Руханият

«Жұлдызға» 33 жыл болды

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде тағы бір ғажап көрме ашылды.  «Бізге 33 жыл» деп аталған көрмеге Өскемендегі «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің   көркемсурет бөлімі оқушыларының үздік жұмыстары қойылған. 

 Мектеп өзінің шәкірттерін 1987 жылдың 20 тамызында қабылдаған екен. Оның негізін қалағандардың бірі – Светлана  Барабанова . Содан бері 33 жыл да зымырап өте шығыпты. 33 жыл… Бұл – айтуға ғана оңай. Ал шындығында, баланың қиялын шыңдап, арманына қанат бітіру әсте оңай жұмыс болмаса керек. Қаншама күш, қаншама қажыр-қайрат керек. Бұл мектепте оқушы мен ұстаз шығармашылық жұмыстағы серіктестер болып саналады. Үлкендердің міндеті – баланың  бойындағы  дарынына немқұрайды қарамау, баланың бойынан қандай да бір талпыныс пен талантты байқаса, оның отын өшіріп алмай, алға жетелеу.  Қазіргі уақытта бұл өнер мектебіне Дархан Қасенов жетекшілік етіп отыр. Оның айтуынша, бүгінде өнер мектебінің көркемсурет бөлімінде 400 бала оқиды. Оларға шебер, тәжірибелі, кәсіби педагог-мамандар дәріс береді. Мектеп оқушылары жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мысалы, жақында ғана ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған республикалық Абайдың қара сөздеріне арналған иллюстрация байқауына қатысып,   мектептің 13 оқушысы жүлдегер атаныпты. Жұмыстары жаңа форматтағы «Қара сөздер» жинағына енген. Өнер мектебі ұжымын музей директоры Бекайым Ұябаева құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ П.Тельманов, Л.Савченко секілді ұзақ жылдар бойы өнер мектебінде дәріс берген ұстаздар да сөз алып, шәкірт тәрбиелеудің өзіндік қызығы мен қиындығы туралы ойларын ортаға салды.

Иә, бала қиялы тым жүйрік. Қабырғадағы қызылды-жасылды түске толы картиналар сізді ертегі әлеміне жетелейтіндей. Жеткіншектердің ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арнап салған суреттері де мәнді, мағыналы. Міне, 15 жастағы Юлия Исава  өзінің картинасына «Абайдың музасы» деген атау берсе, Ксения Отставнова «Ақын жырлаған жердің» сұлулығын кенепке түсірген.

Иә, балаларға бұл мектеп ерекше ұнайды. Ал өнер оларды одан да бақытты етеді. Келушілер бұл көрмені қазанның 18-іне дейін тамашалай алады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button