Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі. Бұл сөзге дәлел де, дәйек те бар. Тек өз деңгейінде дәріптей алмай келе жатқандаймыз. Археолог ғалымдар Алтайдың қойнауынан сан ғасырлық өркениет пен мәдениеттің сан түрлі сарқыншағын тапты. Алтын адам да осы өлкеден табылғанына алты құрлық куә. Ендігі кезекте түгел түркі әлеміне ортақ ескерткішті Алтайдың төріне орнату ғана қалып тұрғандай. Археологиялық артефактіге негізделген алтын тақтағы ескерткіштің сызбасы дайын, тек ұсыныс қолдау тапса болғаны. Бұл туралы белгілі археолог ғалым, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев сұхбат барысында баян етті.
– Бірнеше жыл бойы Шығыста археологиялық қазба жұмыстарын жүйелі түрде жүргіздіңіздер? Нәтижеге көңіліңіз толды ма?
– Жемісті еңбек істеп, белгілі бір деңгейдегі жетістікке қол жеткіздік деп ойлаймын. Менімен бірге ШҚО-да 2016 жылдан бастап жетекші археолог ғалым Әбдеш Төлеубаев және көптеген ғалымдар, шәкірттеріміз жұмыс істеді. Осы аралықта Шығыс Қазақстан мұражайын 26 мыңнан астам археологиялық жәдігермен толықтырдық. Қаншама ғылыми сұраққа жауап беретін артефактілер таптық. Жемісін де, жеңісін де ел көріп келеді. Олай дейтінім «Ұлы дала алтыны» көрмесін тамашалаған әлем жұртшылығы таңданысын жасыра алмады. Көрме барған жерінен жеңіспен оралды. Одан бөлек «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» дейтін халықаралық ғылыми конференция дәстүрлі түрде өтіп келді. Демек жүйелі түрде мемлекеттің қолдауымен іске асқан жоспарлы жұмыс нәтижелі болды деп ойлаймын.
– «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деген сөзді іс жүзінде дәлелдей алдық па?
– Дәлелді дүние ғой. Дәлел боларлық археологиялық жәдігерлер таптық. Әлі де дәлелдей түсу үшін көптеген жүйелі жұмыс атқаруымыз керек. Жоғарыда айтқан «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты конференцияға көптеген шетел ғалымдары қатысып, Алтай – түгел түркінің жұрты екендігін мойындап қайтқан болатын. Алтай көне өркениеттің ошағы екенін біз көрсете алдық. Ендігі кезекте Алтай түгел түркінің бесігі екендігін еске салатын ескерткіш қойсақ деп ойлаймын. Ол ескерткіш Өскеменнің төрінде тұрса тіптен жақсы болмақ. Тіпті, ол ескерткіш үлкен саяси маңызға да ие болмақ. Осы жағын біз тереңнен ойлап, тезірек іске асырсақ ұтарымыз көп.
– Сонда ол осы археологиялық қазба жұмысының негізіне сүйенген ескерткіш болмақ па?
- Иә, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған артефактінің негізінде жасалған ескерткіш болмақ. Ескерткіштер ансамблінің сызбасы дайын, бұған дейін ұсынып та көргенбіз. Ескерткіштер ансамблі деп отырғаным, ол ауқымды болмақ. Әуелі артефактідегідей қос алтын тұлпардың үстінде отырған қаған, яғни, ел билеушісі. Алтын тақтағы қаған десек те болады. Ал оның екі жағын жағалай ел билеуге қатысы бар бектер, билер, әскербасы қатарлы тұлғалар болады. Бүгінде Алтайға көз тігетіндер, қызыға қарайтындар көп. Сондықтан да бұл ескерткішті жақсы атаумен, Өскемен төріне орнатсақ саяси тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да маңызды болмақ. Бұған дейін ескерткішке Түркия ғалымдары қызығушылық танытып, өздерінде қойсақ дегенді айтты. Сондықтан ертерек қамданып, тарихи құндылықты өзіміз иемденіп қалған дұрыс шығар деп ойлаймын.
– Ескерткішке негіз болған артефактіге толығырақ тоқтала кетсеңіз?
– Бұл артефакті Тарбағатайдағы Елеке сазындағы қағанның ғұрыптық орнынан табылған болатын. Жерлеу емес, ғұрыптық орын. Олай болатыны сол заманда қағандардың денесін өртейтін болған да, сол өртеген жерге ғибадатхана салған. Кейін ол құлшылық орнына айналатын болған. Міне, аталған артефакті сол ғибадатханадан табылған еді. Ол ғибадатхананың археологиялық қазу жұмысы әлі аяқталған жоқ. Енді екі жыл жұмыс істеу керек. Құлшылық орнының төбесінен төмен қарай сатымен түсетін болған. Біз сол жерге келіп тоқтадық, алдағы уақытта ақша-қаражаттың реті келсе жалғастыратын боламыз.
Ал артефактіге келер болсақ, сол кезде Қағанды өртеу барысында қатысқан адамдар қолында бар бағалы дүниелерін өртеу орнына лақтыратын болған. Қазақтың жыртыс таратуы содан қалған. Сонда біреу белбеу лақтырған болса керек, сол белбеудің салпыншағынан табылған алтын артефактіде мемлекеттіктің маңызы бедерленген екен. Мұндай артефакті Білге қаған ескерткішінен де табылған еді. Онда барлығы жазылып көрсетілген. Соны негізге ала отырып, Қалиолла Ахметжан екеуіміз ескерткіштің сызбасын жасап шықтық. Алтын тәж киген қаған, оны жағалай әскерлері, сарай қызметкерлері тұр. Ендігі жұмыс осы артефакті негізінде жасалған кешенді қоладан құйып, Алтайға орнатсақ, түгел түркі келіп бас иер еді. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты конференция және өзге де игілікті іс-шаралар сол жерден бастау алып жатса жаман болмас еді.
Екі мың беттік екі том кітап дайындап жатырмыз
– Археологиялық қазба жұмыстарын ШҚО-да ары қарай жалғастырасыз ба?
– Бұл жұмыстарды жалғастыру бойынша облыс басшылығымен келіскен болатынбыз. Қай деңгейде, қалай жүзеге асатыны әлі белгісіз. Жалпы біз осыған дейін атқарылған жұмыстың екінші деңгейіне көшуіміз керек. Табылған жәдігерлерді сұрыптау, ғылыми тұрғыдан зерттеу, оны жариялау сияқты жұмыстар жасалуы керек. Сондай-ақ қазылған кешендерді музейлендіру, қорғауға алу керек. Ғылыми тұрғыдан игеріп, зерттеп кітап қылып шығару, кино түсіру, экспозиция жасау сияқты атқарылар жұмыс әлі көп. Осының барлығы атқарылғанда барып нәтижеге қол жеткіздік деп толық айтуға болады. Сонда ғана өткен өркениеттің дәлелдері біздің еншімізде қалатын болады. Өйткені бәрі қазір қағаз жүзінде тіркеліп, дәлелденіп жарияланбаса айта салған сөзіңді әлем мойындамайды.
– Алтайда әлі құпиясы ашылмаған кешендер, қоныстар, ғұрыптық орындар көп пе?
– Иә, өте көп. Бірақ жер қойнауында құнды дүние көп екен деп оның барлығын қаза берудің қажеті шамалы. Жалпы қазба жұмыстары белгілі бір мақсатта жүруі керек. Мысалы, ғылымда қандайда бір сұрақтың жауабын шешуге қажеттілік болған жағдайда қазуға болады. Ал енді алтын адам іздеймін деп кешендерді қаза берудің қажеті шамалы. Осыған дейін істелген жұмыстарды игеріп алуымыз керек. Әйтпегенде біздің Алтайдың қойнауында көне өркениеттің ізі, сарқыншағы баршылық.
– Соңғы жылдары Ақбауыр кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздіңіз. Ондағы мақсат не еді?
– Бұл Қазақстан тарихындағы бірқанша сұраққа жауап іздеу барысында қолға алынған жұмыс болатын. Ел тарихындағы отырықшылық, тау кен байыту, металлургия мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Ақбауыр кешеніндегі жұмысты 2019 жылы бастаған болатынбыз. Ол жерден 20 шақты қоныс таптық. Онда сақтардың қалалары, қоныстары, өндіріс орындары және егіншілікпен айналысып, кен байытқандығы анықталды. Бұл бұған дейін де өркениет көшінде болғандығымызды дәлелдеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыс. Ондағы жұмыс әлі де жалғасын табатын болады.
– Жалпы Ақбауыр кешенінде атқарған жұмысыңыз көңілден шықты ма?
– Ақбауыр кешеніндегі жұмыс ғылыми тұрғыдан нәтижелі түрде атқарылып жатыр. Ендігі кезекте біз мұндай археологиялық тарихи кешендерді туризмге тетік ете білуіміз керек деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан қарайтын болсақ атқарылар жұмыс әлі көп. Қазылған қоныстардың біразы әлі қоршалған жоқ. Олар қоршалып, белгітас қойылып, қысқаша анықтамалық ақпарат жазылуы керек. Мысалы, ең негізгі үңгірдегі көне жазу да өшіп барады. Суреттер мен жазуларды адамдар бүлдіріп, өшіріп жатыр жыл өткен сайын. Оны қоршап, қорғауға алмасақ болмайды. Сол маңайда тарихи дүниелер өте көп. Мысалы, «Қалай тапқан», «Қошанай» деген ежелгі кен орындары бар. Осының барлығын орайластырып, зерттей келе бір үлкен идеологиялық музей жасаса керемет болар еді. Іске асыра алатын болсақ, идея көп қой.
– Жұмысыңызды жалғастырып, қолғабыс қылар шәкірттеріңіз бар ма?
– Шәкірттерім баршылық, олар әр өңірде жұмыс істеп жатыр. Қазір археолог мамандар жетіспейді деп айта алмаймыз. Мықты-мықты мамандар бар. Тек кез келген өңірде тарихи кешендерді зерттеуге қолдау көрсете білсе, тарихқа үлес қосар жандар жетерлік.
– Археолгия саласындағы соңғы он жылдықтың қорытындысына көңіліңіз тола ма?
– Соңғы он жыл бойы атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша «Шығыс Қазақстан археологиясының очерктері» атты екі томдық ек мың беттік кітап жазып жатырмыз. Бұл кітапты жарыққа шығару үшін 30-ға жуық автор бірігіп жұмыс істеуде. Кітап үш тілде жарық көретін болады. Алдағы уақытта дайын боп қалар деп жоспарлап отырмыз. Жарыққа шыққан соң қажет деп тапқан оқырманның қолынан табылып қалар. Қазіргі заман талабына сай электронды нұсқасы да болады.
– Еңбегіңіз жемісті, ісіңіз ілгері болсын. Жақсы жаңалықтармен елді қуанта беріңіз. Рахмет!