Қоғам

Өзге ұлт жастары қазақ тілін ана тіліндей ардақ тұтады

Өзге ұлт жастары қазақ тілін ана тіліндей ардақ тұтады

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ іссапармен Шемонайха ауданында болып, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақстан» атты облыстық жастар форумына қатысты. Сондай-ақ, қаладағы бірнеше нысандарды аралап көрді, жаңадан пайдалануға берілген жатақхана мен тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесті.

Көпқабатты үйлер ұядай жылы

Өңір басшысы алдымен сапарын Шемонайха қаласындағы орталық қазандықтан бастады. 1980 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қазандықта сегіз: төрт бумен және осынша сумен жылытатын қазан бар. Олардағы көмір қорының қанша уақытқа жететінін сұрап білген өңір басшысына Шығыс Қазақстан аймақтық энергетикалық желілер жүйесінің директоры Игорь Морозов Белоусовкадағы, Верх-Березовкадағы және Алтай кентіндегі қазандықтардың қоры 33-40 күнге жететінін, олардың қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Бұларды мұқият тыңдаған облыс басшысы: «мен әкімдерге үнемі айтып келемін, қазір, қарашада жылы болғанымен, наурыз айында суық болып кетуі мүмкін. Сондықтан әрдайым қор болуын және қалыпты режимде жұмыс істеуін назарда ұстау керек» деп атап өтті.
Аудан өңіріндегі елеулі оқиға – 30 пәтерлік тұрғын үйдің пайдалануға берілуіне орай оның алдына біраз қуанышты адам жиналыпты. «Өскемен-пласт» ЖШС мердігер болған бұл тұрғын мекенде негізінен ардагерлер, ауған соғысына қатысушылар және көп балалы отбасылар тұрмақ.

– Бүгін сіздерде шынымен де қуанышты күн. Міне, форум болайын деп жатыр. Енді он күннен кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін мерекелейміз. Сол мерекенің алдында біраз іс-шараларды жоспарлағанбыз. Соның бірі – мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі облыстық форум. Бүгін Шемонайхада осы мәселенің қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде біраз әңгіме болмақ. Осының бәрі – Тәуелсіздіктің арқасы. Соны түсіну керек. Құрылысшыларға, аудан басшылығына рахмет айтамыз. Соңғы 30 жылда бой көтерген бұл үйде соғыс және еңбек ардагерлері, көп балалы, тұрмысы төмен отбасылар, сондай-ақ, жетімдер тұратын болады, – деген аймақ басшысы ауған соғысының ардагері М.Таңатаровқа, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Қарышевқа, аудандық аурухананың лаборанты, жас маман А.Қонысбаева мен жас маман, №5 мектептің мұғалімі Р.Екібасоваға жаңа пәтердің кілтін табыс етіп, ерекше қуаныштарымен құттықтады. Осы сыңғырлап тұрған үйден үш бөлмелі пәтерге қол жеткізген Мүбарак Қарышевтің дастарханынан дәм татты.

Қаланың 3-ші шағын ауданында орналасқан бес қабатты ғимарат «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша іске асқан жатақхана екен. Мұнде негізінен кезекте тұрғандар мен аз қамтылған отбасылары тұрмақ. Ал «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында қайтадан жаңғыртудан өткен гуманитарлық-техникалық колледждің іштей және сырттай бөлімдерінде ауданның әр түкпірінен келген 750-ден астам жас білім алмақ. Ең қуанарлығы, оны тәмамдаған жастардың 86 пайызы жұмыспен қамтылады екен.

Бұдан соң қаладағы биыл ғана пайдалануға берілген қазақ мектебінің 100 орындық интернат ғимаратының барлық бөлмелерін аралап көрген өңір басшысы осындай мектеп пен интернат үйін бір жылда салып шыққан «Өскемен-Құрылыс» ЖШС-нің басшысы Ержан Сқақовқа алғыс айтып, ондағы балалардың игілігіне деп үлкен теледидарды сыйға тартты.

Қаланың теміржолшылар шағын ауданында «Байжұманов» ЖК-нің мердігерлігімен бой көтерген жекеменшік балабақшадағы қазақ және орыс топтарында 40 бүлдіршін тәрбие алып жатқан көрінеді. Балабақшаны аралап көрген аймақ басшысы қазақтың ұлттық киімдерін киіп, қазақша ән шырқаған балалардың өнерін тамашалауға да уақыт тапты.
Камышинка ауылында 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл үйлер осы жылдың соңына қарай осында жұмысқа келген жас мамандардың игілігіне берілмек.

Бұл шаруалардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанына риза болған облыс басшысы шекаралас елдермен қарым-қатынасқа арналған агроөнеркәсіптік, көліктік логистикалық орталықтың тек қабырғасы ғана қалқайып тұрғанын көріп, жүйесіз шаруаға көңілі толмайтынын жеткізді.

Бәрі Асылы апаларындай болғысы келетінін жасырмады

Шемонайхадағы ең басты шара – облыстық форум басталмас бұрын облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ оған әр аудан мен қаладан жиналған этнос жастарымен арнайы кездесу өткізген-ді. Ал форум ерекше салтанатпен бастау алды. Оған арнайы келген белгілі қоғам қайраткері, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Османованы жастарға құрметпен таныстырған облыс басшысы:

– Әр мемлекеттің болашағы оның тіліне байланысты. Бұдан 22 жыл бұрын Тәуелсіздік алған еліміздің алғашқы заңдарының бірі де осы мемлекеттік тіл болатын. Қазақ тілі біздің елімізде тұрып жатқан барлық ұлтты біріктіреді, жақындастырады. Елдің ілгері басуы осы бірліктің, тұрақтылықтың арқасы екенін естен шығармауымыз керек. Қазір барлық жас үшін тамаша жағдай жасалып жатыр. Сондықтан сіздер, жастар жақсы білім, жақсы тәрбие алуларыңыз қажет. Бізді әсіресе, елдегі өзге ұлт жастарының қазақ тілін өзінің ана тіліндей меңгергені ерекше қуантады. Жалпы, біздің жастарымыздың бәрі осы Асылы Әлиқызынан үлгі-өнеге алуы керек. Біз бүгінгі бесінші форумды Шемонайхада өткізуіміз де бекерден-бекер емес. Біріншіден, бұл көп ұлтты аудан, екіншіден, мұнда атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Сондықтан, құрметті жас достар, барлығы сіздердің қолдарыңызда. Тек қана еңбек ету, оқу және барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек, – дей келіп, бірнеше адамға марапат көрсетті.

Сонымен мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлестері үшін Күршімдегі мектеп-гимназияның мұғалімі, қазақтың келіні Светлана Алдербаева, облыстық лингвистикалық орталықтың оқытушысы Елена Нәбиева облыс Әкімінің Құрмет грамотасына, шемонайхалық Е.Рудакова, көкпектілік З.Смыкова, семейлік Ю.Соснина және глубокоелік О.Тюрина облыс Әкімінің алғыс хатына ие болды.

Алқалы форумға қатысушыларды ерекше тебіренткен Асылы Османованың өлеңге бергісіз сөздері еді. Қазақ тілінің сұлу, әсерлі қасиетін терең толғана жеткізген Асылы Әлиқызы:

– Мен қашанда қазақ халқының алдында басымды иемін. Себебі, мен қазақтың сұлу тілін, дариядай дархан көңілін, дос пейілін өміріме үлгі һәм серік етіп келе жатқан адаммын. Себебі, ол менің самалы маңдайыма тиген, дәмі таңдайыма тиген асылым! Сендер, асыл жас қауым, мынаны ұмытпаңдар, қазақ халқы өзге ұлтқа ана да, пана да болған! Елбасымыз келешегіміздің келісті болуы тек жастарға байланысты екенін үнемі айтып келеді. Мен де осы бір дана сөзді ерекше құптаймын. Дәл бүгінгі шараның Тұңғыш Президент күніне орай өткізілуінің өзі жаныма шуақ болып құйылып тұр менің. Әппақ пейілмен қазақ тілін үйреніп жатқан саналы қауым, саналы жастар, әманда аман болыңдар! – деп өзі тебірене, өзгені тебіренте аяқтады сөзін.

Облыс Әкімі ауданға жасаған сапарының соңында аудан активімен кездесіп, өңірдің жетістігі мен кемшін тұстарын нақтылады.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button