Қоғам

Өзге ұлт өкілі қазақы өнерден қалай пайда тауып отыр?

Орыс ұлты көп шоғырланған Глубокое ауданында қазақы өнерді насихаттап, сол арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған Татьяна Чучупалова есімді жас тігінші бар. Ол, біз ойлағандай, қазақ ортасында өсіп, қазіргі мекеніне кейіннен көшіп келмеген. Туған жері – қазіргі тұрған жері. Өзге ұлт өкілінің біздің бағзы өнерімізді бүгінгі күнге қалай икемдеп, оны қалай бизнеске айналдырып отырғаны бізге аса қызық болды. Ептеп сыр тартып көрдік.

– Мен Глубокое ауданы, Верхберезовка ауылында дүниеге келдім. Бала кезімнен-ақ тігін тігуді жақсы көрдім. Негізгі мамандығым бойынша құрылысшы-жобалаушымын. Дегенмен, 2009 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң өзім қалаған ісіммен толыққанды айналысуға бет бұрдым. Өз нәпақаңды сүйікті ісіңмен тапқанға не жетсін! – деді Татьяна.

Кейіпкеріміздің қолынан тұрмысқа қажетті дүниенің бәрі шығады. Сөмке, тәпішке, құрақ-көрпе, киім-кешек… Осының барлығы да ою-өрнекпен заманауи сән үлгісіне сай әдіптеледі.

Ол 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйымдастырған конкурсқа қатысып, шеберхана ашу үшін грант ұтып алған. Тігін тігумен 10 жылдан бері шұғылданады. Алайда «Кәсіби деңгейде айналысып жүргеніме  бес жыл» дейді өзі.

Татьяна ұлттық үлгідегі бұйымдарға бет бұруын Қазақстанда тұратындығымен түсіндіреді. Оның тұтынушылары облыс аумағында ғана емес, сонау Маңғыстау, Жамбыл, Алматы, Қостанай аймақтарында.

– Ою-өрнек маған қатты ұнайды. Ыңғайын білген адамға бұл барлық бұйымды әдемі, айшықты көрсетеді. Әрине, жұмысты бастар алдында қиындықтар болады. Бүгінде соның барлығы артта қалып, кәсібімізді дөңгелетіп алып кеттік. Қазір жұмыс орнында бос отырып қалатын сәт өте сирек кездеседі. Глубокое ауданындағы шеберханамызға келіп тұратын тұтынушыларымыз аз емес. Онымен қоса Алматы, Қостанай, Маңғыстау, Жамбылға тауарларды тапсырыс бойынша тасымалдап отырамыз. Табысымыз шығынды ақтап тұр, – дейді тігінші.

Татьяна кәсібін интернет желісі арқылы жарнамалайды. «Ғаламтордың аясы кең, мүмкіншілігі мол. Алыс-жақынды түгел қамтиды» дейді кәсіпкер.

Ол өзіне қажетті қой жүнін Катонқарағай ауданындағы шаруалар мен Тараз қаласындағы арнайы зауыттан сатып алады.

– Жүнді сумен шайып алғаннан кейін, оны қамыр сияқты илеп, басамыз. Сөйтіп, киіз дайын болады. Содан соң көне әдіспен киізден текемет, құрақ құрап, бүгінгі күнге қажетті гаджеттерді әрлейміз, – деді шебер қыз.

Татьяна енді республика шекарасынан да алыс жақтарға көз тігіп отыр. Өзінше ұтымды идеясы да дайын.

– Қазақстанның қала, аудандарын іссапармен жиі аралап, әртүрлі жәрмеңкелерге қатысып жүремін. Байқағаным, Өскеменде нақты ұлттық бұйымдар сататын стационарлы орын жоқ. Осындай бір дүкен ашқым келеді. Сонымен қатар Dedeman қонақ үйіне шет мемлекеттерден келген туристерге қазақ халқының ұлттық үлгідегі керек-жарақтарын ұсынбақ ойым бар. Меніңше, бұл өз брендтерімізді күллі әлемге насихаттауға мүмкіндік сыйламақ, – деп жорамалдайды.

Тасқын Болатұлы

 

Осы айдарда

Back to top button