Руханият

Өзгеріс кілтін ізденістен тапқан

Өзгеріс кілтін ізденістен тапқан


2001 жылы «Ақжар ауылындағы Қ.Біләлов атындағы гимназия-интернаттың басшылығына «Дарабоз» шаруа қожалығының төрағасы Мұратхан Сағатбеков келетін болыпты» деген хабарға ел-жұрттың қалай қарағанын кім білсін, аудан басшылығының бұл ұсынысына Мұратханның өзі де абдырап қалды. Әп дегенде «Мектептен қол үзіп кеткеніме талай жыл болды, қарайып қалған жоқпын ба? Оның үстіне гимназия-интернат құрылғаннан бергі 4-5 жыл ішінде едел-жедел үш басшы ауысып үлгеріпті. Оларды тұқыртқан тұйықтан шығудың жолын қалай табамын?» деген түйткіл мазалай берді.

Институттың жодамасынан неге бас тартты?

Мұндайда ойыңа не келмесін? 1970 жылы Жетіарал ауылындағы орта мектепті үздік бітірген кезінде үйлеріне
әкесінің сыныптас досы, облыстық қаржы бөлімінің бастығы Шәңгерей Ыбыраев келе қалмасы бар ма? Сонда ол отағасы Сағатбек Нұрхановқа: «Әй,Сәке, сен есеп-қисапқа жүйрік едің ғой. Мына Мұратхан деген балаң да өзіңе тартқан екен. Осы балаңа Алматыдағы халық шаруашылығы институтына жолдама алып берейін. Сонда білім алсын. Оқу бітіргеннен кейін, оны қаржы бөліміне қызметке қабылдайын» дейді. Сәкең баласына қарап:

– Әй, Мұратхан, мен жасай алмаған жақсылықты мына Шәкең жасағалы отырғанын түсінесің бе? Осы оқуға
барсаң қайтеді. Есеп-қисап жұмысы менің де өмірлік серігіме айналғалы қашан: есепші де болдым, ферманы да басқардым. Кеңшардың шаруашылық есеп-қисабын да хал-қадерімше атқарып жүрмін. Шәкең екеуміздің жолымызды қусаң, жаман болмайсың, – дейді. Бірақ Мұратхан:

– Сенімдеріңізге рахмет! Бірақ таңдауым – мұғалім-
дік болып отыр,- дейді. Шәкең мен Сәкең оны ары-бері қажағанмен, Мұратхан да алған бетінен қайтпады. Шәңге-
рей аттанар алдында отағасына: «Сәке, ұлыңды райынан
қайтаруға тырыс. Әлі жас қой» деп аттанып кетеді. Мек-
теп бітіретін сол жылы оқу орнының басшысы Совет Қа-
ленов Мұратханды шақыртып алып: – Мектебімізге халық шаруашылығы институтынан бір жолдама келді. Соны саған берейік деп отырмыз. Жолдамаңды ал,- дегенде, Мұратхан тағы да: «Кешіріңіз, маған мұғалімдіктен басқа қызмет ұнамайды» депті. Аң-таң болған мектеп басшысы «Әттең, өз келешегіңді өзің қиып тұрғаның-ай!» деп өкініпті.

Егер Мұратхан сол жоғары оқу орнында білім алып, оны бітіргесін облыстық қаржы бөліміне қызметке тұрса, одан дыңдай бір лауазым иесі шығар еді. Бірақ Мұратханның жүрек қалауы биік лауазым, шен-шекпен емес, мұғалімдік болса қайтерсіз. Сөйтіп ол Өскемен пединститутының физика-математика факультетіне түсіп, оны бітіргесін алғашқы қызмет соқпағын өзі туып-өскен Жетіарал ауылындағы Ленин атындағы орта мектептен бастады. Қырандардың ұясына қонақтап, кәсіби қарымын қанаттандыра түсті. Қырандардың ұясы дейтініміз,
осы оқу орнын Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі,
КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері Асқар Ислямов басқарса, оқу ісінің меңгерушілігін кейіннен КСРО мемле-
кеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор, «қазақтың Қанипасы» атанған Қанипа Бітібаева атқарып еді.

Осы игі жақсыларға арқа сүйеген Мұратхан өзінің табиғи талантын жарқырата аша білді. Оқу орнындағы кейбір пәндердің, әсіресе математика пәнінен берілетін дәрістердің жеткілікті болмауынан соңғы жылдары мектеп түлектерінің алтын медальді қорғауы қиынға соғып келіпті. Мұратхан оқушылардың осы пәнге деген ықыласын оятып, жетелеуінің нәтижесінде бірнеше түлек алтын медаль алуға қол жеткізеді. Осы еңбегі ескеріліп, ол мектеп оқу ісінің меңгерушілігіне өсіріледі. Кейін қоғамдық жұмыс ретінде мектеп партия ұйымының хатшылығын да қапысыз атқарды. Сөйтіп Ленин атындағы мектептің атағы облыс, республика деңгейіне көтеріліп, «Үлгі тірек мектебі» атануына өз үлесін қосты.

1985 жылы елімізде «қайта құру» кезеңі басталғанда
аупартком нұсқаушысы, «Ақжар» кеңшары партия ұйымы-
ның хатшылығы қызметтерін атқарады. Осы қызметтерді
атқара жүріп, өз білімін жетілдірумен бірге халықпен қоян-
қолтық жұмыс істеуге де қалыптасады. Бірақ кеңес өкіметі құлағаннан кейін Мұратхан да жұмыссыз қалды. Енді не істеу керек? Мүкең «Пәлен жыл түген қызметтерді атқардым. Сіңірген еңбегім бар. Сондықтан маған кеңседен қолайлы қызмет тауып беріңіздер» деп ешкімнің алдына бармады. Сонау 30-40-шы жылдары Тұрар деген атасының колхозы орналасқан «Сарыбұлақ» телімінен жер кестіріп алып, онда егін өсіріп, мал бағып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қолға алды.

Елу гектардай дәнді дақыл егіп, ірі қара мен қой тү-
ліктерін өсіріп, оның өнімдерін еселеп өсіруге қол жеткізді. Дәнді дақылдың әр гектарынан жыл сайын 15-20 центнер өнім алынып, ет, сүт, ірімшік, құрт сияқты өнімдерінің артығын саудаға шығарды.15-20 адамды жұмыспен қамтып, олардың нәпақасын айырды. Сөйтіп «Дарабоз» аудандағы таңдаулы шаруашылық құрылымдарының қатарына қосылды.

Гимназияны 15 жыл басқарды

Енді гимназия-интернаттың басшылығына ұсынылып отырғаны мынау. Сол тұстағы аудан әкімі Т.Түсіпбеков осы оқу орнын өзі аштырған еді. Енді өзі іргесін қалаған оқу орнының әуелгі жылдары қалыптаса қоймауы оны еріксіз алаңдатқаны даусыз. Сондықтан оқу орнын аяғынан тік тұрғызуға оның ауыртпалығын қара нардай көтеретін басшы қажет болды. Оның таңдауы Мұратханға түскен-ді. Бұған дейін білім саласының асқан дүлдүлдерінің тәлім-тәрбиесін көріп өскен Мұратханның бойында сенімділік пайда болып, шаруа қожалығын кенже інісі Дәулетханға тапсырды да, гимназия-интернаттың басшылығына келді.

Жаңа оқу орнының кем-кетігі көзге ұрып тұрды. Тіпті оқу орнын ағымдағы жөндеуден өткізуге бюджет қаражаты да жетіспеді. Оқушылардан несін аясын? Қожалықта жүрген кезінде тапқан артық-ауыс пұлын гимназия-интернат ғимаратының жыртық-тесігін жамауға жұмсады. «Мен өстіп жатыр едім» деп жаһанға жар салмады.

Басшылық орынтағына отырғаннан кейін оқу орнының қалыптасқан дәстүрі сақталып, кадрлар орнында қалтырылғанмен, ұжымдық тәртіп күшейтіліп, оқушылар мен

ата-аналар алдындағы жауапкершілік арттырылды. Мұндай шұғыл шараларды жасауға оқушылардың сол тұстағы түнгі бейсауат жүрістері, бір-біріне қол жұмсап, шекісуге дейін баруы мәжбүр еткен. Соған орай мұғалімдердің түнгі кезегі ұйымдастырылып, балалардың сабаққа толық қатысуы және олардың оқу орнында және үйлерінде күн тәртібін қатаң сақтауларына баса мән берілді. Нақтылай келгенде шәкірттердің ережеге сай жүріп-тұруы талап етілді. Соның нәтижесінде кейінгі он жылдан астам уақыт ішінде оқушылар тарапынан құқықтық тәртіпті бұзу сап тыйылған. Қазір бұл оқу орны тәртіп жағынан өзге оқу орындарына үлгі болып отыр.

Ең бастысы, білім сапасын көтеру мақсатында мұға-
лімдердің білімі мен кәсіби шеберлігін және жауапкерші-
лігін арттыруға айрықша мән берілді. Жаңа кадрларға
жоғары талаптар қойылып, олар арнайы сынақ арқылы қабылданды. Қабылдау кезінде олардың білімділік, білікті-
лік сапасы, жұмысқа деген ынтасы мен жауапкершілік қарымы басты назарда ұсталды. «Менен, менің орынбасарларымнан қорқып жұмыс істеме, қорықсаң, оқушылардан қорық. Олардың көңілінен шыға алмасаң, бұл жерде қызмет етудің қажеті жоқ» деген қатаң талап қойылды. Іске осы тұрғыдан қарап, оқушыларды деңгейлеп, топтап, жекелей сабақтан тыс уақытта қосымша сабақтар жүргізуге мән берілді. Қосымша сабақтар қоғамдық негізде ақы-пұлсыз, тегін өткізіліп келді. Гимназияда гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқытуға басымдық берілгенмен, математика, жаратылыстану пәндерін оқытуға да сондай жоғары талаптар қойылды. Осындай шаралар нәтижесінде ұжым мүшелерінің іскерлік қабілеті, беделі күрт көтерілді. Гимназияға түсіп оқимын деген оқушылардың саны жылдан- жылға ұлғаюда.

Айтқандайын, бұл мектеп 1995 жылдан бері гимназия аталғанымен, аудандық білім беру бөлімі тарапынан
осы күнге дейін сол статусқа тиісті артықшылықтар мен же-ңілдіктер қарастырылмаған. Ол жөніндегі жазбаша ұсыныс, хаттар барған жерінде жауапсыз қала берген соң, өткен жылы мұғалімдердің аудандық тамыз мәслихатының мінберінен «егер біздің мектептің апталық сабақ жүктемесі басқа мектептердің апталық сабақ жүктемесінен ешқандай айырмашылығы болмаса, неге бізге соншалық қатаң талаптар қойылады және министрдің гимназия туралы бұйрығы бірнеше жыл бойы орындалмағаны үшін неге ешкімнен жауапкершілік сұралмайды?» деп шырылдадық. Тағы да естір құлақ, көрер көз болмады.

Бәрінен де бұрынғы балабақшаның ыңғайсыз ғимаратында, спортзал, зертхана мен арнайы жабдықталған кабинеттерден мақрұм қалған оқу орнында оқушыларға тиянақты білім беріп келген гимназия ұжымының білім сапасы бойынша ауданда ең жоғары көрсеткішке қол жеткізуі сөз жоқ, жанқиярлық ізденіс пен еңбектің жемісі. 2010 және 2011 жылдары гимназия ұжымы сәйкесінше орташа 103 және 108 балл жинап, республикадағы таңдаулы 100 мектептің қатарын толықтырды.

Гимназия түлектерінің түгелге дерлігі жоғары оқу орындарының гранттарына ие болды. Сондықтан да ақжарлық ата-аналар гимназия ұжымына, оның директорына шын ниеттерімен разы.

Мүкең зейнетке шығатын 2015-2016 оқу жылында да талай сынақтан сүрінбей өтті. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша облыстағы дарынды балаларға арналған мектептер мен гимназиялар жұмысына тексеру жүргізіліп, талдау жасалғанда Қ.Біләлов атындағы гимназия-интернат барлық көрсеткіштер бойынша (барлығы 45 гимназия) алдыңғы қатардан көрінуі тегін емес. Тексеру қорытындысында облыста 9 гимназияның жабылып қалғанын ескерсек, шалғай ауылдағы гимназияның таңдаулылар қатарынан көрінуі үлкен жетістік. Ал облыстық білім сапасын бақылау департаменті тарапынан өткізілген аттестацияда гимназия 96 пайыз үлгерімге қол жеткізіп, оқу үдерісінің оң жолдан ауытқымағанын айғақтады. Сонымен қатар гимназия түлектері ҰБТ-ға толық қатыстырылып, орташа 101,5 балл жинап, үш түлек «Алтын белгі», төрт түлек «Үздік аттестат» иеленді.

Мүкеңнің математика пәнін тереңдете оқытудың

хас шебері ретінде де жөні бөлек. Майталман мұғалім жоғары сынып оқушыларының математика пәнінен оқыту бағдарламасын жетік меңгеруі үшін тер төге еңбектеніп келді. Гимназия түлектерінің 90 пайыздан астамы еліміздің ЕҰУ, ҚазҰУ, ҚБТУ, Қ.Сәтбаев Ұлттық техникалық университеті, басқа да таңдаулы оқу орындарының грантын жеңіп алып, білім нәрімен сусындауда.

Құрылғанына жиырма бір жыл толған гимназияны
15 жыл басқарған Мұратхан Сағатбековтың күндіз-түні
көз ілмей атқарған ізденіске толы жемісті еңбегін көзге
қалай елестетуге болады? Егер Мұратхан қаражат саласында қызмет етсе, өзі тындырған есеп-қисап жұмысын ғана алға тартар еді. Ал оқу-ағарту саласында қырық жылдай қызмет еткен кезінде ондаған, жүздеген шәкіртінің томағасын сыпырып, тастүлектей білім көгіне самғатыпты. Ұстаз мұраты дегеніміз осы шығар.

Амангелді Жанахмет
Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button