Қоғам

Өзге ұлт өкілдері тілге құрмет көрсетті

Өзге ұлт өкілдері тілге құрмет көрсетті


Семейде өзге ұлт өкілдері арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты облыстық білім байқауы өтті. Қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Еуразиялық техникалық-гуманитарлық колледжі ұйымдастырған шараға атқарушы билік өкілдері, кәсіптік лицей мен колледждердің оқытушылары және студент жастар жиналды.

Облыстық байқауға аймақтағы колледждер мен кәсіптік

лицейлердің 1-курс студенттері белсенді қатысты. Байқаудың мақсаты – білім сайысы арқылы мемлекеттік тілді насихаттап, қолданыс аясын кеңейту. Білімнен бөлек, шығармашылық пен зеректікті талап ететін конкурста отызға тарта адам өзара үздікті анықтады. Айта кетейік, аталмыш шара қазақ тілін латын қарпіне көшіру мен «Тіл туралы» Заңының 20 жылдығы аясында өткізілді.

– Төрт турдан тұратын байқаудың «Өнер алды – қызыл тіл» деп аталатын бірінші кезеңінде сайысқа қатысушылар өздері дайындап алып келген ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің 120, Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен латын әліпбиіне көшу бойынша көркем сөз, монологтарын және өз туындыларын жатқа оқыды. Екінші тур «Білімді мыңды жығады» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылардың қазақ тілін қаншалықты білетіні пысықталады. Үшінші бөлім сайыскерлердің тілдік қорын дамытуға бағытталған. «Сен білесің бе?» деп аталатын соңғы кезеңде қатысушыларға танымдық сұрақтар қойылды, -дейді Еуразиялық техникалық-гуманитарлық колледждің оқытушысы Жаннат Тұрашева.

Полиглоттар бәсекесінде бағын сынағандардың бірі – М.Төлебаев атындағы музыкалық колледждің студенті Михаил Соснин. Ол ұстазымен бірге бұл сайысқа ұзақ дайындалыпты. Дарынды жас қазақтың дәстүрлі өнеріне құштар екенін айтады. Әсіресе Құрманғазы, Тәттімбет және Сүгір сынды дәулескер күйшілердің туындылары жанға ерекше шабыт беретінін айтады Михаил.

– Қазақ тілін мектеп қабырғасынан меңгеріп келемін. Осы елде тұрып жатқандықтан, мемлекеттік тілді білу – мен үшін парыз. Қазақ тілі болашақта маған міндетті түрде қажет болады деп ойлаймын. Ол үшін оқып, іздену кереқ, әрине. Оның көмегімен осындай көптеген сайыстарға қатысуға жол ашылады. Көп тілді меңгеру ешқашан артық етпейді, – деген Михаил Соснин елдегі барлық ұлттардың өкілдерін мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, оны үйренуге шақырды.

Байқаудың нәтижесінде топ жарған сайыскерге Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы табысталды. Сол сияқты І, ІІ және ІІІ орын иегерлері де арнайы дипломдармен марапатталды. Бұған қоса жүлдегерлердің ұстаздары да құралақан қалмады.

Жақсылық Сүлеймен
Семей.

Осы айдарда

Back to top button