Өзге елдер қоқысты байлық деп бағалайды

Қоқыс полигондарының проблемасы тек Қазақстанда ғана өзекті болып отырған жоқ. Әлемдегі дамыған және дамушы елдердің бәрінде бұл проблема бар. Мемлекеттің экономикасы, өнеркәсібі қаншалықты дамыған сайын қалдықтардың да көлемі арта түседі. Алайда, әлемнің дамыған мемлекеттері бұл тығырықтан шығар жолды тапқан сыңайлы.
Рас, біз «тұрмыстық қалдық» десек дамыған елдер «байлық» деп санайды. Мемлекет басшысы Қазақстанның даму бағыты Сингапурдың жолындай болуы керек дегенді жиі айтады. Сингапур қолданатын бүкіл энергия қуатының үш пайызын осы тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы алады екен. Жиналған қоқыс елде орналасқан төрт электр станциясында өртеліп, одан электр энергиясын өндіріп шығарады. Еуропа елдерінде де қоқыспен күрес, оны қайта өңдеу жұмыстары оң жолға қойылған. Мәселен, қоқыс жинап, оны зауытқа апарып өткізген Берлин жеткіншектері міндетті түрде бұл жұмыстары үшін ақы алады. Ал Голландияда мұндай жасөспірімдерге купон беріледі екен. Бұл купон арқылы коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын төлейтін кезде жеңілдіктерге ие болады. Сондай-ақ Испания билігі қоқысты сұрыптап, кәсіпорынға өткізген балаларға балмұздақ және өзге де тәттілерін сатып әпереді.
Ал бізде қалай?
Қоқысты қайта өңдеу зауыттары Қазақстанда жоқ емес, бар. Бірақ мамандардың айтуынша, елімізде қоқысты көптеп өңдеу үшін оны алдымен сұрыптап алу қажет. Ол үшін халықты қоқыс тастау мәдениетіне үйрету керек. Мәселен, шыны қалдықтарын, пластик пен полиэтиленді, тамақ, қағаз қалдықтары мен шүберекті де бөлек тастаған жөн. Бұл қоқыс өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Қазір Қазақстандағы қалдықтардың тек бес пайызы ғана өңделеді екен. Ал мұндай көрсеткіште бізге баламалы энергия көзі туралы айту расымен де әлі ертерек.
Елбасының өткен Жолдауында алға қойылған он міндеттің бірі – өңірлерде шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу болатын. Осы және тұрмыстық қалдықтарға қатысты өзге де мәселелер еліміздегі заңнамаларға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгертулер енгізуді қажеттігін тудырды. Осыған орай еліміздің Экологиялық кодексіне қалдықтарды бөлек жинау мен оларды өңдеу мәселесіне орай бірқатар түзетулер енгізілді. Бүгінгі күні қатты тұрмыстық полигондарға қоқыстың 12 түрін тастауға рұқсат етілмесе, 2019 жылдан бастап қоқыстың тағы үш түріне – пластик, макулатура, шыныға тыйым салынды. Ал 2021 жылдан бастап бұл тізімге құрылыс материалдары мен азық-түлік қалдықтары да енгізілмек. Ал еліміздегі тұрғындардың қоқысты тастау мәдениетінің төмендігін ескерсек, «бұл талап үдесінен шыға аламыз ба?» деген заңды сұрақ туындайды.
«Экологиялық қауіпсіздік орталығы» ЖШС басшысы Геннадий Корешковтың айтуынша, бұл мәселені бір ғана басқарма не кәсіпорын шеше алмайды. Оның ойынша, қарапайым тұрғын мен атқарушы орган, кәсіпкерлер бірлесіп әрекет еткенде ғана тығырықтан шығар жол табуға болады.
– Келесі жылы сұрыпталмаған қоқысты полигондарға көмуге тыйым салатын Экологиялық кодекстің 301 бабы күшіне енеді. Бұл күн де алыс емес. Заң күшіне енген соң, экология департаментінің мамандары тексеру жүргізе бастайды. Айыппұлға бірінші болып ауыл әкімдерінің ілінетіндігі айтпаса да түсінікті. Өйткені, көптеген аудандарда қоқыс өңдеу мен сұрыптау мәселесін былай қойғанда, полигон проблемасы да шешімін таппай келеді,-дейді ол.
Өткен жылдың басында облыстағы қатты тұрмыстық полигондарына жиналған қалдық көлемі жеті мың тоннадан асқан екен. Сонымен қатар, облыс аумағындағы 435 полигонның жиырмадан астамы ғана заңдастырылған.

Қалауын тапса, кәдеге жарайды
Қазір облыста заманауи утилизациялау және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселелеріне ден қойып отыр. Биыл Өскемен, Семей, Аягөз, Зырян және Шемонайха қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинаудың бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.
Тарбағатай ауданы әкімінің айтуынша, үш елді мекенде – Ақсуат, Ақжар, Тұғыл кенттерінде қоқыс төгетін арнайы полигондар салу көзделген. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Осы мақсатта аталған әр ауылдың шетінен төрт гектар жер бөлінген. Аудан әкімі барлық ауылдық округтердің әкімдеріне өз ауылдарынан шағын қоқыс полигондарын салуды қатаң тапсырды. Болашақта аудан орталығында қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін шағын өңдеу орталығын ашу да жоспарда бар. Қатты қалдықтарды сұрыптау үшін аудан орталығында және ірі елді мекендердегі тұрғын үйлердің аулаларында қоқыс қабылдау бекеттері ашылмақ. Жыл басынан бері аудан орталығы Ақсуаттағы қоғамдық тамақтандыру орындары мен мекемелерге қалдықтарды сұрыптап жинайтын арнайы темір және пластик контейнерлер қойылды.
Кеншілер шаһары Риддерде 18 гектарды құрайтын бір ғана қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Оның өзі қоқысқа толып кеткен. Қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын «Фирма Эталон» ЖШС-не мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында полигонды 2025 жылға дейін жалға алып, ол жерде қоқысты сұрыптап, өңдейтін цех ашуды қолға алған. Мұнда қалдықтар сұрыпталып, пиролиз пешінде жағылатын болады. Нәтижесінде кәсіпорынның қажеттіліктерін өтейтін қарамай алынады.
Қалдықтарды өңдеумен айналысатын «ЭкоВостокЛидер» ЖШС әлеуметтік нысандар мен әкімшілік ғимараттардың, мектептердің жанына экоконтейнерлер орнатқан. Әрине, бұл бір контейнерге төгілген түрлі қоқысты сұрыптағаннан әлдеқайда жеңіл. Оның үстіне халықтың қалдық тастау мәдениетіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Жалпы тұрғындардың мәдениетін қалыптастыру үшін экоконтейнерлер орнату жұмыстары жалғасатын болады. Өскемен қаласында пластик қалдықтарды өңдеумен үш кәсіпорын шұғылданады. Экологиялық кодекске өзгертулер енгізілген соң, олар макулатура жинауды да ұйымдастырған болатын. Облыста «таза энергияға» көшу және «жасыл технологияларды» енгізу бағыттарында осындай шаруалар тындырылуда. Сонымен қатар, Еуропалық қайта құру және даму банкімен Өскемен қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу жөніндегі жобасы тағы бар. Дегенмен, әлі де жыл сайын жиналатын екі жүз мың тоннадан астам қалдық полигондарға сұрыпталмаған, залалсыздандырылмаған күйінде тасталып жатыр. Ал 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап салынатын тыйым мен екі жылдан кейін құрылыс пен тамақ қалдықтары да көмілмей, міндетті түрде қайта өңделу керектігін ескерсек, айыппұл тартатындар саны аз болмайтын сияқты дейді «Экологиялық қауіпсіздік орталығының» мамандары.
Әрине, ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Қоқысты қайта өңдеу саласында жоғарыда аталғандай тың жобалар жоспарлануда. Нәтиже – болашақтың еншісінде. Ең бастысы, бұл мәселені тек экономикалық тұрғыдан бағамдауға болмайтынын түсінген абзал. Тұрғындардың қоқыс тастау мәдениетін арттыру қажет. Жоқтан бар жасауға әлдеқашан кірісіп кеткен елдерден үлгі алып, еліміздің әр қаласында қоқыс өңдеу зауытының жұмысын жолға қойсақ, табиғаттың тынысы ашылып қана қоймай, жұмыссыз жүрген қаншама адамның екі қолына бір күрек табылар еді.
Мақала облыстық табғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді.
Лаура Тілеубайқызы