  естелігінде  Құнанбай  халқына әділ  билік  жасаған  десе, Тобықты ішінде  «Ісің әділ  болса, Құнанбайға бар» деген  мәтел  бар.  Әрхам  атамыздың  естелігінде: «Құнанбай  қатын-баласына, туған-туыстарына  жылы шырай беріп, шешіліп әңгімелесіп  көрген емес» дейді. Міне, солардың  естеліктерінен  Құнанбай бабамыздың  образы жинақталды. Мәселен, Құнанбайдың  көзінің кемістігінің  қай жағында  болғандығы, сақалының  қалың, қаба сақалды болғандығы бабамыздың ұрпақтарының  айтуынша  салынған. Бұл  жерде  айта  кетерлік  бір  нәрсе,  Шәкәрім атамыздың да, біз көзіміз көрген Ахат Құдайбердіұлының да сақалы ұзын,  салалы  болған. Демек, біз жоғарыда  айтқан  Тобықты ақсақалдарының  бәрінің сақалы селдір  деуге  келмейді. Құнанбай образы  ескі  көздердің елесімен жасалды.  Сәтті шықты  деуге болады. Қазір  Абайдың ақын шәкірті  Көкбайдың  суретін  салып  бітірдім. Ол кісінің  тарихи  суреті  болған. Тегінде Көкбай атамның да сақалы сирек болған деседі.

Қазір  елімізде  ауыл-аймақтардың бәрінде ұлылардың  ескерткіштері  бой  көтеруде. Бұл,  әрине,  қуанарлық  жайт, ғалым  ретінде  көңіліңіз тола  ма?

Жоқ, мүлде  толмайды. Елімізде  әр елді мекенде ұлы тұлғалардың ескерткішін орнату кең етек алған сыңайлы. Бұл- құптарлық жайт. Ғалым  ретінде  айтарым, егер сол сомдалған ескерткіштер бейнелеу өнері талаптарына лайық болса, оған қойылатын міндетті талаптарына жауап беретін  болса сөз жоқ. Аз уақыт ішінде  жасалып  жатқан ескерткіштер науқандық шаралардың құр жаңғырығы. Ұлы адамдарға қойылған мүсіндердің бір-біріне ұқсамайтыны қалай? Образ біреу, ал бейнелер әртүрлі. Айталық Алматыдағы  қазақтың кәсіби мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев атамыз   М.Әуезовтің  кеңесімен  Абай  ескерткішін жасауға ұзақ уақыт  жұмыс істеген. Тіпті бірнеше нұсқасы Мұхтар ағаның  көңілінен шықпай  қалған. Мүсінші  Абай  еліне арнайы  келіп,  Абайдың  шөбересі  Ақылбаев  Бағыш  Әлмағанбетұлының  кеңесін  тыңдаған   екен.  «Абай  атамыз  осылай  болған-ау»  деген мүсінші шешімі бүгінде әлемдік шедеврге айналды. Болмаса  Семейдегі Д.Эльбакидзе  мүсіндеген  Абай  ескерткішін алайық. Осыны  мүсіндеу   кезінде  Абай  ұрпақтары көп кеңес  беріп  отырды. Мәскеуде білім алып жүрген жас талантты мүсінші М.Жанболатов осыны мүсіндеуге қатысқан. Кейін  марқұмның артында қандай тамаша еңбектері қалды. Кез келген  ескерткіш мағыналы, рухы биік, эстетикалық талғаммен жасалған шығармашылық ойдың  туындысы  болуы керек. Ал қазір  науқаншыл шараға еліктеп барамыз. Бейнелеу өнері  сол бағытқа бет бұрды. Ескерткіштер рухани  жаңғырудың шынайы келбеті емес. Ол- меротикалық қоғам мәдениетінің бейнесі. Ал  Х.Наурызбаев, Д.Эльбакидзе туындылары ұлт  мәдениетінің айнасы.

– Ұлы  тұлғалардың  мерейтойларында  сый-сияпат  ретінде  кәдесыйлар  жасалады. Абайдың 125 жылдығында сол кездегі  үкіметтік комиссия Ленинградтың Монет сарайында Абай  бейнесімен баральеф, төсбелгілер жасалған.  Осыны ұзақ уақыт пайдаландық. Мұражайларда әлі бар. Сіздің көзқарасыңыз қалай?

Иә, жас кезімде атамның бейнесі менің де кеудемде  болған. Бірақ менің көкейімде  сол бейнелер  Абай  атама  емес, коммунистік көсемдерге көп ұқсаушы еді. Қазір де солай.  Өйткені сол заманда Абайдың  айқын  бейнесі  берілмеген. Біз  осы  мүсіндер арқылы  ұзақ  уақыт Абай бейнесін логотип ретінде  пайдаландық. Бұл – әрине, қателік болатын. Абай атамның  175 жылдық  мерейтойында  осындай  кәдесыйлар болып  жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Нұрбұлан  аға, суретші  ретінде  «Абай  бейнесі  толық  айқындалды» деп  айта аласыз  ба?

– Мен олай деп айта алмаймын. Айталық, Абай  шығармаларын  уақыт өте келе қайта  қарап шықсаңыз,  ақынды  мүлде  басқа  қырынан  танисыз. Абайды  оқыған  сайын өзге   қырынан танып отырасыз. Қазір менің шәкірттерім Абай  бейнесін жазумен әуестеніп жүр. Бірі магистр, енді бірі докторант. Олар  Абайды басқа  қырынан  байқауы мүмкін.  Абай жұмбақ  адам  және  солай  болып  қала  береді.

Қазір зейнеттесіз, бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Менде  бос  уақыт  болмайды. Университетте дәріс оқып жүрмін. Бос  уақытымда  шығармашылықпен  айналысам. Соңғы  кездері  мақал-мәтел  шығаратын  болдым.

Ондай да  өнеріңіз  бар ма?

– Шынайы  өнер  адамының  бойында  бәрі  болады.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Қадырбек  Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button