Қоғам

Өзгерістер мен толықтырулар жыл соңына дейін енгізілмек

Өзгерістер мен толықтырулар жыл соңына дейін енгізілмек


Алтыншы сайланған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтыруларды үстіміздегі жылдың соңына дейін қабылдау туралы депутаттарға тапсырма бергені белгілі. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап толықтырылған өзгерістер өз күшіне енбек. Елбасының берген тапсырмасын орындау және Парламент Мәжілісіне Үкімет енгізген (әзірлеуші орган – Әділет министрлігі) аталмыш кодекске түзетулерді кеңінен талқылау мақсатында төменгі палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшелері екі күндік жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан өңірінде болды.

Жұмыс сапарының алғашқы күнінде депутаттар топтарға бөлініп, құқыққорғау, әділет органдарының қызметкерлерімен, қоғам өкілдерімен кездесулер өткізсе, келесі күні облыс басшылығының, орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен облыста Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген көшпелі мәжілісі өткізілді.

Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында өңірдегі сот, құқыққорғау саласы қызметкерлерімен, жеке сот орындаушылар палатасымен болған жүздесуге жоғарыда аталған комитеттің, «Нұр Отан» партиясы жанындағы құқықтық кеңестің төрағасы Нұрлан Әбдіров, оның орынбасары, қарастырылып отырған заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Арман Қожахметов, комитет хатшысы Светлана Бычкова, комитет мүшесі Снежанна Имашева қатысып, заң жобасы бойынша түсінік берді.

– Біз Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылау, жергілікті органдар өкілдерімен кездесіп, олардың тарапынан айтылған нақты ұсыныстар мен пікірлерді ескеру мақсатында Шығысқа арнайы толық құрамда 15 депутат келіп отырмыз. Депутаттар бес топқа бөлініп, Өскемен мен Семей, Риддер қалаларында, Глубокое, Ұлан, Шемонайха аудандарында осындай кездесулер өткізудеміз. Нақтырақ айтсақ, алдымызда кодекске кәсіпкерлікке жеңілдік, ізгілендіру бойынша біршама жаңалықтар енгізу мақсаты тұр. Сондықтан бүгінгі жиынды еркін пікір алмасу, сұрақ-жауап түрінде өткізсек, ұтатынымыз көп болмақ, – деді кездесу барысында комитет төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Басқосуда Өскемен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Сайран Ибраев, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Әсел Досыбаева, Шығыс Қазақстан облысы орындаушылық округінің жеке сот орындаушысы, Семей қаласындағы әкімшілік айыппұлдар мен алименттерді өндіру кеңсесінің жетекшісі Азанбек Бектасов баяндама жасап, кодексті мейлінше ізгілендіру, айыппұлдар көлемін азайту бағытындағы өз пікірлерін ортаға салды.

– Мысалы, көшеде кетіп бара жатқан адам темекі тұқылын, шекілдеуік қабығын қоғамдық орында жерге тастайтын болса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қаралған. Ол дегеніміз 20 мың теңге шамасында. Ол біреуге орташа қаражат болуы мүмкін. Ал зейнеткер, жұмыссыз адамдар үшін бұл үлкен сома. Жол ережесін бұзу бойынша салынатын да айыппұлдардың көлемі аз емес. Біз жыл сайын 700-800 адамды жүргізушілік құқығынан айырамыз. Мұның бәрі қазіргідей уақытта адамдардың қалтасына ауыр тиюде. Сондықтан айыппұлдар мөлшері белгілі бір деңгейге дейін азайтылса, – дейді Сайран Ибраев.
Жиында жеке сот орындаушылардың өкілеттігін кеңейту мәселесі де айтылды. Азанбек Бектасов әкімшілік істер айыппұлдың төленген не төленбегендігі анықталып барып, сот орындаушысына жіберілсе, алимент бойынша борышкердің құжаттары кәсіпорындарға ай сайын уақтылы жіберілсе десе, өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Дәурен Сәрсебаев құжаттарды сотқа тікелей жолдауға мүмкіндік берілсе, атқарушылық құжаттар өте көп болғандықтан, сот орындаушылар көмекшілерінің уәкілеттігі кеңейтілсе деген ұсыныстарын білдірді.

Ал өңір кәсіпкерлерінің атынан сөз алған «Шығыс-Сүт» ЖШС директоры Сейілжан Сайлаубаев қолданыстағы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс баптарында негізінен жазалау жағына көп басымдық берілгенін айтып, алда олардың орнына ескерту, алдын алу шараларын енгізсе, кәсіпкерлердің алдынан шығатын көптеген әкімшілік кедергілер жеңілдетілсе, кәсіпкерлердің де кәсібін жүргізуге құлшынысы артар еді деген тілегін білдірді.

Өскемен қаласы бойынша жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Нұрболат Бітебаев әкімшілік ұстау 24 емес, 48 сағатқа ұзартылса, ал тұрмыстық бұзақылықтар үшін әкімшілік қамау үш сағаттан 24 сағатқа дейін ұзартылса, бұрынғыдай сырттан келетін көліктер ел ішіне кіргенде уақытша тіркеуге қойылса деді. Кездесу қорытындысында көтерілген барлық ұсыныстар жазбаша түрде депутаттар арқылы Мәжіліске жолданатын болып шешілді.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бас оқу ғимаратында Президенттің Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасын орындау аясында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулерді талқылау мәселелері бойынша Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің көшпелі мәжілісі өтіп, оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов, өңірдің құқыққорғау саласының басшылары, орталық мемлекеттік органдар – Әділет, Ішкі істер министрлігінің, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, «Атамекен» ҰКП, «Нұр Отан» партиясының, республикалық адвокаттар алқасының, жеке сот орындаушылардың өкілдері қатысып, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексті құқықтық қолдану бойынша Мәжіліс депутаттарымен бірге ортақ ойларын ортаға салды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов, аталған кодекстің күнделікті өмірдегі маңыздылығына тоқталып, бірлескен ортақ жұмыстың нәтижелі болуына сәттілік тіледі.

Өзгерістер мен толықтырулар жыл соңына дейін енгізілмек

Кеңейтілген мәжілісте негізгі баяндаманы жасаған Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина қарастырылып отырған заң жобасы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа жолдаған Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленгендігін атап өтті.

– Заң жобасы әкімшілік-деликтілік заңнаманы одан әрі ізгілендіруге, әкімшілік-процестік нормаларды жүйеге келтіруге, жекелеген әкімшілік-құқықтық және процестік институттарды жетілдіруге бағытталған. Әкімшілік-деликтілік заңнаманы ізгілендіру шеңберінде әкімшілік айыппұлдардың мөлшерлерін төмендету, алдын алу институтын қолдануды кеңейту, жазалау түрлерін оларды ізгілендіру пайдасына қайта қарау, қысқартылған іс жүргізуді қолдану аясын кеңейту, сонымен бірге, өздеріңіз көтеріп отырған айыппұл сомасы жалпы сомадан 30 пайыз шегінде қысқартылуы мүмкін субъектілер, соның ішінде заңды тұлғалар тізбесін кеңейту, белгіленген мерзім ішінде төлесе, жеңілдетілген жағдайлар ескерілсе, айыппұлдың 50 пайызын қысқарту ұсынылады, – деді Зәуреш Баймолдина.

Мұнымен бірге, ол аталмыш заң жобасы адамның құқықтары мен бостандықтарының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің әкімшілік құқықбұзушылықтардан қорғалу дәрежесінің сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз етуге бағытталғанын, жалпы кодекстің 330 пункті өзгеріске ұшырайтындығын жеткізді. Мәселен, осыған дейін заң жобасы бойынша жұмыс тобының жүзден аса отырысы, он семинар-кеңес, екі дөңгелек үстел, төрт қоғамдық тыңдау өткізілген. Барлығы 1209 ұсыныс келіп түссе, оның 472-сі қабылданған. Қабылданғандардың 28-і жеке тұлғалардан, 41-і ҮЕҰ, кәсіпкерлік субъектілерінен, 403-і мемлекеттік органдардан келіп түскен.

Кеңейтілген мәжілістің екінші бөлімі сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысып отырған кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жеке сот орындаушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып оларға толық жауап алды. Мәжілісті қорытындылаған комитет төрағасы Нұрлан Әбдіров екі күн бойы комитет мүшелері – 15 депутаттың аймақта нәтижелі жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызған облыс әкімі Даниал Ахметовке әріптестерінің атынан шынайы ризашылығын білдірді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button