Қоғам

ЖҰМА САЙЫН – ТЕГІН НАН

Үржар ауданында шағын және орта бизнес  өркендеп келеді. Биыл кәсіпкерлік субьектілерінің саны он пайызға артқан. Кәсіпкерліктің дамуы бағаны себепсіз қымбаттатпауға, қайырымдылық шараларының көбеюіне септігін тигізуде.

– Осы жылдың  1-ші тоқсаны бойынша ауданда 440,8 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда өндірілген өнімнің табиғи көлем  индексі 123% болды. Үстіміздегі жылдың 1-ші  тоқсанында ауданға тартылған инвестиция көлемі 1271,3 миллион  теңгеге жетіп,  былтырғы  кезеңге қарағанда  166 %-ға артты, – дейді ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік  бөлімінің сектор меңгерушісі Назым Байпейісова.

Сонымен қатар осы кезеңде ауданда 5157 шағын кәсіпкерлік  тіркелген, оның 2314-і  – шаруа қожалығы, 207-сі – заңды тұлға, 2636-сы –  жеке кәсіпкер. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,7 %-ға көбейді.

Экономиканың  одан әрі өсуіне  кәсіпкерлік  саласының  тигізер әсері мол. Аудан тұрғындарына  бір ет  комбинаты, екі диірмен, 21 наубайхана, екі сүт қабылдау және өңдеу орталығы, 556 дүкен, 30 дәріхана, үш кондитерлік  цех, он қонақүй, екі базар,  он монша, 35  техникалық  қызмет көрсету стансасы, 18 жанармай стансасы, 80-ге жуық қоғамдық тамақтану орны, 110 кәсіпкерлік нысаны қызмет көрсетеді. Жыл басынан  бес сауда дүкені, үш шаштараз, сұлулық салоны, екі қоғамдық  тамақтану орны – жалпы барлығы 20-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Сондай-ақ инфляцияны тежеу мақсатында биыл әр сенбі,  жексенбі  күндері Үржар, Мақаншы, Таскескен ауылдарында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тауарлар нарық бағасынан 10-15 пайыз арзанға саудаланады.

Кейінгі  кезде «Көмек қолыңды бер»  акциясы  негізінде  «Бір нан алсаң, бір  нанды мұқтаж адамдарға тегін бер»  іс- шарасы жалғасып келеді, Үржар  ауылындағы «Гүлназ», Мақаншыдағы «Нэйля» дүкендерінде мұқтаж жандарға  күніне бір бөлке наннан тегін  таратылуда. Ал кәсіпкер  Кәрім  Ақиқаттың аудан орталығындағы «Сұңқар» дүкені жұма сайын ардагерлерге екі бөлке наннан тегін  үлестіріп келеді.  Мұндай ғибратты іс басқа  бизнес иелеріне де үлгі болсын демекпіз.

Жыл басынан  бірінші  кезектегі тауарлардың бағасын  тұрақтандыру мақсатында 297 жекеменшік иесімен  ынтымақтастық меморандумы  жасалды. Оның ішінде 267 дүкен, 20 наубайхана,  екі сүт  өңдеу орталығы, бір  диірмен, екі май цехы, бес көтерме сауда дүкені бар. Азық-түлік бағасын тежеу жұмыстары жалғасын табуда.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button