Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет кепілдік береді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстағы филиалы зейнетақы жүйесіне қатысты мәселелердің бүгінгі жай-күйін салымшыларға түсіндіріп, халыққа насихаттауды жалғастыруда. Салымшылардың зейнетақы жинақтары қалай жұмыс істейді? Зейнетақы жинағының сақталуына кепілдік бар ма? Осы сауалдар Өскемендегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалында өткен «Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» тақырыбындағы ашық есік күнінде талқыланды.
Аталған іс-шараға қатысқан қала тұрғындары зейнетақы жинақтарының қалай жиналып, түрлі қаржы құралдарына инвестиция түрінде қалай сылынатындығы жөнінде хабардар болды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры облыстық филиалының басшысы Дариға Дайырованың айтуынша, инвестициялаудан түсетін табыстың инфляция деңгейінен жоғары немесе төмен болуы мүмкін екеніне орай, нақты жинақ пен салынған жарна сомасы арасында айырма сомасы пайда болады. Бұл айырма алушыларға зейнетақы төлемдерін алуға құқық берілген кезде төленеді. Мемлекет кепілдігі бойынша төлемге құқықтың кімге берілетіні, сондай-ақ төлемді алу үшін қайда бару керектігі туралы қор қызметкерлері толық айтып берді.
Ашық есік күні барысында «Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» бейнеролигі көрсетіліп, онда зейнетақы жинақтарының сақталуы мен табысына қатысты толық ақпарат таратылды.
Іс-шараға қатысушыларға өздерін қызықтыратын барлық сауалдар қойып жеке кеңес алу мүмкіндігі берілді.
Өскемен қаласының тұрғыны Асқар Масақов: «Мен әскери қызметте істеген адаммын. Зейнеткерлікке шыққаныма үш жыл болды. Зейнетақы қорында 800 мыңнан астам жинағым бар. Оны қашан ала аламын?» деген сауал қойды. Облыстық филиал басшысы Дариға Дайырованың айтуынша, мұндай жағдайда зейнеткер жинақ ақшасын 63 жасқа толғанда бірақ алады. Бұл жинақ ол уақытқа дейін инвестициялық табыспен бірге 1,5-2 миллионға дейін жетуі мүмкін. Осы сома бірнеше айға бөлініп, кесте бойынша төленетін болады.
Инфляция ескеріледі
Зейнетақы қорының облыстық филиалының қызметкерлері елімізде зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдіктің бірегей жүйесі жұмыс істейтінін атап көрсетті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін Ұлттық банк сенімгерлікпен басқарады. Мемлекет нақты салынған міндетті зейнетақы жарналарын зейнетке шыққан сәттегі инфляция деңгейін ескеріп сақтауға кепілдік береді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 5-бабына сәйкес алушыларға мемлекет зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын зейнетақы төлемдеріне құқық берілген сәттегі инфляция деңгейін ескеріп, нақты салынған зейнетақы жарналары мөлшерінде сақтауға кепілдік береді. Басқаша айтқанда, адам зейнетке шыққан кезде оның жеке зейнетақы шотындағы табыстылықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіндегі инфляция деңгейіне қатынасы есептеледі. Егер зейнетақы жинақтарының табыстылығы инфляция деңгейінен төмен болатын болса, мемлекет бұл айырмашылықты өтейді.
«Бұл қаржы нарығында жағдайдың қалай өрбитініне және инвестициялық табыстың қандай болатынына қарамастан, салымшылардың жинақтары сенімді түрде қорғалады деген сөз. Зейнетақы активтерін сақтау кепілдігі барлық жинақтың зейнетақы қорында шоғырландырылуы арқылы да қамтамасыз етіледі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының акционері – Үкімет, ал сенімді басқарушы – Ұлттық банк», – деп түсіндірді Дариға Дайырова.
Қазақстан – зейнетке шығу сәтіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беретін жалғыз мемлекет. Мәселен, салыстыру үшін айтар болсақ, Чехия, Жапония, Словакияда жарналардың номиналдық құнына немесе нөлдік инвестициялық табыстылыққа кепілдік береді. Германияда зейнетақы қорлары зейнетке шығу күніне қарсы 2,25 % мөлшеріндегі табыстылық мөлшерлемесіне кепілдік береді. Ал Венгрияда зейнетақы қорлары инвестицияның табыстылығы мемлекеттік облигациялар табыстылығынан кем дегенде 15%-дан төмен болмайтынына кепілдік береді. Ал Австралия, Швеция, Эстония, Израиль, Мексика, Норвегия елдерінде кепілдік мүлдем жоқ.

Сақтандыру ұйымы арқылы алуға болады
Шолпан Қаһарманқызы, қала тұрғыны:
– Баламның оқуына төлеу үшін зейнетақы қорындағы жинағымды зейнеткерлік жасқа жетпей алуға бола ма?
– Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес зейнетақы жинақтарын зейнеткерлік жасқа жетпей пайдалануға болмайды. Өйткені міндетті зейнетақы жарналарын аударудағы басты стратегиялық мақсат – зейнеткерлікке шыққан салымшының тіршілік қажеттілігін қамтамасыз ету. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу мәселесі әртүрлі деңгейде бұған дейін талай рет талқыланған. Мысалы, кейбір елдерде «артығымен жинақталған» зейнетақы жинақтарын (зейнеткерлікке шыққан кезде өмір сүруге жеткілікті ең төмен зейнетақы жинағы мөлшерінен артық сома) емделуге, білім алуға және басқа да мақсаттарға жұмсау көзделген. Бірақ Қазақстанда қазіргі күні заңнамалық деңгейде бұл бастамалар жүзеге асырылған жоқ.
Зейнеткерлік жасқа дейін сіз өзіңіздің зейнетақы жинақтарыңызды зейнетақы шотыңыздағы қаражатыңыз ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болған кезде, сақтандыру ұйымдарының бірімен зейнетақы аннуитетi шартын жасасу арқылы ала аласыз.
Зейнетақы жинақтарының нақты жеткілікті мөлшері сақтандыру ұйымдарымен жасалатын зейнетақы аннуитеті шарттарымен белгіленеді. Әрбір сақтандыру ұйымы зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін қажет болатын зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерін дербес есептейді. Дегенмен, зейнетақы аннуитеті шарты негізінде салымшылардың зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аудару тәжірибесіне сүйеніп айтар болсақ, зейнетақы жинақтарының сомасы 55 жастағы ерлер үшін шамамен 7 миллион теңге, ал 50 жастағы әйелдер үшін шамамен 9,8 миллион теңгені құрайды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ашық есік күнін тұрақты түрде өткізіп келеді. Бүгінгі шараға қатысушыларға қордың стандарт қызметтерінің топтамасы ұсынылып қана қоймай, олар зейнетақы жүйесі және қордың жалпы жұмысы жайында өздерін қызықтыратын сауалдарға жауап алды.
– Мен жаңа әрі пайдалы көп ақпарат алдым. Келешекте де осындай кездесулер жиі өткізіп тұрғаны дұрыс. Зейнетақы мәселесі баршамызға қатысты. Сондықтан біз зейнетке шыққанда болатын өзгерістер, жаңалықтар туралы біле жүруіміз керек. Ең бастысы, жинағымыз түгел, – деді іс-шараға қатысушы Сағила Мұзапарқызы.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының ресми сайтында «Басқарма төрайымының блогы» жаңа қызметі іске қосылған. Кез келген ниет білдіруші азамат аталған блог арқылы Қордың бірінші басшысына еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен зейнетақы қорының қызметі жайында тікелей сұрақ қоя алады.
Айжанат Бақытқызы