Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, зейнетке ерте шығуға немесе өмір бойы зейнетақы алуға болады.
– Зейнетақы қорындағы біз жинап жатқан қаражат 63 жастан 82 жасқа дейін ғана төленеді. Зейнетақы қорында жинаған ақшаңыз белгіленген шекке жетсе, онда өмірлік сақтандыру қорына аударып, өмір бақи зейнетақы алуға келісімшарт жасауға болады.
Егер сіздің жасыңыз шамамен 50 жастың төңірегінде болса, зейнетақы қорындағы қаражатты шешіп алуға асықпаңыз. Оданда зейнетақы аннуитетін рәсімдеп алыңыз. Бұл келісімшартты 45 жастан бастап рәсімдеуге болады. Келісімшарт аясында ер азаматтар үшін 55 жастан, ал әйел азаматтар үшін 51 жарым жастан зейнетке шығу мүмкіндігі бар.
2021 жылдан бастап зейнетақы аннуитетінің шегі төмендеді. 2020 жылы зейнетақы аннуитетінің шегі ер азаматтар үшін 11,3 миллион теңге, ал әйел азаматтар үшін 15,5 миллион теңге болған. Биыл ер азаматтар үшін 6,7 миллион теңге, ал әйел азаматтар үшін 9 миллион теңге жинаса жетеді.
Қазір зейнетақы қорындағы қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алу мүмкіндігі бар. Көптеген адам осы қаражатқа тұрғын үй алуды ойлап жүр. Алайда үй бағасы қымбаттап жатқан кезде, бұл қаншалықты тиімді шешім? Оданда тамаша мүмкіндік бар кезде, сол қаражатты зейнетақы аннуитетінің шегіне дейін жеткізіп, ертерек зейнетке шығу мүмкіндігін неге пайдаланбасқа? – деді маман.
Әзірлеген – Тасқын Болатұлы