COVID-19 

Жүкті әйелдерге инфекция несімен қауіпті?

Қант диабеті бар жүкті әйелдерге коронавирустық инфекция несімен қауіпті? Асқынулардың алдын қалай алуға болады?  Профилактика шаралары мен емдеуге қалай дұрыс қарау керек?  Өңірдің медицина қызметкерлеріне арналған “Covid-19 кезіндегі жүктілік және қант диабеті” оқыту онлайн-семинары барысында “СМУ” КЕАҚ  эндокринология кафедрасының ассистенті, жоғары санатты дәрігер Гүлнар Сәрсебаева осы және басқа да көптеген өзекті сұрақтарға жауап берді.

ҚР-ның  2019 жылға арналған қант диабетін диагностикалау және емдеу жөніндегі соңғы консенсусына сәйкес жүкті әйелдерде қант диабетінің (ҚД) бірнеше түрі кездеседі: гестациялық ҚД – бұл  уақытша жағдай,  әдетте екінші-үшінші триместрде пайда болады,  оған “манифестті” ҚД өлшемдеріне сәйкес келмейтін гипергликемия  тән  және босанғаннан кейін өздігінен жоғалып кетеді;  жүктілік кезінде манифестелген 1-ші және 2-ші типті  ҚД (жүктілік кезінде 1-ші және 2-ші типті ҚД тән белгілерімен пайда болады); сондай-ақ 1-ші және 2-ші типтегі прегестациялық қант диабеті (әйелде  жүкті болмай тұрып, 1-ші және 2-ші типтегі қант диабетіне тән белгілермен білінеді).

– КВИ мен қант диабеті, әсіресе жүкті әйелдер үшін өте қауіпті комбинация. Дәрігерлер COVID-19 күдікті жүкті әйелдерді емдеу кезінде осы ерекшеліктерді ескеруі керек, – деп түсіндірді сарапшы. – Қант диабетімен ауыратын жүкті әйелде коронавирустық инфекцияның болуы кетоацидоздың даму қаупін арттырады. Жүктілік кезінде гликемияның көрсеткіші жүктіліктен тыс кездегіден  аса көп болмағанда да кетоацидоз дамуы мүмкін.

Оқыту семинарында  қант диабеті және COVID-19 бар пациенттердің жүктілігі мен босануы көптеген жағдайларда оптимистік болжаммен жүретіні айтылды. Алайда қант диабетімен ауыратын жүкті пациенттерді COVID-19 бар жүкті әйелдерді басқарудың жалпы заңдары бойынша бақылап қана қоймай, сонымен бірге олардың  қанындағы қант деңгейін мұқият қадағалау қажет. КВИ расталған немесе  оған күдік болған жағдайда, оқыту семинары кезінде жан-жақты ұсынылған қосымша шараларды қолдану  қажет.

Сондай-ақ өңір дәрігерлеріне карантиндік қауіпсіздік шараларын сақтау алгоритмдері, пациенттерді жүргізу және емдеу ерекшеліктері түсіндірілді, гликемияға, вирусқа қарсы және бактерияға қарсы терапияға қатысты ұсыныстар берілді, жүкті әйелдерде COVID-19 емдеу кезінде реконвалесценттердің иммундық плазмасын қолдану ерекшеліктері көрсетілді.  Оқыту семинарының соңында Гүлнар Сәрсебаева онлайн-кездесуге қатысушыларды толғандырған өзекті сұрақтарға жауап берді.

Мария Щетинина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button