Зейнетақы шоты авоматты түрде ашылады

Өскемендегі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалында «Зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер» тақырыбында ашық есік күні өтті. Биылғы жаңалықтардың бірі – жеке зейнетақы шоттарының автоматты түрде ашылуы.
Бұдан былай жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу үшін Қорға жүгінудің қажеті жоқ. Алғашқы жарна түскен кезде шот автоматты түрде ашылатын болды.
Филиал басшысы Мамыралы Мәмбетовтің айтуынша, қордың жылжымалы кеңсе қызметкерлері өздігімен кеңсеге келе алмайтын, онлайн қызметті пайдалана алмайтын мүмкіндігі шектеулі салымшылардың үйлеріне барып, қажетті ақпаратты береді. Сонымен қатар мектептер мен университеттерге, «Казцинк», «Үлбі металлургия зауыты», Жылу электр орталықтары секілді кәсіпорындар мен «Өскемен-Су арнасы» сияқты бюджеттік мекемелерге, өздері шақырған ұжымдарға барып, зейнетақы қорының жұмысы жайлы ақпарат беріп отырады. Салымшылармен кездесу барысында толғандырған сұрақтарға жауап беріп, ерікті зейнетақы шартын жасауға, жинақ шоты жайлы мәлімет беру әдісін ауыстыруға өтініштер қабылдайды. Салымшыларға электронды қызмет түрлерінің қыр-сырын үйретіп, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер жайлы уақытында хабардар етіп жүрген көшпелі қызмет көрсету бөлімінің бас мамандары Әлия Көбенова мен Анна Сагдееваның еңбегін ерекше атап өтуге болады.
– Мүмкіндігі шектеулі жандар зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер жайлы көп білмеуі мүмкін. Мәселен, мүгедектігі мерзімсіз деп белгіленген I және II топтағы мүгедек жандар шотындағы қаражатын толық ала алады. Сол жайлы да түсіндіріп, оларға қандай құжаттар қажеттігін айтамыз, – дейді көшпелі кеңсенің бас маманы Әлия Көбенова.
Салымшыларға қызмет көрсететін операциялық залдың басшысы Анар Имамиеваның айтуынша, зейнетақы шотындағы жинақ қаражатын толық алуға құқылы санаттың бірі – шетелге тұрақты тұруға кеткен салымшылар. Оларға жинақталған зейнетақы төлемдері Қазақстан азаматтығынан шығып, шетел азаматтығын алған жағдайда, мемлекет алдында төленбеген салығы, алимент сияқты қарыздарының бар-жоғы тексеріліп барып бірақ төленеді.
Былтырғы қыркүйектен бастап зейнетақы тағайындауға қатысты барлық өтініштерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары қабылдайды. Қазір зейнеткерлер базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақыны тағайындату үшін бұрынғыдай үш мекемеге бармай, халыққа қызмет көрсету орталығына бір өтініш қана береді. Өтініш берген күннен бастап күнтізбелік он күннің ішінде зейнеткер алғашқы зейнетақысын алады.
Бүгінде облыстағы «Қазақтелеком» мекемесі үздік қызметкерлерінің атына ерікті шот ашып, ай сайынғы он пайыздан бөлек ерікті шотқа арнайы жарна аударып отыр. Ерікті жарна озат қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында бонус ретінде мекеме тарапынан төленеді.
Филиал басшысы айтып өткендей, егер сіз қазір 100 мың теңгені ерікті зейнетақы шотына жиырма жылға инвестициялайтын болсаңыз, осы кезең ішінде орташа табыс жылына 11 пайыз болады. Ал инвестициялау мерзімін тағы бір он жылға ұзартсаңыз, салған ақшаңыз екі есе өсіп, 761 мың теңгеге көбейеді. Бұл болашақта алатын зейнетақының өсуіне септігін тигізеді.
Салымшы ерікті жинақты пошта немесе екінші деңгейлі банктер арқылы салып отырады. Осыған орай қазір банктер ақшаны электронды түрде аударуға мүмкіндік беретін арнайы қызмет түрін енгізуді жоспарлап отыр. Депозит сияқты пайызы күнделікті жүріп отыратын ерікті зейнетақы шотындағы бұл соманы салымшы 50 жасқа толған кезде толығымен немесе бөліп алуына болады.
Тағы бір атап өтетін жайт, зиянды өндірісте жұмыс істейтін еңбеккерлерге сол мекеменің есебінен жалақысының он пайызы мөлшерінде кәсіптік міндетті жарна аударылуы тиіс. Бұл жинақтың сақталуына да мемлекет кепілдік береді. Салымшы зейнетке шыққанда міндетті және міндетті кәсіптік жарнадан жинақталған екі сома қосылып төленеді.
Айжанат Бақытқызы