Зейнеткерді өрттен құтқарды
Шүлбілік екі азамат 92 жастағы зейнеткерді ажалдан арашалап қалды.
– Өрт екінші қабаттағы пәтерден шыққан. Пәтер балконының ағаш конструкциялары, есігі мен өзге де заттар толықтай отқа оранған. Құтқарушылар оқиға орнынан 25 тұрғынды эвакуациялады, – деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, өрт сөнірушілер оқиға орнына жеткенше осы маңда болған екі азамат жанып жатқан үйден 1929 жылы туған зейнеткерді алып шыққан. Елдар Оспанов пен Ерлан Жұмабаев сол күні үйдің маңайында жұмыс істеп жатқан көрінеді. Терезеден түтін шыққанын байқаған олар бірден пәтерге қарай ұмтылыпты.
– Елдар Оспанов есікті сындырып ішке кіргенде еденде жатқан қарт әйелді көріп, сыртқа алып шығады. Зардап шегуші бірден дәрігерлерге тапсырылған. Қазіргі уақытта өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, – деп хабарлайды ТЖД-нің баспасөз қызметінен.
Сәрсен Қабылым