ТОП

ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒАТЫНДАРДЫ ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРАДЫ

Биылдан бастап Қазақстанда зейнет жасына тақаған жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту үшін “Күміс жас” арнайы жобасы жүзеге асырылып жатыр. Біздің облыста бүгінгі күні зейнеталды жастағы он жұмыссыз адам осы бағдарламаға қатысып, ай сайын 91 мың теңге еңбекақы алып отыр.

Бағдарламаға аудан, ауыл, қалалардағы зейнеткерлікке шығуына екі жыл қалған кез-келген зейнеталды жастағы азаматтар қатыса алады. Ол үшін жұмыссыздар жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарына барып, келісімшарт жасасуы  керек. Жұмыс берушінің зейнеталды жастағы жұмыссызды алуына ешқандай кедергі жоқ, жұмыс берушіде бос жұмыс орындарының болуы шарт емес, жұмыс орны штаттан тыс құрылады. Жұмыс беруші оған жалақы да төлемейді. Жұмыссызға төленетін 91 мың теңге қаражат субсидияланатын  еңбекақы түрінде мемлекет тарапынан төленеді. Жұмыс беруші осы еңбекақының үстіне өз тарапынан қосымша төлеймін десе өз еркі.

-Биылдан бастап зейнеталды жастағы жұмыссыздардың, яғни, зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған жұмыссыздардың жұмысқа тұруына үлкен жағдай жасалып отыр. Бағдарламаны қаржыландыру шілде айынан басталды. Биыл  біздің облыста  зейнеталды жастағы 287 жұмыссыздың жұмысқа тұруына  мүмкіндік бар. Қазір бағдарламаға  10 адам қатысып, еңбекақы алып, жұмыс істеп жатыр. Бағдарламаға зейнеткерлікке шығуына екі жыл қалған адамдар ғана қатыса алады. Егер одан үш немесе бес айға кем болса қатыса алмайды. Осы жайттерді шешіп, жұмыссыздардың жұмысқа тұруына мүмкіндік беру үшін Еңбек  министрлігіне аталған бағдарлама ережелеріне түзетулер енгізу туралы ұсыныстар жолдадық, қыркүйекте түзетулер енгізіледі деп күтіліп отыр, – дейді  облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазинов.

Жанаргүл Мұқатай

 

Осы айдарда

Back to top button