Қоғам

Зейнетақы қызметтері заманауи деңгейде

Зейнетақы қызметтері заманауи деңгейде


Сырттай қараған адамға зейнетақы қоры қызметкерлерінің жұмысы оңай сияқты көрінеді. Алайда мұның қате пікір екендігін «БЖЗҚ» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының бір күндік жұмысымен танысу барысында білдік. Филиалдың операциялық бөліміне күніне 200-ге жуық адам келеді. Ал оларға сапалы қызмет көрсету үшін біліктілік, жауапкершілік және еңбекқорлық керек екені сөзсіз.

Өскемендегі Жеңіс даңғылында орналасқан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалының жұмыс күні әдеттегідей 5-10 минуттық лездемеден басталады. Білікті мамандар бүгінгі күннің жоспарымен танысып, басшылықтан нұсқау алып, тарқасты. Операциялық залдың жұмысы таңғы сағат 08.00-де басталып, кешкі сағат 19.00-да аяқталады.

Операциялық бөлімнің бөлімше бастығы Анар Имамиеваның айтуынша тұрғындар күн сайын Қор кеңсесіне әртүрлі мәселелер бойынша келеді. Атап айтар болсақ, ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы шотын ашу, шоттың бар болуы жайында анықтама, шоттан үзінді көшірме және зейнетақы шартының көшірме нұсқасын алу, сонымен қатар жеке деректемелерге өзгерістер енгізу. Солардың ішінде шетелге тұрақты тұруға кетуге байланысты зейнетақы жинақтарын алу бүгінде маңызды мәселелердің бірі.

Мұрагерлер мүдделері толық сақталады

Талон бойынша күту залында кезегін күтіп отырған салымшы Бақытгүл Қинаятқызы мұрагерлік құқығы бойынша зейнетақы жинақтарын қалай алуға болатындығын білуге келіпті.

– Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, Қор қажет болса оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Биыл бұл сома 132 310 теңгені құрайды. Егер бұл төлемнен кейін шотта қалған ақша осы жылға белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен, яғни 36 108 теңгеден аспайтын болса, онда қалдық ақша жерлеуге арналған төлемге қосылады. Жерлеуге арналған төлемге 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы салынады. Ал мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Азаматтық кодексте көрсетілген. Шотта қалған жинақтарды алу үшін Мұрагерлік құқығы туралы куәлік қажет. Оны алу үшін мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты айдың ішінде нотариусқа өтініш беруі тиіс. Егер мұрагер мұра қабылдау мерзімін өткізіп алған болса, онда сотқа жүгінуіне тура келеді. Мұрагер Қор кеңсесіне өзі жүгінгенде мынадай құжаттар тапсырады: арнайы толтырылған өтініш, мұрагердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы, зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі, Мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі және банк шоты туралы мәліметтер. Бұдан басқа құжаттарды Қорға сенім білдірілген тұлға немесе пошта арқылы жіберуге болады. Қажетті құжаттардың тізімі Қор сайтының «Алушыларға» деп аталатын бөлімінде көрсетілген. Құжаттар қабылданған соң, жинақтар 10 жұмыс күні ішінде төленеді.

Айта кетелік, таяуда «Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесі арасында байланыс орнатылды. Соған сәйкес енді нотариустар мен шетелдік консулдық мекемелер (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша қайтыс болған азаматтардың Қорда зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға сауал жолдап, жауап ала алады. Бұл әрине мұрагерлердің уақытын үнемдейді және қағазбастылықты азайтады.

«Мобильдік агент» қызметі

Қор филиалының Барып қызмет көрсету бөлімі «Мобильдік агент» жобасы аясында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бұл жобаны іске асырудағы мақсат – халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету. Яғни, бірінші кезекте денсаулығына байланысты Қор кеңсесіне келе алмайтындарға Қор қызметкерлері өздері барып қызмет көрсетеді, ақыл-кеңес береді. Бұған қоса бөлім мамандары тұрақты түрде жергілікті мектептер мен университеттерге, ұйымдар мен кәсіпорындарға барып таныстырылымдық шаралар жүргізіп отырады. Онда ұжым мүшелерінің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, БЖЗҚ туралы, заңнамаға енген өзгерістер жайында кеңінен ақпарат береді. Зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірме беру, деректемелерді, шот бойынша ақпарат алу тәсілін өзгерту секілді операцияларды жүзеге асырады. Сәйкесінше мамандар құжаттарды сканерлеп, үзінді-көшірмені басып шығаратын принтер, ноутбук, USB-модем секілді қажетті құралдармен жабдықталған.

Болашақ зейнетақым жоғары болсын десеңіз…

Өкінішке қарай бүгінде жалақыны конвертпен алып жүргендер аз емес. Солардың бірі – құрылыс саласында еңбек етіп жүрген Саятжан Бектеміров. Айтуынша жанындағы құрылысшылардың басым бөлігі жалақысын осы әдіспен алады екен. Бірақ ипотекалық несие рәсімдеуде зейнетақы жинағының болмауы кедергі келтіргендіктен зейнетақы шотын ашып, соңғы төрт айдан бері жарна аударып жүр. Бүгін Қор кеңсесіне жұмыс берушісінің жарналарды қалай аударып жатқандығын тексеруге келіпті.

Зейнетақы қызметтері заманауи деңгейде

– Жұмыс берушілердің ығына жығылып, жалақыны конвертпен алу дұрыс емес. Соның салдарынан болашақта Қордан алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшері аз болады. Ал келешекте Қор төлемдерінің маңызы арта түседі. Ол біртіндеп мемлекеттен төленетін ортақ зейнетақының орнын басады. Сондықтан жарналардың Қорға аударылуын осылайша қадағалап отырған абзал. Ал шотыңыздың жай-күйін білудің бірнеше тәсілі бар, – деді оған Анар Махмұтқызы.
Оның айтуынша бүгінде зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді көшірмені: Қор кеңсесіне келу, жылына бір рет пошта байланысы немесе үш ай, алты ай немесе жыл сайын электрондық пошта және қалаған уақытыңызда интернет байланысы арқылы алуға болады. Әрине, соңғысы өте ыңғайлы. Бұл әдіс қазір кеңінен қолданылуда. Егер шотыңыз бойынша үзінді көшірмені конвертпен алып келген болсаңыз, онда Қор кеңсесіне келіп, қосымша келісімге қол қоясыз. Сөйтіп, ұялы телефоныңызға «ENPF» ұялы қосымшасын жүктейсіз. Кейін логин мен құпия сөзді қолдана отырып, кез келген жерде, кез келген уақытта Қор сайты немесе ұялы телефоныңыздағы қосымша арқылы шотыңыздың жай-күйін біле аласыз. Егер электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса тіпті жақсы, Қорға келмей-ақ, оның сайты арқылы шотыңыздың жай-күйін білесіз немесе шотыңыз бойынша ақпарат алу тәсілін өзгерте аласыз.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының оң нәтижесін осы мекемедегі жаңа технологиялардың жұмысынан байқауға болады. Осында орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы арқылы зейнетақы шоттарының бар-жоғы туралы анықтама алу, жеке деректемелерді өзгерту, зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алу және зейнетақы шартының көшірме нұсқасын алу секілді қызметтерді жеке сәйкестендіру нөмірі мен құпия сөз және жеке куәліктегі электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен әп-сәтте алуға болады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button