Қоғам

Зейнетақы мөлшері қалай есептеледі?

Зейнетақы мөлшері қалай есептеледі?


Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы жыл сайын алты айға артып отырады. Осылайша біртіндеп жас қосу 2027 жылға дейін созылады да, әйелдердің зейнет жасы 63-ке жеткенде тоқтайды. Бүгінгі мақаламызда біз зейнетақы көлемі қалай есептелетінін мамандармен бірлесіп талдап көреміз.

Биыл 2000 әйел зейнетақысын рәсімдемеген

2017 жылы 58 жасында зейнеткерлікке шығуға тиіс 2000-нан астам шығысқазақстандық әйел әлі күнге құжаттарын өткізбеген.

– Бүгінгі күні 1959 жылы туған әйелдер 58 жасқа толып, зейнеткерлікке шығатын мезгілі келсе, олар зейнетақы тағайындау үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына құжаттарын өткізулері керек. Тіпті жұмыс өтілі толық болмаған күнде де, құжаттарын рәсімдегендері абзал. Ал егер әйел адам биыл құжаттарын әзірлемесе, 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін оның зейнет жасына алты ай қосылады, – деп түсіндірді Еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Марина Шаронова.

Зейнетақы мөлшері қалай есептеледі?

Департаменттің мәліметтері бойынша, биыл 58-ге толған 2000-нан астам әйел зейнетақыларын әлі рәсімдемеген. Олар өздерінің ақшаларын жоғалтып жатқанын түсінбейтін сияқты.

–Зейнетақы құжат ХҚКО-на тапсырылған күннен бастап тағайындалады, – дейді одан әрі Марина Шаронова, – Мысалы, ол кісінің жасы 2017 жылдың қаңтарында 58-ге толып, бірақ құжаттарын осы жылдың қарашасында өткізді делік. Сонда ол зейнеткерге жоғалтқан айларының ақшасы төленбейді.
Марина Шаронованың сөзіне қарағанда, әйел адамның еңбек өтіліне оның баламен отырған жылдары да кіреді екен. Әр балаға үш жылдан есептеліп, бірақ барлық жиынтығы 12 жылдан аспауы қажет. Сонымен қатар 1998 жылға дейін мүгедек баланы он алты жасына дейін күтсе, бұл аралық та еңбек өтіліне саналады. Басшының орынбасары жыл аяғына дейінгі екі айда зейнет жасына іліккен әйелдердің құжаттарын тезірек тапсыруларын өтінді.

Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептеу орталығында (бұрынғы зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығы) құжаттарын рәсімдемеген әйелдердің тізімі жасалып, олардың әрқайсысына қажетті құжаттардың тізімі мен ХҚКО-ның мекенжайлары жазылған ескерту қағаздары жіберілген.

– ХҚКО құжаттарды зейнет жасына он күн қалған күннен бастап қабылдай береді. Алайда болашақ зейнеткер қағаздарын реттеуді ертерек бастағаны дұрыс. Біздің департамент те, ХҚКО кез келген уақытта кеңес беруге әзір, – деп толықтырды Марина Шаронова.

Зейнетақы мөлшері қалай есептеледі?

Енді зейнетақы мөлшерін қадам-қадаммен есептеп көрейік. Бізге Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің зейнетақымен қамсыздандыру бөлімінің басшысы Жанна Самұратова көмектеседі.

Қазақстанда «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес бүгінгі күні әйелдерге 58 жаста, ерлерге 63 жаста зейнетақы тағайындалады. Толық зейнетақы тағайындалуы үшін 1998 жылға дейін әйелдерде 20 жыл, ерлерде 25 жыл еңбек өтілі болу керек. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін анықтау үшін 1995 жылдың 1 қаңтарынан, жұмыста болған үзілістерге қарамастан, зейнет жасына жеткенге дейінгі кез келген қатарынан үш жылдағы табыс негізге алынады. Ескеретін жайт, 1998 жылдан бастап бізде зейнетақы жинақтау жүйесі енгізілгені белгілі. Яғни, әрбір азамат жалақысының 10 пайызын міндетті түрде жинақтау қорына аударып отырады. Осы жерде 1998 жылдан бастап, зейнетақы жарналары аударылған табыс қана негізге алынатынын ескеру қажет.

Орташа айлық кіріс үш жылдағы табыс көлемін 36 айға бөлу арқылы есептеледі. Зейнетақы тағайындау үшін есепке алынатын табыс 46 айлық есептік көрсеткіштен ( 2 266* 46= 104 347 теңге) аспауы тиіс. Зейнетақының негізгі бөлігіне орташа айлық кірістің 60 пайызы алынады. Мысалы, бүгін зейнеткерлікке1954 жылы туған ерлер мен 1959 жылғы әйелдер шығып жатыр. Еңбек өтілі әйел үшін толық 20 жыл, ерлер үшін 25 жыл болса, орташа айлық кірістің 60 пайызы алынады. Егер де еңбек өтілі бұдан асып кетсе, әр жылға бір пайыз қосылып отырады. Бірақ ол 75 пайыздан аспау керек. Сонда әйелдер үшін ең жоғары еңбек өтілі 35 жыл, ерлер үшін 40 жыл болады. Былайша айтсақ, әйел адам 1998 жылға дейін 25 жыл жұмыс істеді делік. Онда оның кірісінің 65 пайызы есепке алынады, яғни 20 жылдан артық әрбір жылға 1 пайыз қосылды.

Зейнетақы мөлшері қалай есептеледі?

Бірінші мысал. Табысы туралы анықтама бойынша әйел адамның үш жылдағы орташа айлық кірісі 100 мың теңге болды делік. Оның 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі 16 жыл.

Алдымен жылын айға айырбастаймыз:

1)16*12=192 ай;
2) оны 100 мың теңге табысына көбейтеміз: 192*100 000= 19 200 000 теңге;
3) шыққан соманың 60 % анықтаймыз. 11 520 000 теңге болады;
4) енді осы соманы қажетті еңбек өтіліне – 20 жылға бөлеміз, яғни 240 айға, 11 520 000 /240= 48000 мың теңге;
5) Бұл – зейнетақының негізгі бөлігі. Оған 14 466 теңге базалық зейнетақы төлемі қосылады: 48 000+14 466 = 62 466 теңге тағайындалады.

Екінші мысал. Әйел адамда еңбек өтілі болған делік, 16 жыл, бірақ ай сайынғы кірісі расталмаған. ( табысы туралы анықтама жоқ)

1)16*12= 192 ай;
2) 192*31 245 теңге (ең төменгі зейнетақы) = 5 999 040 теңге;
3) 5 999 040 / 240 ай = 24 996 теңге шығады.
4) 24 996+14 466 (базалық зейнетақы) = 39 462 теңге.

Егер еңбек өтілі толық 20 жыл болса, онда айға шақпаймыз, кірістің 60 пайызын ала саламыз. Оған 14 466 теңге базалық зейнетақы қосылады.

Әйел адамның еңбек өтілі 25 жыл болса, ол 5 жыл артық істеді, демек орташа айлық кірістің 65 пайызы негізгі зейнетақы болып саналады. Неғұрлым еңбек өтілі көп болса, зейнетақы да соғұрлым жоғары.

Үшінші мысал. Ер адамда еңбек өтілі 16 жыл ғана, орташа айлық кірісі 100 мың теңге.
Бұл жерде де дәл жоғарыдағыдай есептеледі. Тек 300 айға бөлінеді. Өйткені ерлердің еңбек өтілі 25 жыл болуы керек.

1) 25*12=300 ай.
2) 16*12*100000*60% =11 520 000 теңге
3) 11 520 000/300 ай = 38 400 теңге
4) Сонда 38 400 (негізгі)+14 466 (базалық)= 52 866теңге.

Егер 28 жыл істесе, ол 3 жыл артық істеп қойды, кірісінің 63 пайызы алынады: 63 000+14 466= 77 466 теңге шығады.

2018-2027 жылдар аралығында әйел адамдардың зейнет жасына жыл сайын 6 ай қосылып, біртіндеп 63 жасқа жетеді.

Мысалы, 1960 жылдың 1 қаңтарында туса, зейнеткерлікке 2018 жылдың 1 шілдесінде кетеді.

Егер әйел адам 1960 жылдың екінші жартысында туса, мысалы, 1960 жылдың 1 шілдесінде, оған тура бір жыл қосылады. Яғни 2019 жылдың 1 шілдесінде кетеді. Ары қарай 1,5 жыл, 2 жыл, 2,5 жыл деп, біртіндеп, 63 жасқа дейін жетеді. Осылайша 1965 жылы туған әйелдер зейнеткерлікке 63 жаста шығатын болады.

Тағы бір мысалды талдап көрейік. 1960 жылы 1 қаңтарда туған әйел зейнеткерлікке 2018 жылдың 1 шілдесінде шығады. Оған 20 жыл еңбек өтілі керек, ол мүмкін жұмысқа 18 жастан тұра алмады.

Еңбек өтілі 18 жыл, орташа айлық табысы 90 мың теңге делік. Жоғарыдағы тәсілмен есептесек, зейнетақының негізгі бөлігі 48 600 теңгеге тең. Бұл сомаға базалық зейнетақы қосылады. Базалық зейнетақы 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңаша есептеледі. Бұл кісіде 1998 жылға дейін 18 жыл еңбек өтілі бар, 1998 жылдан кейін тағы 20 жыл жұмыс істеді. Барлық еңбек өтілі 38 жылды құрайды. 2018 жылдың 1 шілдесіне еңбек өтілі 33 жылдан асып кетсе, базалық зейнетақы ең төменгі күн-көріс деңгейінің жүз пайызы көлемінде төленеді. Бұл бүгінгі күні 24 459 теңге, сонда 48 600+24 459 = 73 059 теңге болады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button